Ықылым заманнан бермен Хақ сенімге қылау түсіргісі келетін ындыны бұзық сайтани топтардың арандату, әнжі әрекеттері бір мезетке де дамылдаған емес. Дәуір тудырған ағыстарға қарай мың құбылып, мемлекет, қоғам, ұлт, қала берді адамзаттық мүддемен астасып, қойындасып алып, бір тәңірлік (ханиф) нанымды ту-талақай етуге тепсіне қарекет қылғанына қарт тарихымыз куә.
Адамзат баласының басына небір нәубет, қарақұйын қасірет әкелген осындай лақса лепестер күні бүгінгі тіршілігімізге де өз кесепатын тигізуде. Қоғамның руханиятқа деген қажеттілігін өзінің пасық мүддесіне ұтымды пайдаланғысы келетін діннің жамылғысын жабылған не түрлі жамағаттар соңғы жылдары біздің елімізді де жағаттай бастады. Еренқабырға мен Еділдің арасын ен жайлап, ұлттық мұрат-мүддесі, салт-санасы, дүниетанымы, сенім-нанымы біртұтас болып келген Алаш баласын іштен ірітіп, бөлшектеу үшін тыным таппастан түлкі бұлаң, айла-шарғысын жасап бағуда. Ұлт ұстазы Ахаң айтпақшы: «Дінін шаншып істікке, Әркім бір жем іздеуде». Әлбетте, әтібірлі пиғылды діни ағымдардың әрқайсысы ұлт мүддесіне кереғар келетіні даусыз. Әйткенмен, солардың ішінде уаһабшылдық ағымның әуселесі, ұлт мүддесіне тигізер залал-зардабы, сұрқы бөлек десек сірә қателеспейміз.
Теологиялық негіздері Тәңір-Тағаланы тіршілік иелеріне ұқсатушы Мүшаббаһия-Мүжассимиядан (ІХ ғ) бастау алатын, ал, канондық ұстындары діннің мақсатын тек сыртқы пішіннен іздеген Хашабия-Захирия (Х ғ) іліміне барып тірелетін уаһабшылдық ілімді ХІІІ ғасырда теолог Ибн Таймия доктриналдық тұрғыда жетілдірсе, одан әрі қарай ибн Каюм әл–Жаузия, ибнул Уәзир, Шәукани секілді теологтар жан-жақты дамытты. Хақ діннің өзегі саналатын әһлу-сунна іліміне мүлде қарама-қайшы келетін осы жалаң іліммен ХVIII ғасырда Сауд Арабиясында өмір сүрген шейх Мұхаммед Әбдулуаһаб және оның ізашары Мұхаммед Сууд қарулана отырып, Осман билігіне қарсы тұрды. Ағылшын алпауыттарынан қолдау тауып, әуелгі «таза исламды» көзбояу етіп ұрандатқан уаһабшылдық қозғалыстың дінмен қатар саяси дітінің болғанын да жоққа шығаруға болмайды. Оның ең бастысы да Нәжит аймағындағы уаһабшылдық идеологияның негізінде арабтардың саяси дербестігін құруды көздегені белгілі. Әдепкіде, өз мақсаттарына иек арта алмағанмен, ХХ ғасырдың басындағы І Дүниежүжілік соғыста Осман империясының күйреуімен Нәжит арабтары уаһабшылдық иедологияның негізінде өз тәуелсіз иелігін құрды.
Жоғары саяси ұйымға айналғаннан кейін уаһабшылдық ілім Араб түбегінен шығып, өзге мұсылман мемлекеттерінің кеңістігіне де жылыстай бастады. Егемендіктен кейін сыртқа есік ашылған сәтте Сауд-Арабиясына барып діни білім алған жастар елге оралғаннан соң Қазақтанда уаһабшылдықтың кең өріс алуына қызу жұмыс жасады. Бұл кезде уаһабшылдық ілім елімізге Сурурия және Мадхалия тармағымен таралды. Задында, бұл діни тармақтар Сауд Арабиясында 1990-шы жылдары пайда болды. Олардың тарих сахнасына шығуының себебі, тоқсаныншы жылдары Ирак билеушісі Саддам Хусейнн Кувейтті окупациялағаннан кейін, Сауд Арабиясы Бағдаттың әскери әрекетінен қауіптеніп, АҚШ-пен ауыз жаласты. Яғни, Ирак Хизаж аймағына әскери шапқыншылық жасар болса, АҚШ Саудияны қорғайтын болып келісім жасалды. Осының нәтижесінде қасиетті Қағбаның иелік еткен ел Протестанттық алпауыт мемлекетке (АҚШ) протекторат ретінде бағынышты болды. Саудия үкіметінің бұл шешіміне наразы болған Ахмет Сурури бастаған діни азшылық топ король билігін «кәпірге» шығарды. Олардың пайымынша мұсылман мемлекеті өзге дін өкілдерімен ауыз жаласпай, өзіндік мұсылмандық мүддені қорғауға тиісті-тін. Ал, биліктің саясатын жақтаған Мұхаммед Радиғ Мадхали бастаған тобы Сурурияның ұстанымын терістеп, оларды «Үмбеттің Хауариждері» деп атады.
