[:kz]
Алматыдағы әскери бөлімдердің бірінде граната жарылды. Салдарынан ауруханаға түскен полковник пен сарбаз оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
Еске сала кетсек, №2027 әскери бөліміндегі оқу-жатығу кезінде граната жарылған еді. Қатардағы жауынгердің бірі шығыршығын суырып қойған қолындағы ұрыс гранатасын аяғының астына түсіріп алған. Сәтін салғанда сол кезде шалт қимылдаған офицер гранатаны іліп алып, қауіпсіз жерге лақтырып жіберген. Ал өзі сарбазды жерге құлатып, бүкіл денесімен оны жапқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі «Еуразия бірінші арнасына» сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта екеуі де аурухана төсегінде жатыр. Аяғы бинттеліп, жүру түгілі, сөйлеуге әзер шамасы жеткен Данияр «кешегі күнді ұзақ күттім» дейді. Өйткені бұған дейін олар тек теориялық іс-қимылдармен шектеліп, гранатаның не екенімен танысып келген. Ал кеше кезек-кезек сапқа тұрып, кәдімгі ұрыс гранатасының шығыршығын суырып, жоғары қарай лақтырулары керек болыпты. Бірақ домаланған зат тура жауапты сәтте қолынан түсіп кеткен.
«Ойламаған жерден болды. Төбеге лақтырсам, үш секунд ішінде жарылатынына сенімді болдым. Еңкейіп отырып қалу керек болды. Жұлып, лақтырайын деп жатқанда граната артқа қарай кетіп қалды», — дейді сарбаз Данияр Өнербай.
Қас-қағым сәтте атылғалы жатқан граната тура сарбаздың аяғының астына түскен. Ал оны байқап қалып, шапшаң қимылдап, аяғымен алысқа теуіп үлгерген бүгінгінің батыры – полковник Сергей Смицких.
Осылайша , білдей полковник бір жауынгердің өмірін аман алып қалған. Тепкен кезде-ақ жарылған гранатадан екі аяғы мен қолына зақым келіпті.
«Біздің офицерлердің кез-келгені осындай қадамға барар еді. Біздің мойнымызда әр сарбаздың амандығы тұрады. Бұл ешқандай қаһармандық емес. Жазатайым болған оқиға. Сарбаздар алдында теория үйренген болатын. Ал оқыс оқиға болған кезде окопта гранатаны бір орында лақтыру сабағын өтіп жатқан едік», — дейді 2027 әскери бөлімі командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары, полковник Сергей Смицких.
Екі әскери қызметкер де қазір дәрігерлер бақылауында. Отадан енді шыққан. Екеуінің де аяқтары жарақатанғандықтан, гипстеп тастапты. Бірақ өмірлеріне еш қауіп жоқ дейді, ақ халаттылар.
«Сарбазды денесімен жауып қалған полковниктің аяғының жұмсақ бұлшықеттері жараланған. Әсіресе, денесінің төменгі бөлігіне қатты зақым келген. Ота жасалды. Әлі үш аптадай уақыт ем-дом алатын болады», — дейді травматолог Александр Алексеев.
27 жылын әскерге арнаған тәжірибелі полковниктің бір ұлы бар екен. Әлі де денім сау болса, талай сарбазға тәлім беремін, деп отыр. Осы оқиғадан соң президент Қасым-Жомарт Тоқаев офицерді марапаттайтынын мәлімдеді. Ал төрт ай ғана әскерде жүрген сарбаз «ештеңеден қорқып қалмадым, керісінше әскери борышымды соңына дейін өтеуге дайынмын» дейді.
[:]