АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ЖҰМЫСТЫ ӘКІМДЕР КӨЗІМЕН КӨРІП ЖҮР

аким   Оңтүстік Қазақстанда күн ыстық. Күйіп тұр. Бірақ бұған қарап жатқан ешкім жоқ. Облыстың, Шымкент қаласының басшылары әрі-бері шапқылаумен жүр. Соңғы күндері облыс әкімі Асқар Мырзахметов күннің ыстығында Қазығұрт, Сарыағаш, Төлеби, Түлкібас аудандарын аралады. Жанына өзінің кейбір орынбасарларын, облыстық басқармалардың кейбір басшыларын ертіп алған. Аудандағы атқарылып жатқан жұмысқа баға беріп, міндеттер жүктеп қайтты. Мысалы, Төлеби ауданында «шаруашылығыңның мына жері неге тұралап тұр» деп, аудан әкімі Әуелхан Тұрғынбековтің дегбірін қашырды. Түлкібаста «Шаруашылығың қашан оңалады»  деп, әкімге тесіле қарағанда анау жерге кіріп кете жаздаған шығар.

Жоспарланған жұмыстар да шаш-етектен. Мысалы, санаулы күндерде облыста   «Оңтүстіктің инвестициялық жобалары» деп аталатын көрме өтеді. Оны ұйымдастырып отырған облыстық Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы. Алдағы уақытта апта сайын өтіп тұратын шараға дайындық тиянақты.  Бұл шара кезінде облыс аудандарындағы 100-ге жуық инвестициялық жобалар жұртшылықтың назарына ұсынылады. Онда аудандардағы пайдалы қазбалардың қорлары, ауыл шаруашылығы саласында бос жатқан жер телімдері, аудандардағы индустриалды аймақтар туралы ақпараттар тарқатылмақшы.

Индустрияландыру картасы бойынша биыл Шымкентте медициналық ерітінділер өндірісі, Түркістанда полиэтилен құбырларын шығаратын шағын зауыт, Сайрамда қағаз шығаратын зауыт іске қосылмақшы. Жалпы, Оңтүстік Қазақстан облысының  жер қойнауы бай. Геолог-барлаушылар бұрынғы жылдары  полиметалл, қоңыр көмір, темір, уран кен тастары, фосфорит, вермикулит,  барит, гипс, отқа төзімді саз, әктас, гранит, мәрмәр, кварц және тағы басқа да кен байлықтары бар екенін дәлелдеген. Қаратауда Ащысай, Мырғалымсай, Байжансай қорғасын-мырыш кеніштері 20 ғасырдың 40 жылдарынан бері жұмыс істейді. Облыс  республикада уран кен тастарының қоры жағынан – бірінші, фосфорит және темір кен тасының қоры жағынан үшінші орын алады. Аймақтағы кәсіпорындар Қазақстандағы барлық өнеркәсіп өнімдерінің 5,9 пайызын өндіреді. Онда елімізде шығарылатын трансформаторлардың 98,6 пайызы, фармацевтикалық препараттардың 70,1 пайызы, минералды және газды сулардың 51,5 пайызы, мотор майының, бензиннің 38,9 пайызы, рафинатты қорғасынның 23,6 пайызы, сыраның 23,6 пайызы, цементтің 19,7 пайызы, ал экскаватор, мақта талшығы, мақта майын түгелдей дерлік  өндіреді. Облыс тері шикізаты, жеміс, көкөніс, жүзім, бақша, макарон өнімдерінің ірі өндірушісі.

Осының барлығы өткізілгелі отырған көремеде көрініс табады, деген болжам бар. Алда жоспарланған жұмыс көп болған соң шапқыламай көр.

Облыс әкімінен қала, аудан әкімдері де өнеге алады. Олар да қоңыржай салқын кабинеттерін тастап күннің ыстығында көше-көшені аралап жүр.

Жақында ғана Шымкент қаласына әкім болып тағайындалған  Дархан Сатыбалды Шымкент шаһарындағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Құрылыс жүріп жатқан аймақтардың жұмысымен танысты. Ұйықтауды қойған ба, қайдам, таңғы сағат 7-30 да  шаһардағы Жангелдин көшесін аралап жүр. Осында жақында тұрғындарға көпқабатты үйлердің алдынан сәкі салып берген. Балаларға арналған ойын алаңдарын іске  қосыпты. Солардың сапасын өз көзімен көрді. Ауладағы құрылыс жұмыстарын жүргізген «Прогресс кз» ЖШС-нің директоры Ерлан Нуриев те әкіммен бірге жүр. Ол «жоспар кестеге сәйкес  орындалғанын» айтып жатты. Бірақ әкім өз пікірін білдірді.  Жұмыстың сапасы көңіл толатындай деңгейде емес екені айтылды. Тұрғын үйлердің алдындағы орындықтар тым төмен, ал ойын алаңдарының саны  аз.

 

Жанкелдин көшесі тұрғындарының айтуынша, мердігер компания көпқабатты үйлерде тұратын азаматтардың өтініш-тілектерін қанағаттандырмапты.

Қаланың 21-шағын ауданындағы аулаларда да осындай кемшіліктер айтылды.  Бұл жердегі құрылыс жұмыстарын «СтройЖилСервис» ЖШС жүргізген екен. Қала әкімі  мердігер компаниялардың басшыларына  кемшіліктерді жедел түзеу керектігін ескертті.

Қала әкімі   «Нұрсәт» шағынауданындағы жаңадан салынып жатқан 9-10 қабатты үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Мұнда «Қолжетімді баспана – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылыс қарқын алып тұр. Жыл соңына дейін Шымкенттегі «Нұрсәтте» 53 үй пайдалануға берілмекші. Шымкентте алдағы 2 жылда 80 үй салу жоспарланып отыр.

       Жоспар салиқалы болған соң күннің ыстығы да жұмыс істейтін әкімдерді байыз таптырмайтын көрінеді. Әкімдер атқарылған жұмыстардың сапасын өздері көзімен көріп, қолымен ұстап көріп жүр. Бұл да өте керек нәрсе шығар.

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы