АЛТЫНОРДА
Новости

Украина спорты он жылға артта қалып қойды

©Алаш айнасы иллюстрациясыСаясаттың спортқа тигізер пайдасы мен зияны да бар. Ұзаққа бармай оны Украина мен Ресей арасындағы жағдайды мысалға алуға болады. Бүгінде Ресейдің солақай саясатының арқасында Украинаның тек экономикасы ғана емес, оның спорты да құлдырауға жақын қалды, деп жазады «Алаш айнасы» газеті.

Қазірдің өзінде Украина спорты он жылға артта қалды деп айтуға болады. Себебі, бұрнағы күні бұл елдің футболы, хоккей, боксы қала берді баскетболы мен волейболы да саясаттың салдарынан зардап шегіп отыр.

Украина хоккейден әлем чемпионатын өткізуден бас тартты

Елдегі саяси тұрақсыздыққа байланысты Украина хоккей федерациясының атқарушы комитеті 2015 жылғы бірінші дивизионның «А» тобындағы әлем чемпионатын қабылдаудан бас тартты. Мұндай шешімді УХФ Халықаралық хоккей федерациясы және бұл топта өнер көрсететін Италия, Қазақстан, Жапония, Венгрия және Польша елдерінің федерация басшыларымен ақылдаса келіп шешкен.

2015 жылғы бұл топтағы әлем чемпионы Донецкіде өтуі керек еді. Оны Халықаралық Хоккей федерациясы Минскіде өткен әлем чемпионатынан кейін анықтап қойған. Бірақ, сол шешім шыққан күні-ақ Донцкідегі әлем чемпионатын қабылдайтын «Дружба» спорт кешені отқа оранды. Десе де бұл әлем чемпионатынан бас тартудың басты себебі емес. Өйткені, қазір «Дружба» спорт кешені қайта қалыпқа келтіріліп жатыр. Басты себеп – саясат. Елдегі аласапыран қашан аяқталатыны белгісіз. Сондықтан да ұйымдастырушылар 2015 жылғы әлем чемпионатына келетін құрамалардың қауіпсіздігіне жауап бере алмаймыз дейді.

Десе де бұл мәселеге қатысты Халықаралық хоккей федерациясы әлі де нақты шешім шығарған жоқ. Ұйымның мүшелері мәселеге қатысты нүктені ХХФ өздерінің жарты жылдыққа арналған есеп беру отырысында айтады. Негізі бірінші дивизионның «А» тобында өнер көрсететін құрамалар 2015 жылдың 18 және 24 сәуір аралығында өз ара ойнау керек еді. Бұл топта үздік шыққан екі құрама жоғарғы дивизионға жолдама алады да, ал нашар көрсеткіш көрсеткен екі ұжым бірінші дивизионның «В» тобына түсіп қалады. Бұл топта Қазақстан құрамасы да бар. Біздің құрама Минскідегі әлем чемпионатында сәтсіз өнер көрсетіп, жоғарғы топтап түсіп қалған еді.

Ашығын айту керек, бүгінде Украинада ең көп залал шегіп жатқан спорт – футбол. Оның әңгімесі бір бөлек. Бірақ, саяси тұрақсыздыққа байланысты бұл елде хоккейдің де жағдайы мәз болып тұрған жоқ. Мысалы, елдегі саяси тұрақсыздыққа байланысты Құрлықтың хоккей лигасының ең мықты ұжымдарының бірі «Донбасс» келер маусымда ҚХЛ-да өнер көрсетпейтін болды. Алайда, бұл клуб ҚХЛ-дың мүшесі болып қала береді. Елде тыныштық орнап, клуб қайта жасақталатын болса, онда ҚХЛ-ға қайта қосылуына мүмкіндік бар. Клуб келер маусымда Ресейдің ашық біріншілігінің орнына Украина біріншілігінде өнер көрсетеді. Мұндай шешімді ҚХЛ басшысы Александр Медведев пен «Донбасс» президенті Борис Колесниковтың кездесуінен кейін белгілі болды. Одан бөлек украиналық «Лев» және «Спартак» клубтары келер маусымна ҚХЛ-да ойнаудан бас тартып отыр. Әрине, клубтар бұл қадамға елдегі саяси жағдайға байланысты барып отыр.

