[:kz]
Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Еленовка ауылының атауы Самалтау болып өзгертілді. Бұл туралы ақын Мерген Тоқсанбай жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Айтуынша, өзге ұлт өкілдері ауыл атауының өзгеруіне қарсылық танытқан. Десе де, атауды қазақшалауды қолдағандар басым түскен.
«Бүгін Еленовка ауылының атын ауыстыруға арналған жиналыс болды. Бұл жердің тарихи атауы — Самалтау!
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ермек Нугманов ағам ұлттық мүдде, ономастика мәселелері жөнінде сөз сөйлей бастап еді, әдеттегідей орыс апайлар шулап қоя берді.
Әйтеуір, бұл жолы жалғыз барғам жоқ, Көкшетаудан Нұрислам Әбділ , Манарбек Қыдырбайұлы , Бахтияр Исмагулов , Абылайхан Әшімхан , Оралбек Нүрүш , Думан Самат бауырларым барған, олар да айтысып-тартысып, Алмас ағам күні-түні ізденіп архив пен ескі кітаптардан, газет-журналдардан тапқан деректерін алға тартып, ақыры дауысқа салып, ауыл атын қазақшалаймыз дегендер басым түсті. Біздің жігіттер сол жиналыстың хаттамасын жазып, орысшаға аударып, қол қойып, мөр басып бір-ақ кеттік. Орыстардың ығына жығылып хаттама теріс толтырылмасын деп сақтанған түріміз ғой.
Ал, ағайын, Самалтау қайырлы, құтты болсын! Қазақ еліне + 1 қазақша ауыл!»—деді ол.
[:]