АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Төреғали – мүшәйра жеңімпазы

16998-6-t_re_ali_m_sh_ira_zhe__ruҚазақ хандығының 550 жылдығы аясында айтулы шаралар байтақ жұртымыздың түкпір-түкпірінде бар қадір-қасиетімен өткізілді. Әсіресе, Астана төрі мен Тараздағы мерекелерді айтсаңызшы!

 Астанадағы театр­ландырылған ғажайып қойылымның осынау Ұлы даланың ғалам мойын­даған перзенті Шыңғыс қағанның тұлпарын тулатқан алып бейнесі кө­рінісімен бастау алуында түйсінген жанға терең мән жатыр. Осылайша, екінші мыңжылдық адамының осынау қасиетті жерімізге тікелей қатысы бар екенін айнала паш еттік. Осынау өркенді желіске Қазақ хандығының 550 жылдығына және «Шыңғысхан» журналының 5 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы аталмыш басылыммен бірлесіп жариялаған «Шыңғыс қаған шындығы» атты жабық бәйгеде елеулі үлес қосты деп есептейміз!

Жақында осы жабық бәйге Алматы қаласында қорытындыланып, жүлдегерлерді салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Келелі жиынды «Жетісу» газетінің бас редакторы, Мәдениет қайраткері, белгілі ақын, танымал журналист Әміре Әрін ашып, мұндай бәйгені дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіп тұру жоспарланғанын жеткізді. «Шыңғысхан» журналы құрылтайшыларының бірі, Қаратал, Ақсу аудандарында бірінші хатшы болып құрметті зейнетке шыққан Наурыз Қылышбаев ұлы қағанның түр­кілік болмысына тоқталды. 
Осы бәйге нәтижесінде Шыңғыс қағанның шынар шыңына бой түзе­ген әдеби және зерттеу шығармалары дүниеге келіпті. Бәйгенің шартта­ры­на сәйкес поэзия (70-тей өлең, дастан) және зерттеу жанрлары (30-дай зерт­теу еңбегі) бойынша лақап атпен 100-ге жуық шығарма тіркелген. Сонымен, поэзия бойынша бірінші жүлде Жәркен Бөдешке бұйырды. Екінші жүлде Серік Ақсұңқарұлы және талантты әріптесіміз, «Айқын» га­зетінің тілшісі Төреғали Тәшеновке бұйырса, үшінші жүлдені Қуандық Шолақ, Гүлбақыт Қасенова, Ғалым Қалибекұлы иеленді. Ынталандыру сыйлығын Саят Қамшыгер, Хамит Есаманов, Жомарт Игіман, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Асан Сұлтанғазыұлы алды. Ал зерттеу шығармалары бойынша бірінші орын Тілеуберді Әбенайұлына бұйырса, екінші орынды Балтабек Өмірияев иемденді. Үшінші орынды Ерден Жолшыбайұлы, ын­таландыру сыйлығын Алмас Нүсіп пен Гүлбаһрам Жебесін иемденді. 
Жүлдегерлерге сыйлықты Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай, жазушылар Марал Ысқақбай, Бексұлтан Нұржекеұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас ре­дакторы Жұмабай Шаштайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері, күйші-композитор Шәміл Әбілтай салтанатты түрде тапсырды. Жиын барысында Шәміл Әбілтай Әміре Әрінге арнаған өзінің «Шыңғысхан» күйін төгілдіре тартты. Тарихи-этнологиялық, әдеби-көркем «Шыңғыс­хан» журналының бес жылдық тойы «Мәңгілік елдің» мағыналы ғұ­мырымен жарасымды жалғасын таба бергей деп тілейміз.

Сейсен ӘМIРБЕКҰЛЫ

http://aikyn.kz/