Ал Украина допты хоккей федерациясы болса өз спортшыларын 2015 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатына жібермейміз деп отыр. Осыған байланысты да Украина допты хоккей федерациясының басшылары Хабаровскіден әлем чемпионатын тартып алуды ұсынып отыр. Кері жағдайда олар әлем чемпионатына байкот жариялауға дайын.

Қырым клубтары Ресей біріншілігінде доп теуіп жүр

Еуропа қанша қысым жасап жатса де, Ресейдің де бір білгені бар сияқты. Солтүстіктегі көршіміз Еуроодақтың санкцияларына қарамай, өздері қарсы күш қолданып, Қырымды өздерінде сақтап қалуға барлық мүмкіндікті іске асырып жатыр. Ресей тарапынан жасалып жатқан әрекеттерінің бірі – футболдан Қырым клубтарының үшеуін, тарқатып айтар болсақ, бұрынғы «Таврия» бүгінде «Симферополь», «Севастополь» және «Жемчужина» клубтарын өз біріншіліктеріне қосып алуы. Олар футболдан Ресейдің екінші дивизионының Оңтүстік аймағында ойнайды. Нақты айтсақ, бір ойын өткізіп қойды. Өткен аптада Ресей кубогының 1/256 сатысында «Севастополь» «Симферопольлі» 2:0 есебімен ұтса, ялталық «Жемчужина» «Сочи» командасынан 0:2 есебімен жеңіліп қалды.

Қырым клубтары Ресей біріншілігінде бірінші ойынын өткізен соң-ақ Украина футбол федерациясының президенті Анатолий Коньков ФИФА мен УЕФА-ға Ресейді өз ұйымдарымен шығаруды талап етіп, хат жазды. Ол хатында Қырым Украинаның территориясы екенін және Қырымдағы барлық футбол клубтары Украина футбол федерациясының заңы бойынша жүру керектігін айтқан. Анатолий Коньков Ресей тарапы заңды бұзып отырғандықтан оларды міндетті түрде жазалау керек дейді.

Украина футбол федерациясының вице-президенті Андрей Павелко болса ФИФА мен УЕФА Ресей тарапына міндетті түрде санкция қолдайтынын айтады. «Қазірдің өзінде Ресейге жасалып жатқан санкциялар өте көп. Саясатта санкция үшінші деңгейге жетті. Дәл осындай жазаны футболда да қолдану керек. Егер, футболда да санкция іске асатын болса, Ресей әлем чемпионатын өткізу және Еурододаларға қатысу құқығынан айырылады», — дейді ол.

Алайда, Ресей не ФИФА тарапынан не УЕФА тарапынан жасалатын қандай да бір санкциялардан қорқып отырған жоқ секілді. Ресей футбол федерациясының құрметті президенті Вячеслав Колосков бұл мәселеге қатысты еш алаңдаудың қажеті жоқ деп отыр. «УЕФА-ның Ресей футболына санкция жариялайтын құқығы жоқ. Өйткені біз Қырым клбтарының барлығын да РФФ заңламаналырмен қайта жасақтап, содан кейін барып біріншілікке қостық. Жуырда УЕФА бізге хат жолдады. Бірақ, ол хатта территория туралы ештеме айтылмады. Тек УЕФА-ның заңдарын сақтасаңдар болды деген. Ал біз ол заңдардың барлығын сақтадық», — дейді ол.

