Қазақстан – мұнайлы ел. Дүниежүзінің мықты инвесторларының Қазақстанды шырғалап шықпауының бір себебі осы. Алайда, қара алтынның үстінде отыр екенмін деп шикізатқа ғана тәуелді болу елді еркіндіктен айырады. Мұнай өңдеу зауыты – стратегиялық маңызы бар нысан, тәуелсіз мемлекеттің экономикалық қуаты, сыртқа абыройы, өркениетті елдермен терезесін тең ететін биіктік.
Биыл «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес ұйымы болып табылатын Шымкент мұнай өңдеу зауыты алғашқы өнім бере бастаған жылынан есептегенде 30 жылдық мерейтойына келіп жетті.
Шымкент мұнай өңдеу зауыты өзінің 30 жылдығында өндірістік өнімділік қуатына толық ауқымда жаңғырту жүргізіп отыр. Соның нәтижесінде мұнайды өңдеу тереңдігі 80 пайызға көбейетін, өнім шығару көлемі жылына 6 млн. тоннаға жететін, бензин өндіру көлемі 3 есеге артатын болады. Мұндай жағдайда барлық бензин Еуро-4 және Еуро-5 экологиялық сапа стандарттарына сәйкес келеді.
13 жыл жүргізілген құрылыс жұмыстары және Оңтүстік Қазақстандағы өңдеу қуаттары мен Батыс Сібірдегі мұнай өндіру нысандарын көліктік-технологиялық байланыстыру нәтижесінде ШМӨЗ-де алғашқы бензин 1985 жылдың басында алынды.
Бүгінгі таңда зауытқа шикізат Қызылорда облысының Құмкөл кен орнынан жеткізіледі. Ал, ресми түрде «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС немесе ПКОП деп аталатын ШМӨЗ шығарылатын өнімдер желісіне бензиннің барлық маркалары, дизель отыны және авиакеросин жатады.
Кәсіпорынның негізгі табысы екі қуатты акционерлердің халықаралық серіктестігі болып табылады. Бұлар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ «ҚМГ» өңдеу және маркетинг» АҚ еншілес компаниясы тұлғасында және «CNPC» корпорациясы (ҚХР).
Өндірістің ең жоғары қуатпен жұмыс істегеніне қарамастан 2010 жылы оның өніміне деген сұраныс арта түсті, нәтижесінде зауытты кезең-кезеңмен жаңғырту жоспарланды. Соның ішінде МИИДБ (мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы) шеңберінде табысты жұмыс істеп жатыр.
ПКОП жаңғырту жобасы 2 кезеңмен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде Кеден одағы техникалық регламентінің талаптарына сәйкес К4 және К5 (Еуро-4 және Еуро-5 ұқсастықтары) экологиялық сыныптағы мотор отынын шығаруды жоспарлауда. Осы мақсатта кәсіпорында қолданыстағы қондырғылар қайта құрастырылуда. Жаңа технологиялық қондырғылар салынуда: изомерлеу қондырғысы, өнімділік қуаты жылына 4000 тонна күкірт өндіру қондырғысы, дизель отынын гидротазалау қондырғысын қайта құрастыру жүргізіліп жатыр. Оларды пайдалануға енгізгеннен кейін зауыттың барлық өнімдері Еуро-4 және Еуро-5 стандарттарына сәйкестік таңбаларын алады.
Жаңғыртудың екінші кезеңі зауыттың өнім шығару көлемін жылына 6 млн. тоннаға дейін жеткізу және мұнай өңдеу тереңдігін 80 пайызға дейін көбейту үшін жасалынып отыр. Бұл кезеңде кәсіпорынның арсеналы «RFCC» каталитикалық крекинг, «Prime G+» бензинді гидротазалау, күкірт өндіру, сутекті тазалау және басқа қондырғылармен толықтырылады. Екінші кезең аяқталысымен зауытта жоғары октанды бензинді өндіру жылына 735 мың тоннадан 2 185 мың тоннаға, дизель отыны жылына 1346 мың тоннадан 1946 мың тоннаға, авиаотын жылына 280 мың тоннадан 425 мың тоннаға өседі. Жоғары октанды автобензиннің үлесі шығарылатын өнім пулында 100 пайыз құрайды.
Жобаларды аяқтау 2017 жылдың 4-ші тоқсанына жоспарланып отыр.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының 30 жылдығына байланысты бас корпуста келелі жиын өтті.
