АЛТЫНОРДА
Новости

Анкарадағы қазақ жастары Бекзатты еске алды

Анкара. 3 қаңтар. BAQ.KZ – Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, марқұм Бекзат Сейілханұлы Саттарханов өзі даңқ биігіне көтерілген 2000 жылдың соңғы күнінде көлік апатынан қайғылы қазаға ұшыраған болатын. Осы қаралы датаның қарсаңында «Анкара Қазақ Жастары» бірлестігінің мүшелері еске алу кешін ұйымдастырып, арда азаматтың асыл рухына тағзым етті.

Ұлтымыздың өр намысы мен күрзі жұдырығының әлеуетін шаршы алаңда қапысыз танытқан айбынды спортшымыздың тарихи ерлігінің мәнісі мәнерлі баяндалып, соңыра «БЕКЗАТ» деректі фильмі жиналғандардың назарына ұсынылды.
Спорт тақырыбында өзіндік қолтаңбасымен танылған режиссер Сатыбалды Текеевтің туындысы жастарды Бекзаттың тылсым әлеміне жетелей жөнелді. Жеңімпаз ұлдың алғашқы адымдарынан бастап, былғары қолғапты бекерге кимегенін мұқым дүниеге мойындатқан кемел кезеңіне дейінгі күрделі жолды жинақы жүйелеген деректі фильм жүректерге жол тауып, толқынысқа тамызық болды.
Мектепте дарабоз ұлмен қатар білім алған Жамбыл Ералиев пен арысымыздың бозбала шағының куәсі – Ерлан Алашбаевтардың тебіреніске толы естеліктері жиынның маңызын биіктеткен болса, жас әнші Дінмұхаммед Қасымбектің орындауындағы әсерлі ән әуезі сағыныш сазын үстей түсті.
«Бекзат – қазақ жастарының патриоттық рухының эталоны!» деген тұшымды тұжырымы бар Сейілхан Саттарханов ағамыздың. Осы пікірге сүйене сөйлер болсақ, бекзада Бекзаттың тұлғасы өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеу ісінде әрдайым көшбасында тұрары хақ. Туысқан түрік елінде өткен тағылымды тағзым кеші мұны айқындай түскендей.

 

http://baq.kz/kk/diaspora/888