Біздің еліміздегі жағдайға келетін болсақ, Алаш баласының сан ғасырлық сенім-нанымы мен салт-дәстүрін теріске шығарушы бұл қарадүрсін қозғалыс ә дегеннен-ақ ұлт жанашырларының қатаң сынына ұшырады. Дегенмен, еліміздегі уаһабшылдық ілімнің технологтары қиыннан жол табуға кірісті. Олар Қазақ қоғамына сыйымды болуы үшін әзірге орсақ тістерін көрсетпей, шынайы құбыжық бейнесін қашан асыл мұраттарына иек артқанға дейін жасыра тұруды жөн санады. Сөйтіп, уаһабшылдар «қалыпты салафиттер» деген ғылыми негізсіз, жалаң тұжырыммен жұмыс жасауға көшті. Уаһабшылардың бұл әдіс-айласы теология ғылымында «тахия» (жасырыну) деп аталады. Яғни, олардың бұл әнжі әдісінен елімізде уаһабшылдықтың «тахияшылар» атты тармағы ортаға шықты. Ішкі қалауы айпарадай айқын көрінбегенімен, осы тахияшылар уаһабшылдық қозғалыстың ішіндегі ең қауіпті тармағы саналады. Өйткені, тахияшылар қалың бұқараның қамын жеген болып, дәстүрге-дәрмен, пәктікке-пәрмен бергенсіп, көпшілікің сеніміне кіріп, сәті соққанда, өз идеологияларын тықпалауға тырысып бағады. Өкінішке қарай, Қазақ қоғамы уаһабшылдық ілімді біршама терістегенмен, оның көлеңкесі осы тахияшылдыққа қарсы тұратын иммунитет қалыптастыра алмады. Осының әсерінен оның уыты тұтас қоғамды шарпи бастады.
Жалпы, «тахияшылардың» технологтары бұқаралық сипатқа ие болу үшін Қазақ қоғамының барлық өкілдеріне тиімді шарттардың негізінде өз идеологиясын насихаттауды ойластыра білді. Нәтижесінде айналдырған бес-он жылдың ішінде ағым мүшелерінің саны күрт артып, оттай қаулап өсіп, көбейген үстіне көбейе түсті. Дәл қазір уаһабшылдық қозғалыстың өкілдері қоғамның барлық саласында кездеседі десек асыра айтқандық емес. Әсіресе, қара халыққа екпінді ықпал ете алатын көптеген өнер иелерін, спортшыларды, журналистерді, ақын-жазушыларды, ірі кәсіпкерлерді, кейбір молдаларды да осы ағымның сапынан көруге болады. Тіпті, уаһабшылдық қозғалысқа қормал болып жүрген базбір мемлекеттік қызметкерлер мен саясаткерлеріміз де баршылық. Тахияшылар саны мен сапасын одан арықарай арттыра түсу үшін күндік, айлық, тоқсандық, жылдық жоспармен, бір сөзбен айтқанда алдын-ала жан-жақты сараланған кешенді механизммен қызу әрекет етуде. Осы екпінмен қарасын қалыңдата түссе, алдағы он-жиырма жылдықтағы Алаш баласының денін осы тахияшылар тармағы құрайтыны айтпаса да түсінікті жайт. Ал, бұл бізге не береді? Көсегемізді көгерте ме, жоқ әлде заузатымыз түп-тұқиянымен өзгеріп, «Мұсылман Қазақ еліміз» деген құр атымыз ғана қала ма?
Бізден бұрын бұл індет таралған посткеңестік мемлекеттердің тәжірибесіне көз жүгіртсек, уаһабшылдық қозғалыс Солтүстік Кавказдағы Шешенстанды мелдегінен қанға бөктірді. Тәжікстан мен Дағыстан тәрізді елдердің тынышын алып, тұнығын лайлады. Бұл елдер әлі күнге дейін ес жия алмай, қазіргі шақта соның салдарымен күресіп, сарсаңға түсуде. Өзбекстан билігі дүмпулерді тасқұрсау тәртіптің арқасында күшпен басып, уаһабшылдықты дер кезінде ауыздықтай алды. Уаһабшы содырлар қоңсы Қырғызстанның оңтүстігінде оқтын-оқтын қарулы қақтығыс жасады. Өткен жылдары Татарстанда өздеріне қарсы келген талай жанның ғұмырын қиды. Уағында уаһабшылдықтың канондарын ұстанбақ болған «талибандар» Ауған мәдениетінің күлін көкке ұшыра жаздады. Ал, уаһабшылдық іліммен уланған «Әл-Кайда» ұйымы әлемде теракт жасаудан өзге ешкімге жүлде берген емес. Ендеше, жаһанда бүлік ұйымдастырудан алдына қара салдырмаған уаһабшылдық қозғалыс Қазақияны қайтіп жарылқамақ?
