[:kz]
Бүлдіріп жатса бір бұзық.
Қайтеміз сонша тұншығып.
Димашқа қарсы тас ату,
Қазақи қоңыз тіршілік.
Қытайдың көзін сулатқан.
Ағылшын елін дулатқан.
Үкілеп қосқан арғымақ,
Мәскеудің төрін шулатқан.
Кеткенің қайтып келгендей.
Ұрпаққа ұрпақ ергендей,
Парижде тұрып Әміре,
Тағы да дауысын кергендей.
Көзінің ақ пен қарасы.
Кімің бар тағы, санашы?
Дүние жүзі таң қалған,
Көшпенді елдің баласы.
Санаға жатыр жетіп үн.
Бірі емес әнші екінің.
Ол жүрген жолмен жүріп көр,
Димаштың ки де етігін.
Домбыра оның қаққаны.
Қазақы белбеу таққаны.
Қазақ боп шыққан сахнаға,
Димашты даттау лаққаның.
Күншілдік өскен санада.
Күпірлік еткен жаға ма?
Тұлпарың озса жарыста,
Тақияң қысып бара ма?
Айтылар талай аққа сын.
Жақсыға күйе жақпасын.
Тұяғы бүтін тұлпарды,
Тіл көзден Құдай сақтасын.
Өтеген Нұрмағамбетов
[:]