Депутат: ауылда 85 мың теңге жалақыға күн көруге болады

«Respublica» партиясынан Құрылтай депутаты Мейірхат Қасымбаев ауылдық жерде 85 мың теңге айлықпен күн көруге болады деген пікір білдірді.
Журналист депутаттан қазіргі қымбатшылық жағдайында Қазақстандағы ең төменгі жалақы көлемі қандай болуы керектігін сұраған. Қасымбаевтың айтуынша, қала мен ауылдағы тұрмыс шығындарын бірдей бағалауға болмайды.
“Ауылдағы адамдар еңбекқор халық қой. Мәселен, сіз қалада тұрасыз, сіздің бақшаңыз жоқ. Ал ауылдағы адамдар мал ұстайды. Тамақ өзінен, сүт, көкөніс өзінікі. Сондықтан 85 мың теңге ауылда тұрып жатқан адамдарға жетеді. Еңбек еткен адамға 85 мың жетіп қалар”, – деді депутат Мейірхат Қасымбаев.
Сонымен қатар Қасымбаев қазіргі ауыл өмірінің бұрынғыдан өзгергенін де атап өтті. Оның сөзінше, қазір ауыл тұрғындарының өзі нан, сүт пен май секілді күнделікті азық-түліктің біразын дүкеннен сатып алады.
Қазақстанда 2026 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге болып белгіленген. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгені құрайды.
Депутаттың мәлімдемесі әлеуметтік желілерде ауылдағы нақты шығындар, азық-түлік бағасы, коммуналдық төлемдер мен отбасылық қажеттіліктер тұрғысынан қызу талқыланып жатыр.










