Бүгін Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауы өтуде. Өңірлерден алынған мәліметтерге сәйкес, еліміздегі 8 672 нысанда орналасқан 9 780 сайлау учаскесінің барлығында мүгедектігі бар азаматтардың жеке қажеттіліктері ескеріле отырып дауыс беруіне жағдай жасалған
Атап айтқанда, сайлау учаскелерінде пандустар, сүйеніш тұтқалар мен тактильді көрсеткіштер орнатылды. Дауыс беру кабиналары мүгедектер арбасын пайдаланатын азаматтарға да қолайлы. Көру қабілеті бұзылған адамдар үшін үлкейткіш әйнектер, қосымша жарықтандыру құралдары мен Брайль қарпімен жазылған ақпарат қарастырылған. Нақты белгілі бір сайлау учаскесінің жабдықталу деңгейімен inva.gov.kz порталындағы «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» арқылы алдын ала танысуға болады.
Дауыс беру күні еліміз бойынша «Инватакси» қызметі жұмыс істейді. Оның құрамында арнайы жабдықталған көліктерді қоса алғанда, 1,3 мыңнан астам автокөлік бар. Көлік саны жағынан Алматы қаласы (170), Атырау (145) және Ақмола (141) облыстары, Астана қаласы (135), Қарағанды (126) және Түркістан (114) облыстары алдыңғы қатарда. Елордада сапарлардың бір бөлігі пилоттық жоба аясында Yandex Go агрегаторы арқылы ұйымдастырылған. Алматы қаласы мен Қызылорда облысында қосымша кезекші көліктер де жұмыс істейді
Есту қабілеті бұзылған азаматтарға сурдоаудармашылар мен ымдау тілі мамандары көмектеседі. Олардың саны Қарағанды облысында – 72, Шымкентте – 65, Астанада – 57 адам. Елордада сурдоаударма қызметінің онлайн-диспетчерлік орталығы тәулік бойы тегін жұмыс істейді. Батыс Қазақстан облысында да ымдау тілі мамандары сайлаушыларға бейнебайланыс арқылы кеңес береді. Бұл бағыттағы жұмысқа Қазақстан саңыраулар қоғамының облыстық филиалы қолдау көрсетуде.
Өңірлерде сайлаушылардың қажеттіліктеріне сай қосымша шешімдер де қарастырылған. Мәселен, Қостанай қаласындағы №1 мектеп-лицейде орналасқан №21 сайлау учаскесінде есту және көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған арнайы жабдықтар бар. Олардың қатарында портативті бейнеүлкейткіш те орналастырылды. Ал Астанадағы сайлау учаскелерінде 800 волонтер азаматтарға көмек көрсетеді.
Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтар үйінде дауыс бере алады. Ол үшін дауыс беру күні сағат 12:00-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясына жазбаша өтініш беру қажет. Өтініш негізінде комиссияның екі мүшесі тасымалды дауыс беру жәшігімен сайлаушының үйіне барады.
Сайлау процесінің барша азамат үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету жұмыстары Министрлік пен Орталық сайлау комиссиясының 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында жүргізілуде.