Бүгінгі күні құт-берекесі қашып отырған Мысыр билігі де уақытында «тахияшы» уаһабтардың әрекетін нәрегей іске балап келді. Мемлекеттік қадағалаудың жібі босап, биліктің бір сәт мүлгіп кеткенін қалт жібермеген уаһабшылар қысқа мерзімнің ішінде-ақ өз жақтастарының санын айтарлықтай арттырып, мемлекетке ықпал ете алатын зор саяси күшке айналып үлгерді. Атап айтар болсақ, уаһабшылар құрған «Хизб-Нұр» партиясы өткен жылғы сайлауда жалпы халықтың 24 пайыз дауысын иеленді. Қазіргі мемлекеттік кеңесте 20 пайыздық орын иеленіп, «Ихуан-Мүслимин» партиясынан кейінгі екінші саяси ұйымға айналып отыр. «Хизб-Нұр» партиясы мемлекеттік билікке араласа бастағаннан «перғауындар» патшалығының басына қою қара бұлт үйірілді. Уақыптар уәзірлігінің орынтағына өз адамын әкелді. Тіпті, мың жылдық тарихы бар әйгілі «Әл-Азһар» университетінің жүйесін өзгертуге барын салып жатыр. Барлық мешіттерде уаһабшылдық ілімнің насихатталуына заңдық тұрғыдан жол ашылды. Кайрдің мешіттеріндегі 5000 имамды қызметінен кетіріп, орнына өз кадрларын әкелуді ұйғарып отыр. Сонау қияндағы Мысырдан мысал берудегі айтпағымыз, біздің билік те «қалыпты салафизм» деген сандыраққа иланып, тахияшылдық қозғалысқа көз жұмбайлықпен қарауын жалғастыра берсе, түптің түбінде Қазақстанда да «Мысыр синдромы» қайталануы бек мүмкін. Ал, Мысырдың таз кепешін киген жағдайда, көрер күніміз не болмақ? Бақ-берекеміз арта ма, жоқ әлде сорымыз қайнай ма?
Әгерәки, Қазақ қоғамында уаһабшылдық қозғалыс үстемдікке ие бола қалса (Құдайым оның бетін ары қылсын), халқымыздың мың жылдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі сүнниттік бағыттағы Ханафия мазхабының канондық қағидалары күйреуге ұшырап, Ханафия-Матурудия сенім-наным негіздері күпірлікке баланады. Алаш қауымының сан ғасырлық мәдениеті мансұқталып, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы «ширкке» теңестіріледі. Тек илаһи абсолюттік үкімдер (накл) басшылыққа алынып, заманауи құндылықтарды қорғауға бағытталған мемлекеттік низам жүйесіне мойынсұну күпірлік саналады. Діни бостандықты паш етуші мемлекеттің зайырлық тұрпаты терістеліп, оның орнына жалаң теократиялық сипаттағы тирандық билік орнайды. Демократия, жариялық, адам құқығы т.б. құндылықтар аяқ-асты етіліп, Қазақияның боз бетеге, сұр соқпағы қанға бөктіріледі. Ең бастысы ұлт және мемлекет ретінде ішкі мәнінен айырылған араби сипаттағы әйтеуір бір қауым болып күн кешуіміз ғажап емес. Ендеше, Алаш баласын алдағы уақытта зор қасіретке ұшыратар уаһабшылдық ілім бізге соншалықты несімен құнды болып отыр? Неге пышақ кесті тыйым салмаймыз?
Түптеп келгенде айтпағымыз, ұлтымыздың жаназасын шығарып, мемлекеттілігімізді жарға жығатын уаһабшылдық қозғалысқа мемлекеттік тұрғыда дереу тыйым жасалуы тиіс. Уаһабшылдықтың радикальді тармақтарына ғана емес, саяси-әлеуметтік механизмі жетілген «тахияшылар» тармағына да қатаң тоқтам жасалуы шарт. Егер, көзге түскен тентегі мен тебізін ғана тыйып, момақан, жуас болып көрініп, тасада тұрып талматұсымызға тас ататын «тахияшыларды» ауыздықтай алмасақ, ұлттық мүддемізге төнген қауіпті бәрібір біржолата сейілте алмаймыз. Сондықтан, діни ұстанымы бойынша методологиялық әр-алуандыққа боялған уаһабшылдық іліммен тәжірибелік тұрғыда жан-жақты ымырасыз күресу үшін мемлекеттік кешенді бағдарлама қабылдауымыз қажет. Алаш баласын қарақұйын пәлекеттен аман алып қалудың жалғыз ғана жолы – осы!
Мұхан Исахан, заңгер-шариғаттанушы