Ресейлік белгілі рок музыкант өткен аптада Шығыс Украинаға барып, босқын балаларға концерт қойды. Мәскеудегі депутаттар оны осы әрекеті үшін мемлекеттік атақтарынан айыру керек деп санайды.
Ресейдегі «Машина времени» рок тобының негізін қалаушысы әрі әншісі Андрей Макаревич өткен аптада Киев билігін қолдайтын еріктілер тобының шақыруымен қарулы қақтығыс болып жатқан Шығыс Украинаны аралап қайтты.
Ол Донецк облысындағы соғыстан көп зардап шеккен Святогорск қаласына барып, сондағы балалардың алдында концерт берді. Макаревич қол шапақтап, қуанып тұрған бала толы залдың суретін Facebook-тегі парақшасында да жариялады.
Оның осы әрекетін ресейлік депутаттарды шамдандырып, олар «отанын сатқан адамды» мемлекеттік атақтарынан айыру керек деп, әйгілі рок музыкантқа қарсы науқан бастады.
Биліктегі «Единая Россия» партиясының депутаты Евгений Федоров: «Андрей Макаревич фашистермен ауыз жаласқалы біраз болды. Ол Ресейдің жауларымен достасып, өз таңдауын баяғыда-ақ жасап қойған» деді Кремльді қолдайтын «Известия» басылымына берген сұхбатында.
Депутат Федоров Макаревичті бірнеше мемлекеттік атақ-медальдарынан, соның ішінде Ресейдегі ең ірі азаматтық награда «Отан алдындағы ерен еңбегі үшін» орденінен айыру науқанын бастады. Федоровтың ұсынысымен Ресей мемлекеттік думасы «Ресейге қарсы» саяси мәлімдемелер жасаған адамдарды мемлекеттік наградаларынан бірден айыруды көздейтін заң жобасын да әзірлеп жатыр.
КРЕМЛЬГЕ ҚАРСЫ ПІКІР ИЕСІ
Мәскеудің өзі көмекке мұқтаж деп аяныш білдірген босқындардың көңілін аулап тегін концерт қойғаны үшін билік неге Макаревичті жазғырып отырғаны түсініксіз.
Бар гәп Макаревичтің Украинаға қатысты Кремль ұстанымын өткір сынауында болса керек.
Макаревич биыл наурыз айында Ресей Қырымды аннексиялап алған соң Facebook-тегі парақшасында: «Егер біздің істегеніміздің бәрі дұрыс болса, онда неге бүкіл әлем бізге қарсы шығады?.. Біздікі ғана дұрыс, қалған жұрттың бәрі нақұрыс болғаны ма?» деп жазған.
Ол тамыздың 18-інде «Эхо Москвы» радиосына берген сұхбатында жала жапқаны үшін Федоровты сотқа беруі де мүмкін екенін айтты. «Егер бұл «жолдастар» мені «фашист» деп атауын доғармаса, онда өз ар-намысым мен беделімді қорғау үшін оларды сотқа беруге мәжбүр боламын» дейді әнші.
Ресейдің адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Элла Памфилова әншіні атақтарынан айыру туралы ұсынысқа наразылық білдірді.
«Өзгеше пікірдегі адамармен күресте мемлекеттік механизмдерді пайдалануға қарсымын» деді Памфилова «Интерфакс» агенттігіне берген сұхбатында.
Макаревичке шүйлігіп жатқан депутат Федоров қана емес. Орыс ұлтшылдығын қолдайтын «Завтра» басылымының бас редакторы Александр Проханов та Макаревичті «ұлт сатқыны» деп атады. Ал Эдуард Лимонов «Известияда» арнайы мақала жазып, «Макаревичті жазалаудың қажеттілігін» дәлелдеуге тырысты.
Белгілі әнші Иосиф Кобзон да «енді қалғаны – Коломойскийдің алдында ән салғаныңыз» деп Макаревичті кекетті. Украиналық белгілі олигарх, Днепропетровск облысының губернаторы Коломойский Киевтегі билікті қолдайтын батальондар құрып, оларды қаржыландырумен әйгілі болған.
«Демократия әркімге өз көзқарасын ұстануға мүмкіндік береді. Өз көзқарасың болғаны жақсы. Бірақ демократия ешкімнің өз отанын сатуына рұқсат бермейді» деді Кобзон «Комсомольская правда» басылымына берген сұхбатында.
Санкт-Петербург қалалық заң шығару органының депутаты, «жыныстық азшылықты насихаттауға тыйым салу» туралы бастама көтеріп аты шыққан Виталий Милонов бұл жолы да үнсіз қалмады. Ол Макаревичті атақ-марапатынан айырып қана қоймай, бүкіл Ресей аумағында концерттеріне тыйым салу керек дейді.
Макаревич Азаттық радиосының Орыс қызметіне берген сұхбатында Шығыс Украинада өнер көрсеткеніне еш өкінбейтінін айтты.
– Біріншіден, олар мені өздері шақырды. Екіншіден, меніңше, қайдан екендігіне, қай жерде тұрып жатқанына қарамастан, босқындарға концерт қою – сауапты іс. Үшіншіден, қасіретті де зардапты оқиғаларды ақпарат құралдары сенім тудыратындай деңгейде сипаттап бере алмаса, не болып жатқанына көз жеткізудің басты амалы – барлығын өз көзіңмен көруге тырысу, – деді музыкант.
Ресейдің қоластындағы Қырымның іс жүзіндегі премьер-министрі Рустам Темірғалиев те әншіге қарсы.
– Макаревич мырза көзқарастарын біраз шатастырды, сондықтан ол Қырымда концерт беруді тоқтата тұрғаны дұрыс. Украинада азамат соғысы болып жатқанда Макаревич мырза өмір сүруге деген құқықтарын қарумен қорғап жатқан оңтүстік-шығыс тұрғындарының ар-намысына тиді, – деді ол.
Макаревич Шығыс Украинаға барған сапарында бүлікшілердің бас штабына айналған, өткен айда ғана Украина армиясының қоластына өткен Славянск қаласындағы ахуалды көзбен көріп қайтқанын айтты.
– Қаланың шет жақтары әлі де қирап жатыр. Нағыз соғыс сол жерлерде болған. Ал қаланың өзі онша көп бүлінбеген, тіпті толық қалпына келген десе де болады. Көпірлердің қираған тұстары көзге шалынып қалады. Бірақ қоқыс жиналған, тұрғындар қайтып келіп жатыр. Бас алаңдағы фонтаннан су атқылап, музыка ойнап, балалар асыр салып, бойжеткендер қыдырып жүр. Нағыз бейбітшілік орнаған, – дейді Макаревич.
Азаттық тілшісі Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
http://www.azattyq.org/content/russia_ukraine_crisis_singer_andrei_makarevich/26538953.html