«Қыздарымызды ұрлап жатыр»: Ауғанстандағы қандастар Қазақстан үкіметінен көмек сұрайды

Орта жүздің қоңырат руының ішіндегі жетімдерден тараймыз. Тәліптер режимінен ертерек құтылып, атажұртымызға оралғымыз келеді.

Ауғанстандағы қандастар жағдайларының күн өткен сайын нашарлап бара жатқандарын айтады. 1992 жылы туған өзін Абдул Басит Ахмади деп  таныстырған азамат — Ауғанстан астанасы Кабул қаласының тұрғыны.  Қазақстан елшілігінен бірнеше мәрте көмек сұрағанымен, мардымды жауап болмапты. Ауғанстандағы бес отбасының аманатын арқалаған ол қазақ үкіметінен көмек сұрайды деп хабарлайды Stan.kz ке сілтеме жасаған sn.kz  ақпараттық порталы 

Абдул Басит Ахмади Кабул қаласында жеке кәсіппен айналысады. Сегіз жасында әкесінен жетім қалған. 2020 жылы Кабулдағы Машал университетін экономист мамандығы бойынша бітірген. 

«Ауғанстанда туыстарымнан бес қазақ отбасы өмір сүріп жатыр. Орта жүздің қоңырат руының ішіндегі жетімдерден тараймыз. Тәліптер режимінен ертерек құтылып, атажұртымызға оралғымыз келеді. Балаларымыздың тарихи мекендерінде оқығандарын қалаймын.  Бұл жақта білім беру мекемелері жабылуда. Жарқын болашағымызды тек атажұртымызда ғана көремін», — дейді ол.  

Тәліптер билікті қолға алғанда, Кабулдағы Қазақстанның елшілігіне бес отбасының атынан өтініш хат жазған. Елшіліктегілер оларға нақты жауап қатпай, әлі де күту керектігін хабарлапты.

«Ата-бабаларымыз соғыс пен ашаршылық жылдары атамекеннен қоныс аударған. Атамнан Сырдария, Алатау деген жерлер есімде қалыпты. Атам аяқ киім тігетін. Кейбір сөздерді қазақ тілінде айтатын. Әжем наурыз айында үйді тазалап, наурыз көжеден көрші-қолаңдарға дәм татқызатын еді. Бала кездегі естеліктердің арасында, екі өркешті түйеге жүгімізді артып бабаларымыз көшіп келген дейтін. Бір қызығы Ауғанстанда екі өркешті түйелер жоқ. Иран және Қазақстаннан алыс жақын туыстарымыз да бар. Бір ағам Ауғанстанның ішкі соғыстарында опат болды. Соғыс кездері Пәкістан ислам республикасына еңбек мигранты болып та кеттік. 2003 жылы Ауғанстанға зайырлы үкімет орнағанда қайта оралдық. Мектепте парсы және пуштун тілдерін де оқыдық. Бізде қысым болды. Өзбек тілінде сөйлесек, біздерді білімсіз санайтын. Өзбек тілінде сөйлесуге де ұялатын едік.

Басқа халықтан қыз алып, қыз берісіп те өзгеріске түскенбіз. Кейбір қазақтар көрші елдерге кетуде. Ауғанда кейбіреуі өзіміздің қазақ екендігімізді білмейді. Қаписа провинциясы, Хеса ауданы, оның ішінде «Қазақ» деген ауыл бар.  Олардың барлығы парсы тілінде сөйлейді. Олармен сөйлессем өз тарихтарын білмейді. Үлкен қариялары өмірден өтіп кеткен. Осындай ауыл аттарынан біраз аңғаратын жайттар бар. «Қазақ» ауылына өзім барған жоқпын. Аталарымыз  Ауғанстанға шамамен XVIII-XIX ғасырларда бөлініп келген. Қазақтардың басым бөлігі егін және мал шаруашылығымен айналысады», — дейді ер азамат. 

