АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Жоғары білімсіз-ақ табысты маман болғандар[:]

[:kz]

Жоғары оқу орнын оқымай-ақ жетістікке жеткен адамдарды білесіз бе? Ортамызда сондай табысты адам көп. Baribar.kz өмірдегі миссиясын дипломсыз-ақ айқындаған іскер азаматтар туралы әңгімелейді.

Қыран Талапбек: Бәрі адамның өзіне байланысты

Қыран Талапбек – әлеуметтік желіде өзінің видеоконтентімен танылып жүрген жас режиссер. Өзінің айтуынша, ол ҰБТ-дан 125 балл жинап, бір емес, үш оқу орнының грантын жеңіп алған. Оның бірі Түркия еліндегі оқу орнының гранты болса, қалған екеуі еліміздегі университеттерде. Қыран Түркияны таңдап, сонда аттанады.

Қыран Талапбек. Фото: жеке мұрағатынан

“11-сыныпты бітіріп, Түркияға оқуға бардым. Режиссер мамандығы бойынша бір жыл сонда оқыдым да, оқуды тастап кеттім. Түркияда оқып, тәжірибе жинау барысында адам оқу бітіргенде керемет маман болып шықпайтынын, ол тек негізгі базаны алып шығатынын ұқтым. Мамандығыма қажетті негізгі білімді алған соң 4 жыл бойы уақыт жоғалтудан басқа ешқандай пайда таппасымды білдім де, оқуымды тастап кеттім”.

Түркиядағы оқуын тастап, елге келген соң жас режиссер Сүлеймен Демирел университетіне тапсырады. Қыранға бұл университет студент деп тіркелу үшін ғана керек болған.

“Жоғары оқу орнында оқу маған көп адаммен танысуға мүмкіндік берді. Университетті осы үшін оқуға қарсы емеспін. Бірақ мен бұл жолы да басқа амалды таңдадым. Университетте оқу жастардың жетілуіне көмектеседі. Сол үшін бір жыл болса да, талапкердің университет қабырғасын көргені дұрыс. “Жоғары оқу орнын оқудың қажеті жоқ” дейтін жандар болса, олардың бұл ойымен келіспес едім. Дегенмен бәрі адамның өзіне байланысты. Егер жоғары оқу орнында оқып жүрген азамат оқуын тастаған сәтте өзінің армандарына дипломсыз жететініне сенімді болса, оқымай-ақ көп нәрсеге жетуге болады. Оқушы кезінен бір саланың артынан еріп, сол саланы зерттеп, қаза берсе, ол болашақта оқымаса да, өз саласының маманына айналады. Мұндайда көмек берер әртүрлі курс, шеберлік сағаты толып жатыр. Жалпы кез келген өзін дамытушы тұлға бір саланы қолға алса, ол дипломы бар түлектерден әлдеқайда білімді, кәсіпқой болып шығады”.

Қоғамдық өмірдің барлық саласында жоғары білім алмай-ақ талантымен, еңбегімен, ғылым мен өндіріске енгізген жаңалығымен танылған адамдар бар. Қыран Талапбектің пікірінше, Стив Джобс, Билл Гейтс пен Марк Цукерберг сияқты танымал адамдар оқи алмағанынан емес, оқу орны беретін білімнен асып түсетінін білгендіктен оқуын тастап кеткен. Дегенмен Қыран қаржылай мүмкіндігі болмағандықтан және оқу үлгерімінің нашарлығынан жоғары білім алудан бас тартатындардың да бар екенін біледі.

“Өмір тосын сыйға толы. Оны оқуға түспей қалдым деп мұңаюмен өткізудің түк қажеті жоқ. Себебі бәрі ұмытылып кетеді. Мен жоғары оқу орнына түсіп, бірақ оқи алмағанынан бір жылға жетпей оқудан шығып қалып жатқан адамдарды білемін. Оқуға түсе алмай қалса да, сүйікті ісімен кәсіби түрде айналысып, өз арманын жүзеге асырып жүрген талай жасты да білемін. Олармен мақтанамын да. Өзім екі оқу орнын аяқтамай, кетіп қалғаныммен Америкаға бір жылдық оқуға барайын деп жүрмін. Шетелде өзіме қажетті білімді алатыныма сенімдімін”.

Қыран дипломсыз маман екеніне еш өкінбейді. Жас режиссердан әлі күнге дейін ешкім диплом талап етпеген. Есесіне, қабілетіне қарай еліміздің, одан қалса, әлем елдерінің ірі компаниялары жұмысқа шақырып жатады. Қыран болашақта дипломның мүлдем қажет болмайтынына сенімді.

Арман Тосқанбаев: Мектепте де сабаққа аса мән бермейтінмін

Жас кәсіпкер Арман Тосқанбаев та ешқандай жоғары оқу орнын бітірмеген. Алайда кәсіпкерлікте табысқа жетуге бұл әсте кедергі болмаған. Ол – OTAN сағат брендінің негізін қалаушы.

Арман Тосқанбаев. Фото: жеке мұрағатынан

11-сыныпты бітірген Арман ҰБТ-дан 51 балл жинауына байланысты ешқандай жоғары оқу орнына тегін түсе алмаған. Үмітін үзбеген ол тағы бір жылдан соң Ресейдің Томск қаласына оқуға тапсырады.

