Ахмет Иассауи іліміндегі рухани құндылықтар және қазақ таңымындағы маңызы

Ахмет Иассауи іліміндегі рухани құндылықтар және қазақ таңымындағы маңызы

 

Адамзат баласына рух берген Құдай азар беруден алшақ тұрса, адамзат баласы қалайша адамға азар берсін. Мұны адамзат игілігін көздеген барша руханият қолдап, уағыздап келеді. Соның ішінде сопылық қауымдастықтар бұған үлкен мән береді. Сопылық жолындағы тақуаларды ізгі ниеттілікпен жаратылған адамзат жанының азапталуы ресми түрде ойландырды. Адамзаттың есен-амандығын тілеген тақуалар Аллахтан өзіне азар беруді сұранады. Сондықтан да жетілу жолындағы муридтерде азап беруден гөрі азап тарту басымырақ. Аллахтың жүзіне ғашық болған муридтерге азап тарту ғашықтық өтеуіне айналған сынақ тәрізді. Ахмет Иассауи де пайғамбар хадистеріне сүйене отырып, бұл тұрғыда:

 

Жалған атақтан арылып сәби болдым,

Алла атын айта-айта ашық болдым.

Аллаға бар жаныммен адал болдым,

“Фанафи Алла” мақамына салдым, міне.

 

Сүндет емес кәпірге де берсе азар,

Көңілі қатты, діл азардан құдай безер.

Ондай құлға Алланың азабы даяр,

Даналардан бұл сөзді естіп айттым, міне [1.20].

 

Мутасаууфтардың “Қайырымды ісіңе жоғары қайырымдылық аласың, зұлымдық істесең жазырын тартарсың”-деп тереңнен толғаған сөздерінен аңғаратынымыз да адам баласына азар бермеу. Ахмет Иассауи де бұл дәстүрден алшақ кетпеген. Хикметтерінде көңілі қатты, тоң мінезді жандардан Алла да безініп, оларға қахарын төгумен қатар азап та бергендігі айтылады.

Жетілу жолындағы муридтер жан тазалығын сақтаған. Оның жүрегінде мұндай дертке орын жоқ. Ахмет Иассауи муридтерінің әрбір істеген ісі мен сөйлеген сөзінен ақиқаттық сарын байқалып, ол оның мәртебесін асқақтатқан. Бірақ ол өзінің беделінің өскенін, халықтың құрмет тұтып қарағанын еш уақыт елемей, өз бойындағы қасиеттердің барлығын Алладан берілген деп санайды. Халқының қамын ойлап, солар үшін Аллаға басын исе, Алланың назарын өзіне аударғандай хәл кешкен.

ХІІ ғасырдың ұлы ақыны әрі терең ойшылдарының бірегейі Шота Руставели шумақтары бұл төңіректе, адам қызығарлық жәйттерді қозғайды. Ахмет Иассауи замандасы Шота Руставели де шығыc мұсылман елдерінің мәдениетіне, руханиятына қызығушылық танытады.

“Жолбарыс тонды жаһангез” дастанында жыр құдіреті махаббатты аспанмен тілдесер тәңірілік махаббатқа ұластырады. Ақынның тұжырымынша аспан арайы жердегі махаббат сияқты таза сезімдерге ғана өз шапағынан сәуле бере алады. Дастан қаһармандары Аспан тазалығынан сусындаған, өзгелерге өнеге боларлықтай ғибрат береліктей, кәдімгі жердегі қарапайым адамдар. Қарапайым болғанымен, олардың жан дүниесі зұлымдық пен жамандықтан таза.

Ғабит Мүсірепов “Ш.Руставелиде жер сыры мен Аспан тылсымын ұштастыра алатын сиқырлы күш бар”-десе, біз ол күшті Ш.Руставелидің  Араб жерінде туындаған ислам дінінің дәстүрлері мен соның ішінде сопылық бағытты жеткілікті түрде білуінен көре аламыз. Мысалы, Фатиманың Афтандилге барып айтқаны:

 

О сұм дүние! Арбаушы Ібіліс күлген бізді мазақ етіп,

Сұмдығыңды ұққан кім бар, зұлымдықты жазалы етіп.

