[:kz]
Ақтөбе облысының шененуніктері жаңа жылдық кештен бас тарқанымен, шыршаға ақша аямайды. Облыс орталығының басшысы Ілияс ЕСПАНОВ жаңа жылдық безендіруге 45 млн теңге бөліпті.
Бұл қаржыға жаңа жылдық мерекеге арналған қаладағы негізгі үш шырша мен мұз қалашығы, мүсіншелер жасалады. Оның сыртында кәсіпкерлер есебінен 50-ден астам шырша қойылады. Демек, Ақтөбе қаласы биылғы жаңа жылға 50 миллион теңгеден астам (50 шыршаны өзіңіз есептей беріңіз) ақша жұмсайды. Бұл дегеніңіз, Ақтөбеден 1 бөлмелі 7 пәтер сатып алуға болады деген сөз. Мәселен, krisha.kzсайтында Ақтөбе қаласының тәуір есептелетін Нұр Ақтөбе ауданындағы бір бөлмелі пәтердің орташа бағасы – 6 миллион теңге көлемінде.
Ал, Ақтөбедегі ең биік шырша – 30 метр. Ол облыс орталығының бас даңғылына, тура облыс әкімдігінің алдына қойылыпты. Қалаға одан бөлек тағы да негізгі деп есептелетін 2 шырша орнатылмақ.
«45 млн теңгеге қаладағы басты алаңдарға орнатылған 3 шырша мен оларды безендіру, мұз қалашығын жасау, басқа да мүсіндерді қою кіреді. Мысалы, Әбілқайыр хан даңғылында мұз қалашығын жасап жатырмыз. Одан бөлек, тағы бірнеше орындар болады мұз айдындарымен. Үш негізгі шыршадан басқа қаланың өзге аудандарына 50-ден астам шырша қойылады. Оны жергілікті кәсіпкерлер мойнына алды», — дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Дастан ӘЖІБАЕВ.
45 миллионнан бөлек 50 шырша… Бәлкім, ақтөбелік кәсіпкерлер де жаңа жылды тойлаудан (шенеуніктер сияқты) бас тартса, әлгі 50 шыршаға кететін ақша да қайырымдылыққа аударылар ма еді…
Фото автордікі
zhasalash.kz
[:]