Жиынды «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің жаңғырту және даму жөніндегі вице-приезиденті Аслан Мыңбаев жүргізіп отырды. Энергетика министрлігінің вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев зауыттың алдағы мүмкіндіктері жайлы жақсы лебіз білдіріп, министрліктің мерейтой иесіне құттықтауын оқып берді. Мұнай өңдеу зауытының Қазақстандағы осы саладағы көшбасшылардың бірі болғандығын, бұл мақсатқа зауыт ұжымының бірлігі, жанқиярлық еңбегі арқылы жеткендігін айтып, Энергетика министрлігі атынан бірнеше азаматты марапаттады.
«ҚазМұнайГаз» өңдеу және маркетинг» АҚ бас директоры Данияр Тілесов зауыттың 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиналыста кәсіпорын ұжымын құттықтап, Еуро-4 және Еуро-5 стандарттары бойынша жоғары октанды бензин шығару жөнінде міндеттер сіздердің күн тәртіптеріңізде уақтылы орын алып отыр. Сондықтан сіздердің осы міндетті жүзеге асыратындықтарызға сенімдімін», деп айтты. Ол ардагерлерге, еңбек озаттарына, барлық қызметкерлерге, еліміздің экономикасы мен халқының игілігіне адал еңбек еткендері үшін алғысын білдірді. «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ, «ҚазМұнайГаз» өңдеу және маркетинг» АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ және «Kazenergy» АҚ атынан ерекше еңбегімен дараланған бірнеше азаматқа Құрмет грамотасын тапсырды.
Жиынды «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің бірінші вице-президенті Асқар Тұрысбеков қорытып, жаңғыртудан өткен зауыттың жаңа сапаға өтіп жатқандығы, серіктестіктер тарапынан жаңа келісімдерге қол қойылғандығын айтып, зауыт ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтады.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының тағы бір атап айтатын ерекшелігі, облыс халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға сүбелі үлес қосып келе жатқандығы.
«Ақиқат байлық – кеңпейілділік пен қайырымдылық» деген қағиданы ұстанған зауыт басшылығы қаладағы мықты мектеп санатындағы Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназияға ашылған сәттен бастап, нақты айтқанда, 24 жылдан бері тұрақты демеуші болып келеді. Бұл туралы мектеп-гимназияның директоры Қатира Қырғызбаева былай дейді: «Гимназияның материалдық базасының заман талабына сай жабдықталып, білім сапасын арттыруда зауыт қамқорлығының алар орны ерекше. Атап айтсақ, мектебімізде бастауыш сыныптарда бала санының артуына байланысты олардың жас ерекшелігіне сай парталармен, заманауи үлгідегі интерактивті тақталармен жабдықтауды үнемі жүзеге асырып келеді. Сонымен қатар, домбыра оркестрін толықтай жабдықтауы, хореография бөлмесін заманауи үлгіде жөндеуден өткізіп, қажетті құрал-жабдықтармен тұтастай қамтамасыз етуі, соңғы үлгідегі музыкалық аппаратурасына қол жеткізуге ықпал етуі зауыт ұжымының ел келешегіне жасап жатқан мейір-шапағатының бір парасы ғана дер едім».
Қаладағы №4 балалар үйі директорының орынбасары Мария Надирова да зауыт қамқорлығын қатты сезініп отырғандығын тілге тиік етті.
2006 жылы ШМӨЗ балалар үйіне үлкен спорт қалашығын салып берген. Екі қабатты ғимаратта спортзал, 320 орындық акт залы және кітапхана орналасқан. Балалар алаңын салып берген, компьютер сыныбы, лингофон кабинеті және интерактивті тақтамен қамтамасыз етіп, қазақ, орыс және ағылшын тілін тереңдетіп оқытуға қажет керек-жарақтармен қамтамасыз етіп келеді.
Жыл сайын үлкен өмірге жолдама алатын балалар үйінің түлектеріне қаржылай жәрдем береді. Бұл балалардың әкесі де, шешесі де мемлекет болғанымен аяғынан тұрып кетуге, үлкен өмірде орнын адаспай табуына аға-әпкелерінің аялы алақаны керек. Зауыт басшылығының әрекеттерінен осыны түсіндік. Балдырғандарға автобус та сыйлаған «Петро Қазақстан Ойл Продактс» ЖШС-нің басшылығы Елбасының тапсырмасын осылайша мүлтіксіз орындап келеді.
Шымкент мұнай өңдеу зауыты 2017 жылдан бастап Еуро-4 және Еуро-5 стандарттары бойынша бензин өнімдерін шығарудың алғышартарын жасап жатыр. Бұл дегеніңіз – жоғары сапа, Еуропа нарығындағы жаңа биіктік. Қазақстан зауыты 30 жылдығындағы жеткен жетістіктері осындай сатылардан тұрады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.