[:kz]
Шымкентте кейбір ата-ана балаларын мектепке дайындау үшін екі ай бұрын қамданғанмен керек-жарақтарын әлі түгендеп үлгере алмаған. Олар мектеп формасы мен оқу құралдарының қымбаттағанын айтады.
Шымкенттегі арзан саналатын сауда орындарының бірі «Орталық қырғы базарына» балаларын жетектеп, мектепке қажетті заттарды іздеп жүрген ата-аналар көп.
«Арзанын таңдайық, ақша жеткізейік» деген сөздер құлаққа жиі шалынады.
«КИІМГЕ 100 МЫҢ ТЕҢГЕ ЖҰМСАДЫҚ»
Үш баласын жанына ертіп базар аралап жүрген Зүлфия Қосбұлақова әр баласының костюм-шалбары, ақ көйлегі мен аяқ киіміне, сөмкесі мен оқу-жазу құралдарына 20 мың теңгеден жұмсаймын деп жоспарлаған. Бірақ базардағы баға ойлағанынан қымбат болып шықты.
— Балаларымның үшеуі мектепте, бастауыш сыныптарда оқиды. Мектепке бармайтын бір балам бар. Үш баламды мектепке дайындау үшін артығымен 70 мың теңгені түйіп ұстап, алып келдік. Қазір бір-бірден ақ көйлек пен шалбарын 14 мың теңгеге сатып алдық. Енді арзандау сөмке іздеп жүрміз. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын баға қымбаттап жатыр. Ақ көйлекті 1500-2000 теңгеден аламыз деп есептеген едік. 2500 теңгеге алдық. Шалбар да ойлағанымыздан мың теңгеге қымбат шықты. Айлық аз, жеткізе алмаған соң тек барған кезде киетін бірсыпыра киімін сатып алдық. Әлі оқу-жазу құралдарын алуымыз керек. Спорт киімдерін келесі айлықта аламыз деп қалдырдық, — дейді ол.
40 жас шамасындағы Меруерт Жұмабекова да 9-сыныпқа баратын қызы мен 4-сыныпқа баратын ұлын мектепке дайындау үшін базарға келген. Ол да базардағы бағаның қымбаттағанын байқаған. Шымкент тұрғыны қызының көйлек-юбкасының өзіне 10 мың теңге жұмсаған. Ұлына бағасы арзандау жейде-шалбар іздегенімен табылмаған.
— Өткен жылы базарда сапасы орташа жейде екі-үш мың теңге болатын. Бүгін төрт мың теңгеге әрең таптық. Аз-аздан, үнемдеп алып жатырмыз. Қалғанын келесі айда аламыз. Қаладағы емханалардың бірінде жұмыс істеймін. Айлық жалақым – 35 мың теңге. Күйеуімнің күнделікті тапқан ақшасы тамағымыздан артылмайды. Енді, міне, 35 мың теңгені екі баланың киім-кешегі мен мектепке қажетті дәптер-қаламына жеткізе алмай отырмыз, — дейді ол.
[:]