АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Қасқыр жеп, аяғын ит кемірген қызды өлтірген әйел: «Өкініштен өзегім өртенеді»[:]

[:kz]

 

Шымкенттегі қатаң режимдегі әйелдер түрмесіндегі 31 жастағы келіншек кәмелет жасына толмаған қыздың өлімі үшін жазасын өтеп отыр. Қыздың жұлынған аяғын сүйреп жүрген ит қылмыстың ашылуына себеп болыпты, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

31 жастағы әйел ИЧ 167/4 қатаң режимдегі түзеу мекемесінде 9 жылдан бері жазасын өтеп отыр. Ауыр қылмысы үшін 18 жылға сотталған ол темір тор есейтті дейді. Қылмысы туралы көп айтқысы келмейді.

Оқиға 2012 жылы Жаңаөзен қаласында болған. Айжан (есімі өзгертілді: ред) ол кезде 22-де еді. Қатарлас қыздың ұялы телефонын әлімжеттік танытып тартып алған оны досының таныс қызы полицейлерге айтыпты. Жәбірленуші тараптың кешірім беруімен іс қысқартылған. Ішінде кек пайда болған соң ол қызбен арадағы мәселені шешпек болдым дейді. Айжан бұған дейін бұзақылық үшін шартты түрде сотталған.

«Арман, Нағима үшеуміз жеті жылдан бері жақсы дос болып араласып жүрдік. Көшеде тұрғанбыз. Мені полицейлерге ұстап берген қыз өтіп бара жатыр екен. Құрбым екеуміз қасына барып, «Менде нең бар? Не үшін айтасың?» деп әңгімеге тарттық. Сосын қатты ашуға булығып кетіп оны күштеп досымның көлігіне отырғыздық. Қаланың сыртына алып кеттік. Шашынан сүйреп, көліктен түсірдім. Бетінен шапалақпен ұрғаным рас. Арман көлігінен темір затты алып, Нағимаға ұстатты. Ол қыздың басынан 4-5 рет ұрғаны сол, қыз есінен танып, құлады. Бәрі қас-қағым сәтте болды. Не істеп қойғанымызды түсініп үлгермедік. Көлікке отырдық та кеттік. Кейін арада 5 минуттай уақыт өткенде қайта келіп, қызды жолдың шетіне сүйреп, оқиға орнынан қашып кеттік»— деді Айжан.

©ЭК/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ
©ЭК/Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Жазасын өтеуші ұрып-соғып, қаланың шетіне тастап кеткен қызды одан кейін көрмеген. Бірақ өлді дегеніне әлі де сенбеймін дейді. Арада бір айдай уақыт өткен соң Айжанды үйінен полицейлер алып кеткен. Айтуынша, қала шетінде қалған 1996 жылғы қызды қасқырлар талаған.

Жақын маңдағы ауылда қыздың жұлынған аяғын тістеп, сүйреп жүрген итті иесі байқапты. Қараса, джинсы шалбардың бөлігі, кроссовки киілген адамның аяғы. Полицияға хабарласқан. Бірден іс қозғалып, жақын маң түгел тексеріледі. Ал оқиға болған жерден қыздың басының бөлігі табылған. Сот-медициналық сараптама кезінде ит сүйреп жүрген аяқтың қаны кәмелет жасына толмаған қыздың әкесінің қаны құрамымен 99 пайыз сәйкес келген.

Айжан мен досы және құрбысы Маңғыстау облыстық сотының үкімімен 18 жылға сотталды.

«Біз қызды тастап кеткенде қан болған жоқ. Бірақ есін білмейтін. Өліп қалады деп ойлаған жоқпыз. Есінен танып жатқан оны тастап кетпеу керек едік. Оны ұрып-соққанымыз үшін де өкінемін. Бала күнімнен бұзық болдым. Мінезім де шарт-пұрт. Үйдің үлкенімін. Анам сегіз баланы дүниеге әкелген. Екеуі қайтыс болды. Менен кейін кілең інілерім. Тура жолдан тайып кетуім жоқшылықтың салдары деп ойлаймын. Мектепке бару үшін інімнің сабақтан келуін күтетінмін. Себебі сөмке мен аяқ киіміміз ортақ. Базарда ұрлық жасап, тапқан табысыма үйге нан мен қант әкелетінмін. Көше кезіп, бөтелке, алюминий сатқан күндерім болды. Бұл жолға түскеніме ешкімді кінәламаймын. Ата-анама да қиын болды. Бір айлыққа қарап отырған адамдар. Шиеттей баланы асырау оңай емес. Бірақ істеген ісіме қатты өкінемін. Ата-анам, бауырларымды жерге қаратқаным үшін өзімді іштей жеймін. Мен сотталғанда 5 жасар қызым қалды. Қазір жасы 14-те. Маған хабарласқанында «Ешкімнің ала жібін аттама, бұзық болма. Апаңның айтқанын істе. Жерден ақша тауып алсаң да алма. Себебі бәрінің сұрауы бар» деп айтып отырамын. Қызым менің қателігімді қайталамаса екен деймін. «Мама, қашан келесіз?» дегенде еңкілдеп жылап аламын», — деді жазасын өтеуші.

Ол бостандыққа шыққан соң ең алдымен мешітке барып, дұға етемін дейді. Сосын азаппен көз жұмған қыздың анасынан кешірім сұрайтынын айтты.

«Алла тағаладан, қайтыс болған қыздың анасынан, өзімнің туыс-бауырларымнан кешірім сұраймын. Ата-анамның үмітін ақтай алмағаным үшін қатты өкінемін. Кезінде «қолымнан бәрі келеді, маған бәрін жасай беруге болады» деген түсінікпен жүрдім. Түрме мені есейтті. Қоғамға деген көзқарасымыды 360 градусқа өзгерді. Алла берген өмірді тек Алла ғана алады. Мұнда жатып қатты қиналғанымда түрмедегі қызметкерлер үнемі қолдау көрсетеді. «Анаңды, қызыңды ойла» дейді. Психологиялық көмек біз сияқтыларға аса қажет. Алла қалап, бостандыққа шықсам, қоғам дұрыс қабылдаса екен деймін. Себебі әр адам қателеседі. Шалыс қадам басады. Бастысы, кінәңді түсініп, тура жолға қайта түсе білсең болғаны», — деді Айжан.

Айжан бүгінде түрмедегі асхана қоймасында еңбек етеді. Тағдыры туралы кітап жазуды бастапты. Мақсаты өзі секілді бұрыс жолға түскендерге сабақ болса екен дейді.

[:]