Иран президенті Хассан Роухани бүгін мемлекеттік сапармен Астанаға келеді. Сапар барысында ол Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездеспек.
Хассан Роухани өткен жылы Иран президенті болып сайланған. Бұл — оның Қазақстанға тұңғыш сапары. Қазақстан мен Иран президенттері бұған дейін өткен жылдың тамызында, Тегеранда, Назарбаев Роуханидің инаугурациясына барғанда кездескен еді.
Ол кезде президенттер Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жағдайды реттеу мүмкіндіктерін талқылаған. Мұның алдында, 2013 жылдың сәуірінде Алматыда Тегеран мен әлемдік алты держава өкілдерінің арасында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздер өткен.
Назарбаев пен Роухани бүгін кездескеннен кейін Душанбеге барады. Онда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер басшылары кеңесінің отырысы өтеді.
http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html?id=26571956