Тұтылған соң жарық шұғыла барады өмір азабы өтіп,

Бұл өмірдің соңы — шіру, өлім құшса, қаза жетіп.

 

Жоғалды күн тіршіліктің дүниесіне паң боп енген,

Жоғалды нұр мұң-зардың алқабына таң жіберген.

Бұл жанымды шалған жалын, үзілді енді жан күдерден,

Жас бұлағы жуды, сел боп, көкірегімді қайға керген [2.189],-деп азапталу көрінісін суреттеуі Ахмет Иассауи хикметтерінің сарынынан айырып болмайды. Ібілістің арбауына түспеудің амалын іздеп, дүниеден безу. Бойыңдағы надандық қасиеттердің басымдылық танытып, зұлымдық күшіне ұласуына жол бермеу. Көріп отырғанымыздай, мұның барлығын толықтай дерлік Ахмет Иассауидің “пақырлықта мүнкар болмау” мақамы өз өн-бойына алған.

Зұлымдық күштерімен алысу үшін муридтерге нәпсінің құлқынын жабатын алтын, күміс, жалпы дүние атаулының құмнан айырмасы жоқ етіп қабылдаған нәпсі керек. Алтын мен күміс болған жерде сенімнің болмайтындығы әркімге де аян. Сондықтан да зұлымдыққа қарсы тұрған сенім, әрқашан да алтын мен күміске сенген сенімнен артық тұрады.

“Ақиқат жаршысы” атты еңбекте зұлымдық пен қайырымдылық күштерін талќыѓа салады жєне оны Ахмет Иассауи дүниетанымымен ұштастырып, философиялық тұрғыдан саралайды. Зұлымдық к‰ні б‰гінге дейін µз формасын саќтаѓан. Ќайырымдылық принциптері кейпін µзгертіп, ќоѓам талаптарына бейімделген тєрізді. Демек адам санасында екі бастама ќайшылыќтарын жоймаѓанымен ќоѓам зањдары арнайы талаптарды к‰шейткен.

Ахмет Иассауи сопылық ілімінде қоғамға тән нақты тарихи белгілер назардан тыс қалған. Басқаша айтқанда, Иассауи ілімі белгілі бір уақыт аралығында тәуелді болудан алшақтап, дерексіздендіріледі. Мұндай сәттерде сопылар қауымы уақыттың бар-жоғымен есептеспейді. Ахмет Иассауи әлемдегі адам болмысының уақытқа тәуелді параметрлерін тауып, оны үзіп тастау арқылы философияны теориялауда үлкен жетістікке жетті.

Дегенмен, бұл еңбекте діни дәстүрлерге аса көңіл бөлінбей, сопылық ілім туындатқан мистикалық әдіс тәсілдер мүлде қарастырылмайды. Және де зұлымдық күштерін саралаудан алынған қорытындылар діни философиялық тұрғыдан үстірт қарау орын алғанын көрсетеді.

Иассауийа тариқатынан сопылық тәлім алған муридтердің зұлымдық күшінен алшақ тұруы олардың күнделікті діни дәстүрлерге негізделген әрекеті мен рухани жетілуді мақсат етіп алуынан. Алланың рухани құдіретін танытқан сопылық ілім халық танымында сиынуға негізделген діни дәстүрлерді қалыптастырды. Бұл діни дәстүрлер адамның рухани мұқтаждығын өтеумен қатар зұлымдық бастауларын жоюға септігін тигізген.

Ахмет Иассауи насихаттаған сопылық ілімінің қазіргі таңдағы адамның рухани танымын жетілдіруге тигізер әсері мол. Ол үшін де адамзат танымында руханиятқа деген құрметті қалыптастырып, олардың ақиқатты өмірге деген көзқарасын ұлғайту керек. Ахмет Иассауи ілімінің уақытқа тәуелсіздігі де осында. Қаншама ғасыр өтсе-дағы түркі халықтарының асыл-жаухарына айналған Ахмет Иассауидың ақиқат ілімі, қоғамымыздағы жеке адамның рөлін айшықтауға өзіндік септігін тигізуде. Бұл ата-баба дәстүрін ардақтап, оны халыққа ұсыну арқылы шайхтың ізбасарларына айналған иассауитанушы ғалымдардың еңбектерінің жемісі.