“Томск мемлекеттік университетіне оқуға тапсырып, грант ұтып алдым. Бұл қалаға Қарағандыдан 100 талапкер қуана-қуана оқуға аттандық. Ресейге оқуға тапсырған себебім – ондағы университетке төмен балмен грантқа түсу мүмкіндігі болды. Мамандығым – ұшу динамикасы. 1-курста төрт күн сабақта болып, қалған үш күнде компьютер техникаларын сату жөніндегі кеңесші болып жұмыс істедім. Жұмыстан бөлек, Томск зауыттарына ағаш сатып, өзіме тиесілі үстемемді алып, ақша тауып жүрдім”.

Арман өмірін физика ғылымымен еш байланыстыра алмаған. Сондықтан Томскідегі оқуын тастап, өзіне “Мен не нәрсені жақсы істей аламын?” деген сұрақ қойған. Тауар сатуға, кәсіппен айналысуға ебі бар екенін байқап, мазалаған сұрағына жауап табады. Қазақстанға келіп, алғашында компьютерлік техника дүкенін ашады. Осылайша кәсіпкерлік жолын бастап кетеді.

Дегенмен бұл кейіпкеріміз де жоғары білімнен бас тартуды насихаттамайды. Өз басында болған жағдайды қателігі деп санайды.

“Мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түспей қалған кезде аздап мұңаю болды. Алайда мен өзімнің не себепті оқуға түспегенімді білемін. Мектепте сабаққа аса мән бермейтінмін, сондықтан өзіме лайық ұпайды алдым деуіме болады. Сабақ оқудың орнына компьютер жабдықтарын сатумен айналысып жүрдім де, ақыры осы сауда саласына бет бұрдым. Студентік өмір – жастық шақтың ең ұмытылмас, қымбат кезі. Сондықтан жас талапкерлерге оқыңыздар деп айтқым келеді. Егер ешқандай жоғары оқу орнын бітірмесең, өмірің бірсыдырғы жұмыспен өте береді екен. Жастықтың бал дәмін, жатақхана өмірінің керемет сәттерін сезіну үшін оқу керек деп есептеймін”.

Ларион Лян: Білім – адамның өмірден алған тәжірибесі

ІС-group компаниясының негізін қалаушы, кәсіпкер Ларион Лян оқуға екі рет түсіп, бірнеше себептермен оны аяқтай алмаған. Оның алғашқысы Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық университет (қазіргі ҚазҰТУ) болса, екіншісі – Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университеті (Нархоз университеті).

“Бірінші рет Қ.Сәтбаев атындағы политехникалық университетте машина жасау мамандығы бойынша оқып жүргенімде мені оқудан шығарып жіберді. Содан екі жылдай сауда өкілі болып жұмыс істеп, сусындар саттым. Екінші рет Т.Рысқұлов атындағы қазақ экономикалық университетінің бухгалтерлік есеп мамандығына тапсырып көрдім. 1 жыл оқыған соң болашақ жарымды кездестіріп, оқудан шығып, жұмысқа кірісіп кеттім”.

Ларион мектепте сабақты өте жақсы оқымаған. Оқуға түсіп, шығып қалғанда еш мұңаймапты. Себебі мектеп жасынан бастап ата-анасынан да көп ақша тауып үйренгендіктен жоғары білім алудың қажеттілігін ойлауға әсте бас қатырмаған.

“Оқу орнын бітірмесем де, одан алған аз білімімді өмірде қолдана білдім, яғни алған кішкентай ғана білімімді ақшаға айналдыра алдым. Жастарға оқымаңдар демеймін. Керісінше, мен жоғары білімді болсам, қазіргі жетістігіме ертерек жетер едім деп ойлаймын. Себебі мектеп пен университет адамды тәртіпке үйретеді. Әр істі тәртіппен істеген дұрысырақ. Кез келген адам тәртіпке үйренуі керек, сонда ол қандай жұмыс болмасын өзінің тиянақтылығын көрсетеді. Мені тәртіпке өмірде жіберген қателерім үйретті. Таңертең ерте тұрмасам, маңызды келісімшарттан айырылып қаламын, тағы бір табыс көзін жоғалтамын”.

Ларион Лян. Фото: Жеке мұрағатынан

Лянның пікірінше, диплом білімнің көрсеткіші емес. Білім – адамның өмірден алған тәжірибесі, қиындықтарды шеше білу қабілеті.

“Адам өмірінде көп қиындыққа тап болады. Сондай сәттерде өмірге өкпе арта бергенше, өмірдің дәл осындай екеніне қуану керек. Өмірде шешілмейтін мәселе жоқ. Тығырықтан шығар жол үнемі табылады. Біз көрген қиындықтар бізді мықты әрі тәжірибелі адамға айналдырады. Сені өз ісіңмен айналысуға, жақсы өмір сүруге, өз-өзіңді дамытуға шақырамын. Құлау қорқынышты емес, ең қорқыныштысы – құлап қайта тұрмау. Сенің өз армандарыңды жүзеге асыруыңа мүмкіндігің бар. Ендеше, әрекет ет, арманыңа жет!”

Кейіпкерлеріміз жоғары білімге саналы түрде емес, өмірдің түрлі себебімен қол жеткізе алмаған. Олардың бәрі білікті маман болу үшін білім алудың қажет екенін мойындайды және жастарға оқу орнын жауапсыз тастап кетуді насихаттамайды. Дегенмен университет дипломын алу мүмкін болмаған жағдайда өмірден түңілмеуге, әрдайым ізденуге, тынбай еңбектенуге, арманға ұмтылуға кеңес береді. 

baribar.kz

[:]