Еліміз етек-жеңін енді жия бастағанда жан-жақтан лап еткен миссионерлер дегеніне жетті. Төрт құбыламыздан ентелей кірген олар қаншама қаракөздіңөмірін улады. Жастардың тамырына балта шауып жүрген сондай бір ағымның бірі – «Благодать» шіркеуі.
Астанада «Благодать» шіркеуінің жетекшісі Бақытжан Қашқымбаевқа экстремизді насихаттап, әлеуметтік араздықты қоздырды деген екі бап бойынша айып тағылған. Пастордың үстінен арыз түсірген келіншек діндардың қолынан су ішіпті. Ол осы «қасиетті» сусыннан соң ақылынан алжасып, жындыханадан бір-ақ шыққан. Бірақ басын ала қашқан пастор кінәсін мойындаудан бас тартып отыр. Ең сорақысы, айдаладағы АҚШ пасторға жаны ашып, ашықтан-ашық қолдау көрсетуде. Сотқа Қазақстандағы АҚШ елшілігінің хатшысы Джессика Ярчевтің келуі де елшілік тарапынан арнайы тапсырманың берілгенін дәлелдесе керек.
Тіпті, елімізде де оны жақтаушылар көп екен. Неге десеңіз, сот процесіне Қарағанды мен Павлодардан арнайы келген қолдаушылардың қарасы басым. Өзін олардың «пірі санайтын» 68 жастағы Бақытжан Қашқымбаев «экстремизмді насихаттады», «әлеуметтік араздық» қоздырды деген айыпты мойындаудан бас тартқан. Дегенмен, ҰҚК дәлелдері мен айғақтары баршылық. Шіркеуден тінту кезінде экстремистік бағыттағы кітаптар табылған. Ал пастордың қолынан қасиетті су ішемін деп ақыл-есінен алжасқан 34 жастағы Ләззат Әлменованың әпкесі Гүлдана Әлменова: «Бұл ұйым қылмысқа барып отыр. Сондықтан жетекшісі жазасын алып, бірлестіктің өзі түбегейлі жабылуы тиіс. Біз ол түрмеге қамалмайынша тоқтамаймыз», — деп айыпталушының қатал жазалануын талап етті. Соған қарамастан айыпталушы басқарған Астанадағы шіркеудің жұмысына тоқтау қойылған жоқ.
Бір өкініштісі, қазір «Благодать» шіркеуінің елімізде 5 мыңнан астам сыйынушысы бар екен. Оның дені – қаракөздер. Демек, Ләззат сынды қаншама қазақ қызы мен ұлы соқыр сенімнің жетегінде жүр деген сөз. Егер пастор Бақытжан Қашқымбаевтың айыбы дәлелденсе, кем дегенде 15 жылға темір торға жабылуы мүмкін.
Динара Дүрмән
http://www.turkystan.kz/