“Сыр сулук қылмақ” және “сыр сақтамақ” мақамдары шайхтың қарауындағы муридтің  тылсымдық сырды тануға өзіндік талпынулары мен сол тылсымдық сырдың жария етілмеуін қарастырады.

Ахмет Иассауи тариқатындағы муридтің басты нысанасы да — тылсымдық сырға айналған Алланың ақиқаты. Муридтер өз бойына жинақталған қисындық танымға негізделген ілім мен өте жоғары дәрежедегі сезіну қабілетіне сүйене отырып, ақиқатты тануға алғашқы қадамдарын жасайды. Мурид шайх белгілеген “сыр сулук” мақамында, яғни еркін ойлаушылыққа негізделген рухани ізденістерімен ақиқат сырының бет-пердесін ашып, жан-дүниесінен өзіне мәлім болмаған жаңалықтарды табады. Мұны Ахмет Иассауидің “көкіректегі түйінді сен өзің шеш” [1.26],- деп муридтің ойын, жан-сырын тануға бағыттауынан көреміз.

Алла болмысы түсініксіз. Бірақ Алланың ақиқатын ақылмен тануға мүмкіндік беретін ілім бар. Ол сөзбен айтып жеткізуге келмегендіктен, Алланың ақиқатымен байланысуға муридтің өзі талпынады. Н.Б.Мечковская “Тіл және руханият” атты еңбегінде, “Тылсымдық байланыс дегеніміз, бұл адам Алланың жауабын естиді және аспаннан оған не айтылғанын түсінеді, біледі [85.29],”-дейді. Демек, “сыр сулук” еткен мурид Алланың назарына ілігіп, оның ақиқатын тануға ишарат алады.

Мистицизімде Алланы айқындалмаған түрде тану қалыптасқан және ол орта ғасырлық философтардың бұл тұрғыда айтқандарынан да сыртқары кетеді. Тылсымдық танымдағы “айқындалмаған” ұғымы Аристотельдің қалыптастырған “анықталмаған” ұғымынан өзге. Яғни өзіндік қасиеттерімен ерекшеленбеген, тегі анықталмаған нәрсе, мүлде суреттеуге келмейді деген емес. Ал мұндай суреттеу бар болса да, оның белгілі бір нәрсені талқылап, айтудан өзгеше болары анық. Алланың айқындалмағаны мистиктер түсінігінде де айқындалмаған түрде.

Рене Декарт: “Ғылымда белгілі бір принцип жоқ дей келе, бүкіл ғылымды жинақтау бастапқы қайнарды танып, білуге мүмкіндік береді” [3.220-221],-деген.

Ал-Ғазали пікірінше, “тақуалар мен ғұламалардың жолдарының тоғыспауы осыда. Тақуалар ақиқат ілімін танып-білуге құштар болса, ғалымдар ол ақиқатты парақ бетіне түсіріп, оны жан-жақты талқылауға құштар. Ал бұл тәсілді толығымен үйрену үшін де нашар қасиеттерден арылып, дүние-мүліктен қол үзіп, бүкіл түсінігімен Алла тағаланы ойлауы керек.

Негізінде өзін-өзі тақуалықпен ұстаған адамға ғана Алланың рахметі түсіп, періштелердің құпиялары ашылған. Сонымен қатар ақиқат сырлары ап-айқын болған. Муридтің бұл тұрғыда істейтін шаралары, ең алдымен нәпсі тазалығын сақтап, әрдайым рухқа адал көңілменен және бүкіл қайрат-жігерімен әрекет ете отырып, Алланың рақымына ілігу. Мұндай муридтің жаны Алланың берген нұрымен таза. Әулилер мен пайғамбарлар үшін сырлар әлемі  ашық. Себебі олардың рухтары кемал амалдары арқылы байланысу қабілетіне жетілген дәрежеде болады. Бұл істің ғылым үйренуден ерекшелігі, дүниелік нәрселерден тысқары қалып, сана тазалығын сақтай отырып, Аллаға жөнелуінде [4.258].  

 

Дүние  мүлікті тәрк етпей, көрмес дидар,

Дидар көрем деген ғашық жанын қинар.

Ондай ғашық ақырында көрер дидар,

Дидар көрмей Алла сырын шашпа достар.

