АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Жаңа қылмыстық кодекс күшіне енеді

2015 жылы Қазақстанның жаңа Қылмыстық кодексі күшiне енеді. Бұл туралы кеше ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдеріне ҚР Бас прокурорының бiрiншi орынбасары Иоган Меркель мәлiмдедi. 

Оның айтуынша, Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық жаңа кодекстер 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшiне енедi. Иоган Меркельдің айтуынша, Қылмыстық кодекске түбегейлi жаңа нормалар енгiзiлмек. Енді оны iске асыру үшiн қылмыстық iс жүргiзу органдарына, оның ішінде прокурорларға бiршама уақыт қажет екен.
ҚР Бас прокурорының бiрiншi орынбасары жаңа кодексті қолдану кезінде қиындықтар туындамауы үшiн алдымен оны түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті. Екiншiден, тергеушілерге жаңа Қылмыстық-процессуалдық кодекс аясында жұмыс жүргiзуді үйрету маңызды.
— Тергеушілердің арнайы курстар ұйымдастырып, біліктілігін жетілдіру керек. Бұл белгiлi бiр уақытты қажет етедi. Процессуалдық құжаттардың үлгiсiн жасау керек. Ол жеке кiтап ретiнде шығады. Бұған кем дегенде жарты жыл уақыт кетеді. Халықты ақпараттандыру жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Негiзгi жұмыстар кодекстердi Парламент қабылдағаннан кейiн қолға алынбақ, — деп түйiндедi ол.

Иоган Меркель жаңа Қылмыстық кодекс баптарына қатысты түсініктеме берді. Мәселен, енді жаңа кодекс бойынша мас күйінде автокөлікке отырып, адам өліміне себепкер болған жүргізуші 7 жылға бас бостандығынан айрылатын болады.

— Бұл, шынымен де, күрделі мәселе. Павлодар жолында жол-көлік апатынан түгел бір отбасының қайтыс болғанын білесіздер. Сондықтан ведомствоаралық жұмыс тобы жол-көлік апатында адам қаза тапса, ал оған кінәлі азаматтың мас күйінде рульге отырғаны анықталса, оны ауыр қылмыс түрінде қарау керек деген шешім қабылдады, — деді И.Меркель.
Ал ауыр қылмыс жасағандарға 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сонымен қатар, жаңа кодексте қылмыс жасағаны үшiн айыппұл төлеу жазасы қарастырылған. Айыппұл салу жазасын қолдану аясы кеңейтiлiп, оған жеңiл және ауырлығы орташа қылмыстар қосылған.

Ж.ЕРАЛИНА.

http://www.aktobegazeti.kz