АЛТЫНОРДА
Новости

Ресей жаңа санкцияларға «жауап» қайырмақ

Ресей сыртқы істер министрінің (СІМ) орынбасары Александр Лукашевич  «Мәскеу АҚШ пен Канада жариялаған жаңа санкцияларға қарсы шаралар қабылдайды» деп мәлімдеді. АҚШ пен Канада 18-19 желтоқсан күндері Ресейдің Қырымды аннексиялауына және Украинаның шығысындағы әрекеттеріне байланысты жаңа санкциялар салатынын хабарлаған.

Ресей СІМ сайтындағы Лукашевичтің мәлімдемесінде «Донецк және Луганск республикаларының басшыларына салынған жаңа санкцияларға байланысты өкінішімізді білдіреміз. Мұның өзі Батыстың Украинаның шығысындағы дағдарысты шешуге тырыспай отырғанын көрсетеді» деп жазылған. Оның айтуынша, бұл санкциялар саяси процестерге кері әсер етеді.

АҚШ президенті Барак Обама 18 желтоқсан күні Қырыммен сауда қатынастарын тоқтататын заң жобасына қол қойып, елдің қаржы министрлігіне Украинадағы жағдайды ушықтыруға қатысы бар адамдар мен мекемелерге жаңа санкциялар салуды тапсырған еді. Санкция тізіміне Ресей мен Украинаның 24 азаматы мен бірнеше компаниясы ілінді. «Ночные волки» байкерлер клубы мен «Новороссия» партиясы да «қара тізімге» енді.

Канада 19 желтоқсан күні жариялаған жаңа санкциялар Ресейге мұнай-газ саласындағы технологияларды экспорттауға тыйым салады. Осы апта Еуропа Одағы (ЕО) да Қырымға инвестиция апаруға шектеу қойған еді.

Ресей Қырымды қосып алғалы және Украинаның шығысындағы қақтығыстар басталғалы АҚШ пен ЕО, Канада мен тағы бірнеше мемлекет Ресей шенеуніктері мен компанияларына, кәсіпкерлеріне қарсы бірнеше дүркін санкциялар жариялаған.

Мәскеу Украинаның шығысында Ресей әскері жоқ деп мәлімдеумен келеді.

 http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html?id=26754890