Түркістан облысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 29 жаңа білім беру ұйымы пайдалануға берілді. Нәтижесінде өңірде 22 900 оқушы орны ашылып, 22 мыңнан астам бала заманауи мектептерде білім алып жатыр деп хабарлайды informburo.kz ке сілтеме жасаған Altyn-orda.kz
Бұл туралы Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов мәлімдеді.
Жаңа мектептердің 20-сы ауылдық елді мекендерде, 9-ы облыс қалаларында салынған. Оның 13-і 2024–2025 оқу жылында, қалған 16-сы 2025–2026 оқу жылында пайдалануға берілді. Қазіргі таңда бұл білім ошақтарында 2 мыңнан астам педагог еңбек етеді.

Ұлттық жобаның басты мақсаты – мектептердегі орын тапшылығын азайтып, ауыл мен қала балаларына сапалы білім алуға бірдей мүмкіндік жасау. Бұл әсіресе оқушылар саны жыл сайын 5–7 пайызға артып келе жатқан Түркістан облысы үшін маңызды.
Жаңа мектептер заманауи пәндік кабинеттермен, STEM-зертханалармен, робототехника және IT сыныптарымен жабдықталған. Сонымен қатар спорт және акт залдары, кітапханалар, медициналық және психологиялық кабинеттер қарастырылған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де қолайлы жағдай жасалған.
Жобаның нақты нәтижелерінің бірі – Шардара қаласындағы үш ауысымды оқыту мәселесінің шешілуі. 2025 жылғы 17 ақпанда 1200 орындық жаңа мектеп пайдалануға беріліп, оған 1057 оқушы мен 107 мұғалім көшірілді.

Мектептерді білікті педагогтермен қамтамасыз ету де басты назарда. Мұғалімдер ашық конкурс арқылы қабылданып, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға және жаңа оқыту технологияларын меңгеруіне жағдай жасалуда. Сондай-ақ мектептерді жабдықтау кезінде отандық өндірушілердің жиһаздарына басымдық берілген.
Ғалымжан Орыновтың айтуынша, «Келешек мектептері» жобасы өңірдегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртып қана қоймай, балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заманауи әрі сапалы білім алуына жол ашып отыр.
Мариал қысқарылып алынды
