АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Жігері жасымаған жігіт[:]

[:kz]

Ол өзінің әрбір минутын тиімді пайдаланады

Серік Есматов – «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, «Нұр Отан» партия­сының мүшесі, қоғам белсендісі. 13 жасында қайғылы жағдайға тап болып, қос аяғынан айырылады. Соған қарамастан ол басына түскен қиындықты еңсеріп, ары қарай  өмір сүруге деген құлшынысын, оптимистік көзқарасын жоғалтпайды.

20 жастағы жігіттің алға қойған жоспары жетерлік. Ол жастарға өмірі жайлы сыр шертіп, тренингтер мен семинарларда табысқа қол жеткізудің тәсілдері туралы айтады, мотивация береді.

– Серік, спортқа қалай келдің?

– Кішірек кезімнен Олимпиада жеңімпазы болуды армандайтынмын. Сөйтіп, өзімнің арман-мақсатыма жетудің барлық мүмкіндіктерін қарастырдым. Тоғыз жасымнан бастап жеңіл атлетика, жүзу, күрес, футбол, волейбол, баскетбол, велоспорт секілді әртүрлі спорт үйірмелеріне қатыстым. 13 жасыма дейін жақсы көрсеткіштер көрсете алдым.

 

Бокспен айналысып жүргенде клубымызға «Қазақфильм» өкілдері Бақтияр Артаев туралы деректі фильмнің басты рөлін сомдайтын кейіпкер іздеп келді. Бірнеше сағаттық іріктеуден соң мені басты рөлге алатын болып шешті. 2011 жылы қыркүйек айында фильмнің түсірілімі басталу керек болатын.

Бірақ 30-тамыз күні кезекті дайындықтан келе жатып, пойыз рельсінің астына түсіп, қайғылы жағдайға тап болдым. Өз өзіме келу үшін жарты жылға жуық уақыт қажет болды. Десе де, мұндай жағдайға душар болғаныма өкініш біл­дірмеуге тырысамын, себебі, бұл күн  мені және менің отбасымды жақсы жағына қарай өзгертті. 14 жасымда алғаш рет протезге қол жеткіздім. Алғашында өздігімнен жүруге тырыстым, бірақ қиын болды.  Кезіндегі спортпен айналысып жүрген  күндерімді еске алып, өзімді физикалық тұрғыдан жаттықтыра бастадым. Соның нәтижесінде протезбен жүруді үйрендім.

Оны үйренген соң, уақыт өте келе спортпен кәсіби деңгейде айналысуды жөн көрдім. Бірде волейболдан Қазақстан паралимпиа­да құрамасының өкілін кездестірдім. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубына мүше болуды ұсынды. Төрт айдан соң отырып волейбол ойнаудан Қазақстан паралимпиада жастар құрамасының мүшесі атандым.

2013 жылы жастардың Азия паралимпиада ойындарында қола медаль иелендік. Содан бері алдымда жаңа белес­тер ашылды деп айтуыма болады.

 

– Алға қойған мақсатың не?

 

– Бүгінгі күні мен өсіп келе жатқан жас буынның, өз қатарластарымның, 25-30 жасты енді еңсерген адамдардың көзқарасын жақсы жаққа өзгерту үшін өз үлесімді қосудамын. Сол мақсатта түрлі кештерде оратор ретінде сөз аламын.

 

Бұл өмірдегі басты мақсатым – ата-анама бақытты қарттық ғұмыр сыйлау. Арманым да жоқ емес. Соның бірі – өз аяғыммен теңіз жағалауында серуен құру. Тіпті сол күндерге арнап сүйретпе де сатып алып қойдым. Кім біледі, мүмкін арманым аяқ астынан орындалар күн туар. 

 

Өзімнің өткеніме қарап, мұның бәрі текке емес деп түсінемін. Болашақққа үлкен сеніммен қараймын. Дәп бір осындай өмірге дайындалған секіл­дімін.

 

Мен таңғы 6-да ұйқымнан оянамын. Уақытымның әрбір минуты санаулы. Күнімді таңғы жаттығудан бастаймын, одан соң күнделікті болатын кештерге, кездесулерге барамын. Мүмкіндігінше бәріне үлгеруге тырысамын. Сөйте тұра арасында кітап оқуға, ән жазуға, сурет салуға уақыт табамын. Мен өз өзіммен тынбай жұмыс жасаймын. Ал күнім фитнес залдағы кешкі жаттығумен аяқталады. 

 

– Әңгімеңе рахмет, саған сәттіліктер тілейміз.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ

zamana.kz

[:]