АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Семейде асфальт күн суығанда төселеді[:]

[:kz]

Семей шенеуніктерін «ала жаздай ән салған шегірткеге» ұқсатқымыз келмегенімен, қарашадағы қарекеттері Крыловтың мысалын ойға оралтып тұр. Мәселен, дәл қазір қарбалас тіршілік қайнап жататын орталық базардың тап қасындағы Засядько көшесінде асфальт төсеу жұмыстары қызу жүріп жатыр.

 

Қазір күн қабағын баққан жұртқа қар жауып кетпеуі қаншалықты маңызды болса, жол төсеушілер үшін де күннің суытпауы бірінші уайым. Дәл бүгін көптен бері енді ашылған күн көзін аңдығандай жол төсеушілер осы тұсқа лап қойыпты. Бірі қолына күрегін ұстап, бірі асфальт құйындысын лақтырып жанталасқан жұмысшыларға арнайы бұрылып, сөзге тартқанымызбен жөнді сөз айтқан ешкім болмады.

Бар білгеніміз – өздері жалдамалы жұмысшылар, бастықтар жоқ, асфальт құйындылары Семейдің «Гордострой» ЖШС-нен әкелініп жатыр.

Мәселенің мәнжайын анықтау мақсатында серіктестік басшысы, қалалық мәслихат депутаты Бауыржан Қайрамбаевқа хабарластық.

— Засядько көшесі «Гордостройдың» міндетінде емес. Қай мекеме, өндіріс орыны айналысып жатқанынан хабарым жоқ. Ал біз жаз кезінде Қабанбай батыр көшесі мен Уәлиханов көшесі аралығындағы Ұранхаев көшесінің бойын аяқтап тастағанбыз. Ал асфальт сапасы қалыпты. Әрине, қыста төсеуге болмайды. Бірақ, қазір ауа райының жайлы кезінде төсеп үлгеру керек, — дейді Б. Қайрамбаев.

Әрине, көше асфальттау – қала билігінің қалыпты міндеті. Алайда, бұл көшенің бойында асфальт төсеп жүргендердің ісі «ескіні жамағанның» әрекеті болатын. Яғни, жаз бойы кәріз жүйелерін, су құбырларын ауыстыру мақсатында орталық көшелер жаппай қазылып, асфальттарының тас-талқаны шыққанымен қоймай, көшедегі көлік қозғалысына да орасан зор кедергі келтіргені есімізде. Құбыр тартылып, жер беті тегістелген соң асфальт төсеу – ары-бері өткендердің ызасын келтіріп, кейбірі асфальттың кебуін күтпей өтіп жатыр.

Фотолар автордікі

zhasalash.kz

[:]