 

Сырдан мағына түймегендер бөтен болар,

Ол ғашықтың мекені ойран болар.

Ғашық жолында жан қиғандар жақын болар,

Жаннан кешпей, жаннан хабар алма достар [1.71-72].

 

“Диуани хикметте” көрініс алғандай, Алланың жүзін көруде байыпты әрекет ету мен оның ақиқатына айналған сырды шашпау, муридті мақсатына жеткізген. Мурид ұстаз насихатына үнемі мойындаумен ќатар, іс-єрекетте аллаға бағынышты. Жанына үйірген ақиқат сыры, оның жан сырына ұласып, жолшылықтағы жан серігіне айналады.

“Сыр сулук” мақамына түскен мұндай жолшы “салик” деп аталады. Тылсым сырды меңгеру жолына түскен саликтің мұқтаждығын өтеуге бағышталған амалы  бір-бірімен кірігіп, араласып жатқан ақиқат мақамының соңғы сатыларында. Яғни, “шариғат, тариқат, ақиқат мақамдарын біліп, амал ету” мен “шайхтың өсиетін орындағанды шайх сырына әмір ету” мақамдары — жүректен бастау алған екі күре тамыр сияқты, саликтің денесін ақиқат сырымен азықтандырып, оны бүкіл бітім-болмысымен тануға жол ашады. Ал мұндай жүрек бойына “лахут” хәлдер жиынтығын жиып, Ақиқат сырының мән-маңызын жанымен танып білген муридке ғана тәуелді.

Шайхтың өсиетін бұлжытпай орындап, “Инсан камил” мәртебесіне толысқан муридті сұхбат құруға шақырған пір, оның дәрежесін ақтаған түрде “хирка” жамылғысын жабады. Шайх бұл ісімен муридтің ақиқат сырын жетік меңгеріп, оны жетілуді көздеген муридтерге таратуға толық мүмкіншілігі бар екендігін танытады.

Бұл жөнінде Ахмет Иассауи “Мират ал-кулуб” рисаласында, “Жетпіс мақамнан сүрінбей өтпек, көңіл көзі ашық шайх жоғарылау мақамына талпынып, қол созған муридке тәлім беруі керек”,-деген. Демек жетпіс мақамнан сүрінбей өтіп, пір иығындағы “хирканы” жамылу, бұл муридтің “Инсан камил” мәртебесін иеленудегі шарықтау шегі.

Пір иығындағы “хирканы” жамылу, оның шариғат, тариқат және ақиқат ілімдерін жетік меңгеріп, рухани өмірдің негізіне айналған, бұл үш бағытты толық және жетілдірілген күйде өз әрекеттерінде қолдануы; көз алдына рухани өмірдің барлық дәрежелерін ашық етіп, жетілу жолындағы барлық сатылардың шыңына шыққанын білдіреді.

Сонымен “Инсан камил” дәрежесіне жетілудегі Ахмет Иассауидің рухани-танымдық жолын талдау, ұлы ғұламаның ақиқат жолын бағыт-бағдары етіп алып, бар ғұмырын адамзат бойындағы асыл қасиеттерді ақиқатпен ұштастыра отырып, түркі халықтарының рухани бірлігін бекемдей түсуге арнағанын көрсетеді. Оның кім Құдайды жан-тәнімен сүйсе, ол соғұрлым оған жақындай түседі және Құдайылық мәнге жақындау бойындағы күнәларыңды тазартады деген көзқарасы — түркі халықтарының танымының бөлінбес бір бөлшегіне айналды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

 

  1. Иасауи Қ.А. Диуани хикмет. Аударғандар: М.Жармұхамедұлы, С.Дәуітұлы, М.Шафиғи. –Алматы: Мұраттас, 1993. -262 б. Руставели Ш. Жолбарыс тонды жахангез.- Алматы: Жазушы, 1974. –254б.
  2. Александров Г.Ф. История Заподноевропеиской философий. -Ленинград: Изд. Акадкмии Наук СССР, 1946 –543 с.
  3. Al-Gazalі. Sufі ve sufі farklarі //Gundor E. Іslam Tasavvufіnіn Мeselelerі. –Іstanbul: OTUKEN, 1993 –288 s.
  4. Семенов А.А.Мусульманский мистик и искатель бога. –Ашхабат: –45 с.