[:kz]
Ағымдағы жылдың ақпан айында бес кішкентай қыздың өмірін қиған қасіретті трагедия бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірді. Түнде ата-анасы жұмыста болған кезде елордалық Көктал-1 тұрғын үй кешеніндегі үйде өрт шығып, соның салдарынан апалы-сіңілілер қайтыс болды. Қайғылы оқиғаның соңы көпбалалы аналар наразылығына ұласып, билік бірқатар жеңілдік жасауға мәжбүр болған еді. Ал Көкталдың өзінде не өзгергенін Азаттық радиосы на сілтеме жасаған NUR.KZ
«Бұрынғыдай өмір сүріп жатырмыз»
Басылым мәліметінше, Әйтімовтердің үйі Көкталдың Шыңғыстау көшесіндегі басқа үйлермен салыстырғанда әлдеқайда қарапайым көрінеді.
Ауланың түкпірінде орналасқан толықтай жанып кеткен жер үйден қара күйе шалған есік қана қалған. Өрт болғанын көрші орналасқан, қазір иесіз қалғанға ұқсайтын ғимараттың қабырғасындағы күйе ғана еске салады.
Тілшілер сұрағына өртте қаза тапқан қыздардың анасы Жанымгүл Ситердің туысымын деп таныстырған Гүлдем Әйтімова жауап берді.
«Қазір бірдеңе айтқаннан не пайда? Қаншама адам келді, уәде берді, бізде енді үміт қалмады, — деді әңгімелесуге құлықсыздық танытып ол.
Гүлдем қайғылы оқиғадан кейін өмірінде елеулі өзгеріс болмағанын айтты.
«Ер азаматтар жұмыс істеп жүр, мен үйде отырмын. Жанымгүл мен Евгенийге мешіт пәтер сатып әперген. Екеуі де жұмыс істейді. Арасында бізге келіп тұрады. Балалардың қазасынан соң бізге үйдің құжаттарын рәсімдеп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесеміз деп уәдені үйіп-төкті.
Құжат бойынша үй әлі күнге марқұм анамыздың атында. Құжаттардың көшірмесін алып кеткен, содан бері хабар жоқ. Қазір біз үшін үйдің құжатын реттеу өте маңызды. Қалған мәселені өзіміз бірдеңе қып шешеміз. Дүйсенбіден бастап құжаттарды реттеуге кірісеміз. Қысқасы, бұрынғыдай өмір сүріп жатырмыз. Ештеңе өзгерген жоқ, — деді әйел адам.
Альбина есімді тұрғын да өз пікірін ашық білдірді.
«Қыздарды жерледі, болды. Қандай өзгеріс болуы мүмкін? Ешқандай өзгеріс болмайды. Өзіңіз де білесіз ғой, — деді ол.
«Бәрі де өркениетті болса дейміз»
90 жастағы Биқан Мақанова — Шыңғыстау көшесіндегі ең жасы үлкен тұрғын. Ол өрттен бүлінген Ситерлердің үйіне қарсы беттегі үйде тұрады.
Әжей мемлекеттің көңіл бөлмей отырғанына наразылық білдірді.
«Мемлекет маған мүлде көмектеспейді. Марқұм күйеуім ардагер болатын. Өмір бойы темір жолда жұмыс істедік. 77 мың теңге зейнетақыдан басқа ештеңе алмаймын. Совет одағы тұсында берілген осы үйде әлі күнге балам, келінім және немереммен бірге тұрамын, — деді зейнеткер
Биқан әженің келіні Айнагүл Белгібаева да көп нәрсеге көңілі толмайтынын жеткізді.
«Бұрын бірнеше рет көшемізге асфальт төсеу мәселесін көтердім. Маған «2018 жылы асфальт жол салынады» деді. Бірақ жолды биыл бес қыздың қазасынан кейін ғана қолға алды. Оның өзінде көшенің бас жағына ғана құр асфальт төсеп кетті, тіпті тегістеген де жоқ. Өзім көлік жүргіземін, сондықтан жолдың жайын жақсы білемін. Сапалы болғанын қалаймыз», — деді әйел адам.
Айнагүл елордадағы мектептердің бірінде мұғалім болып істейді.
«Сол қайғылы оқиғадан кейін сәл қозғала бастады, онда да бастаған істерін аяқтаған жоқ. Көшені жарықтандыруды, жол жөндеу жұмыстарын аяқтап, орталық кәріз жүйесіне қосуы керек. Біздің аудан Нұр-Сұлтан қаласына кіретін болса, қаладағыдай бәрі өркениетті болса дейміз», — деді ол.
Әйел адамның сөзінше, Көкталда балаларға арналған дамыту орталықтары, спорттық-музыкалық мекемелер, балабақша, банкомат пен терминал тапшы.
«Көкталда өте қарапайым халық тұрады. Негізінен зорға күнелтіп жүргендер шоғырланған. Жағдайы жақсы адамдар аз. Бәрінің несиесі бар. Өлместің күнін кешіп жүрміз», — деді мұғалім.
Ситер отбасы қайғылы жағдайдан кейін Көктал-1 ықшамауданынан көшіп кеткен.
Қазір олар «Агроқалашық» деп аталатын ықшамауданда тұрады. Ол қалаға басқа өңірден келген қонақтарды архитектурасымен таңдай қақтыратын тұрғын үйлерге жақын орналасқан. Ситер отбасы жергілікті мешіт берген бес қабатты тұрғын үй кешеніндегі пәтерде тұрып жатыр.
Тілшілерге қаза тапқан қыздардың ата-анасымен сөйлесу мүмкін болмаған.
«Әкімдік сұхбат беруге тыйым салды. Бір жыл өтпей сұхбат беруге болмайды ғой деймін. Осында тұрып жатырмыз. Евгений жұмыста. Бізде бәрі жақсы, — деді Жанымгүл Ситер БАҚ өкіліне.
Еске сала кетсек, 4 ақпан күні түнде Астананың Сарыарқа ауданындағы Көктал-1 тұрғын алабында өрт шығып, салдарынан 2006, 2008, 2014, 2016, 2018 жылы дүниеге келген бес бала көз жұмған еді. Олардың ең кішісі әлі бір жасқа да толмаған сәби болған.
[:]