Қазақстан Халық Кеңесінің 17 мүшесі қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына 815 млн теңге көмек көрсетеді

Қазақстан Халық Кеңесінің құрамындағы 17 кәсіпкер Каспий теңізі жағалауындағы қайғылы оқиғадан қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылдады.

Жалпы көлемі 815 млн теңгені құрайтын қаражат марқұм болған әскери қызметшілердің жақындарына тікелей беріледі. Бұл қаражат отбасыларға осы қиын кезеңде қолдау көрсетуге бағытталған.

Көмек көрсететін кәсіпкерлердің арасында Қазақстанның түрлі өңірлерінен шыққан ірі бизнес өкілдері бар.

Атап айтқанда, Allur Group директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев 12 отбасының әрқайсысына 25 млн теңгеден бөлмек. Integra Construction KZ бас директоры Шахмурат Муталип те 12 отбасының әрқайсысына 25 млн теңгеден көмек көрсетеді.

Ал SA Construction Group бас директоры Гаджи Гаджиев – 100 млн теңге, Karazhal Operating компаниясының негізін қалаушы Жұмабек Жаныкулов – 50 млн теңге бөледі.

Сонымен қатар:

Бахыт Атайбеков – 10 млн теңге;
Дмитрий Лактюшин – 10 млн теңге;
Акбаржон Исмаилов – 10 млн теңге;
Имамзада Шагиртаев – 10 млн теңге;
Геннадий Зенченко – 5 млн теңге;
Александр Куприенко – 5 млн теңге;
Сырым Ертаев – 5 млн теңге;
Лугмар Буларов – 5 млн теңге;
Николай Арсютин – 1 млн теңге;
Рафаил Гаджибалаев – 1 млн теңге;
Манас Ташыбеков – 1 млн теңге;
Латипша Асанов – 1 млн теңге;
Абдулла Исматуллаев – 1 млн теңге.

Қазақстан Халық Кеңесі хатшылығының мәліметінше, бастаманың негізгі мақсаты – қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына моральдық және материалдық тұрғыдан қолдау көрсету.

Бұған дейін Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошанов қайғылы оқиғадан қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтқан болатын.

Ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылғанын, сондай-ақ зардап шеккендер мен олардың отбасыларына қажетті көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының өкімімен 25 қыркүйек Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.