Қаписа провинциясындағы Қазақ ауылы

Редакциямызға Қазақстан елшілігіне жазған өтініштері мен төлқұжаттары және басқа да мәліметтерді жіберетіндігін жеткізді. Бұған қоса ер азаматтың бір туысы бұрынғы мемлекеттік қызметте істеген. Қазір тәліптердің жазалауынан қорқып қашып кетіпті. Одан әлі үшті-күйлі хабар жоқтығын айтады.

«Бұл жақта да қожалар бар. Біз басқа этнос өкілдері басым шоғырланған аймақтардан ассимиляцияға ұшырадық. Балаларымыздың болашағына қатты алаңдаймыз. Ауғанстанда азық-түлік бағасы үнемі қымбаттап жатыр. Елде жұмыссыздық деңгейі де жайлап барады. Ағайындарымыздың біреуі құрылыс, біреуі зауыт, басқалары да әртүрлі қарапайым жұмыстарды істейді. Әйелдеріміз жұмыссыз, үй шаруасында», — дейді 30 жастағы азамат. 

Абдул Басит Ахмади әлі дипломын қолына алмаған. Қазақстанға оралып өз білімін жалғастырғысы келетіндігін айтып қалды. 

«1300 доллар шамасында жеке дүкенімді ашқанмын. Онда Кабул базарынан ұн, күріш, май, бұршақ т.б. азық-түліктерді алып сатамын. Ауған ақшасымен бір қап ұн 1500 ауғани шамасында болса, соғыстан кейін 2700-ге дейін көтерілді. Тура осылай басқа да азық-түлік өнімдерінің бағалары өсіп жатыр. Бұрын бомба анда-санда жарылса, қазіргі биліктің тұсында да сондай жарылыстар болып тұрады. Қайта балалар бұрын мектепке баратын. Қазір оқу жоқ. Елдегі жұмыссыздық деңгейін бұрынғы билікпен салыстырсақ, қазіргі экономикаға қатты әсерін тигізуде», — дейді қандасымыз. 

Сөзінше, Ауғанстанда басқа ұлттарға қарағанда қазақтар өте аз. Сол себепті де басқа ұлттардың арасына сіңсіп кеткен. Көбісі осылай қазақ тілін жоғалтып алған дейді. 

«Ауғанстаннан басқа елдерге кетіп жатқан қазақтардың саны нақты белгісіз. Себебі басқа қазақтармен араластығымыз жоқ. Қазақстан елшілігі ауғандарға виза беруді тоқтатқан. Ауған халқы виза және визасыз Иран мен Пәкістан елдеріне кетуде. Тіпті кейбіреулері Ираннан Түркия республикасына да жол тартады. Олардың барлығы өз жандарын қатерге тігуде», — дейді ол.

Қазақстаннан және әлем елдерінен гуманитарлық көмек келеді екен. Бірақ олардың нақты қайда таратылатыны белгісіз. Ел арасындағы қаңқу сөзге қарағанда діттеген жерлеріне жетпей қалады дейді. 

«Отбасыларымызда кәмелет жасына толмаған қыз балалар бар. Соңғы кездері 9-12 жас шамасындағы қыздарды да ұрлап жатыр. Кейбіреулерінің өлі денелері ғана табылады. Отбасылары қатты қорыққандарынан ешкімге айтып шағымдана алмайды. Біздің өтінішімізді алыстағы ағайындарымызға жеткізгендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Біздің жағдайымыз өте қиын. Келешекте де қиындай береді. Құрғақ нан мен су болса да тауып жерміз. Бірақ болашағымыз бұлыңғыр», — дейді қандасымыз. 

Stan.kz тілшісі Абдул Басит Ахмади айтқан Ауғанстандағы «Қазақ» ауылы туралы кейбір мәліметтерді тапты. Google картадан ауыл Қаписа провинциясындағы Хеса ауданынан көрініп тұр. «Қазақ» атымен аталатын ауруханасы да бар екен. Осы материалға қатысты қандасымыздың мәліметтеріне қызығушылық танытып, зерттеу жүргізгісі келетін жандармен әріптестік орнатуға дайынбыз.

 

ТегтерАуғанстан