Украина боксы да араша сұрайды

Футбол және хоккеймен қоса Ресей Украинаның боксына да өз ықпалын жүргізуге ниетті екен. Өткен сенбі күні Севастополь қаласында Бүкіләлемдік бокс қауымдастығының (WBA) аясында бокс кеші өтті. Бұл кештің басты жекпе-жегінде ресейлік Владимир Чудинов пен француз Мехди Буадла қолғап түйістірді. Баршаңызға белгілі, бұл кездесуде ресейлік былғары қолғап шебері жеңіске жетіп, 72,6 келі салмақтағы WBA тұжырымының уақытша чемпионы деген атаққа қол жеткізді.

Айтқымыз келгені бұл емес негізі. Бокс кешінің Севастополь қаласында өткенін жаздық. Бұл қала құжат жөнінде әлі күнге дейін Украинаның территориясына жатады. Дегенмен, бокс кеші Қырым аймағында Ресей бокс федерациясы аясында өткен. Сондықтан да Украина ұлттық кәсіпқой бокс лигасының президенті Михаил Завьялов Бүкіләлемдік бокс қауымдастығына ресми хат жазып, Ресей бокс федерациясы және бокс кешін ұйымдастырған промоутер Владимир Хрюновқа санкция қолдануын сұраған. Бірақ, бұл хатқа қауымдастық әлі де жауап бермей отыр.

Украина баскетболы мен волейболының да жағдайы нашар

Елдегі саяси тұрықсыздыққа байланысты Украина 2015 жылғы Еуробаскет турнирінен бас тартты. Бұл туралы турнирдің директоры Маркиян Лубкивский айтқан. «Мұндай ірі додалардың өткізу үшін бірінші кезекте нақты жоспар болу керек. Сонымен қатар көптеген адамдармен ақылдасу қажет. Ал елдегі экономикалық және саяси жағдайларға байланысты Еуробаскет-2015-ке дайындалу мүмкін болмай отыр. Сондықтан да біз бұл турнирден бас тартамыз. Бұл жағдайларға байланысты Украина мемлекеті мен Украина баскетбол федерациясы Еуропа баскетбол федерациясына 2015 жылғы баскетболдан өтетін Еуропа біріншілігін басқа елде өтткізіп, ал 2017 жылғы біріншілікті қайта Украинаға берулеріңізді сұрайды», — дейді Евробаскет-2015 турнирінің директоры Маркиян Лубкивский.

Халықаралық волейбол федерациясы (ФИВБ) да бұл елді өз мүшеліктерінен шығарып жіберуі мүмкін. Бұл да ФИВБ-ның кезектен тыс жиналысында қаралған басты мәселе болған. Дегенмен, нақты шешім әлі бекітілмеді. Ал, волейболдан Украинаның 13 дүркін чемпионы, 2004 жылғы Еуропа кубогінің жеңімпазы харьковтық «Локомотив» командасы Ресей біріншілігінде ойнаудан бас тартты. Бұл туралы ақпарат клубтың ресми сайтында жарияланды. «Маусымның ең қызған шағында біз Ресей біріншілігінде өнер көрсетуімізді тоқтататынымызды өкінішпен жеткіземіз. Мұндай қиын шешімді біз Украинадаға саяси жағдайларға байланысты қабылдадық», — делінген клубтың ресми сайтында. Одан бөлек Укрианың волейболдан ұлттық құрамалары оқу-жаттығу өткізетін зал тама алмай әуре болып жүр.

Украина спорты он жылға артта қалып қойды

Расында, елдегі тұрақсыздыққа байланысты Украина спорты он жылға кейін қалды деп айтуға толық негіз бар. Мұны біз ойдан құрастырып отырғанымыз жоқ. Мұны украиналық ең беделді спорт порталы «Sport.uz» жазуды. Ол порталда солақай саясаттың арқасында Украинаның спортының жағдайы мүшкіл деп айтылып жатыр. Тіпті елдегі жағдай алдағы уақытта түзелмесе, Украна барлық спорт қауымдастықтарынан қатарынан шығып, не Олимпиада не әлем чемпионатына қатыса алмай қалады деп ескертуде.

Автор: Уалихан Қосанбай

http://alashainasy.kz/sabaktar/53183/