АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

«МЕЙІРІМ» -ШАПАFАТЫ МОЛ ШАРА

«2011-2015 жылдарға ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларды қолдау бойынша кешендік жоспар» негізінде ШҚО әкімі Бердібек Сапарбаев ата-ананың қамқорынсыз қалған балалардың мәселесін шешу үшін қоғамдық және жеке меншік капиталды жұмылдыру мақсатында «Мейірім» акциясын бекіткен-ді. Сәрсенбі күні қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен шаһардағы Жастар мен балалар шығармашылық сарайында «Мейірім» қайырымдылық шарасы өтті.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, қаладағы жалпы балалар саны 63500-ге жуық болса, соның 831-і ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Ал, соның ішінде 38 баланы түрлі жанұялар асырап алса, 28 бала потранаттық тәрбиеде. 380 сәби балалар үйінде тәрбиеленуде. Ал, «Мейірім» қайырымдылық акциясы аясында қамкөңіл балаларға қолдау көрсету үшін 100-ден аса кәсіпорындар ұжым-дары жұмылдырылған. Білім және денсаулық сақтау мекемелері де жоспарды іске асыру бойынша қарқынды жұмыстар атқаруда.

Аталмыш шара барысында қаладағы №3, №8 балалар үйінің тәрбиелену-шілері мен №4 нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары жасаған қолөнер бұйымдарының көрмесі болды. Көрмеге түрлі материалдардан жасалған мүсіндер, кәдесыйлар және басқа да қолөнер бұйымдары қойылған. Оқушылардың қолдарымен жасалған бұйымдарды тамашалаушылар олардың өнерлеріне тәнті болды.

Сонымен, жергілікті билік өкілдері бастап, қаладағы түрлі кәсіпорын, денсаулық сақтау және білім мекемелерінің ұжымдары, оқушылар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысқан қайырымдылық шараға келушілер Жастар мен балалар шығармашылық сарайының мәжіліс залына лық толды, ине шаншар орын болмады. Айта кету керек, залдың бір бұрышына «Қайырымдылық қор» жәшіктері де қойылыпты. Әркім бұл жәшіктерге қалтасының шама-шарқы келгенше көмектерін салды. Жәшіктерге жиналған қаржы балалар үйіне үлестірілетін болады.

Шарада алғашқы болып сөз алған қалалық мәслихаттың хатшысы Бейсенбек Ақжалов аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мейірім» қайырымдылық акциясының ауқымы кеңейіп, бүгінгі таңда республика көлемінде жүзеге асып жатқандығын айта келіп, осындай игілікті істердің атқарылып жатқандығына қуанышты екенін жеткізді. Алдағы уақытта да игілікті шаралардың атқарыла беретіндігіне сенім білдірді. Одан кейін сөз алған қалалық білім бөлімінің басшысы Гүлжан Алтынбекова:

— «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді. Сондықтан, еліміздің келешегі – жастар болса, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, яғни, Мәңгілік Ел ұрпақтарының  жағдайын жақсартуда аталмыш акцияға қатысушы барлық қайырымды жандарға алғысымызды айтамыз, — дей келе, бірқатар потранаттық ұйым басшыларын қалалық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен марапат-тады.

Шығыс Қазақстан облысы балалардың құқықтарын қорғау департаментінің өкілі де қайырымдылық шараға белсенді түрде қатысқан кәсіпорын басшыларын Алғыс хаттармен марапаттады.

Ал, кезегі келгенде сөз алған №8 балалар үйінің тәрбиеленушісі Б.Мұратханова барлық балалардың болашағын ойлап, ата-анасының қамқорынсыз қал-ған балалардың көңілдеріне шаттық ұялатып, жүздерін нұрға бөлеп, қайырымдылық жасап жүрген жандарға Семейдегі барлық балалар үйінің тәрбиелену-шілерінің атынан шексіз ризашылығын жеткізді.

Қайырымдылық шара қаладағы балалар үйінің тәрбиеленушілері мен мектеп-интернаттар оқушыларының концерттік бағдарламасымен аяқталды.

Көңілі дархан даладай, кең пейілді қазақ – қашанда жетімін жылатпаған халық. Елбасы Н.Назарбаев: «Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!» деген-ді. Ендеше, Мәңгілік Елдің ұрпақтары тұғырдан таймай, тек биікте самғай берсін, жүрегі мейірімге толы қайырымды жандар қатары көбейе берсін дейміз.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ,

«Семей таңы»