Астанаға Ауғанстанның бизнес-делегациясы келді

Елордаға Ауғанстанның өнеркәсіп және сауда министрі Нуриддин Азизи бастаған 210 адамнан тұратын бизнес-делегация келді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Делегацияны әуежайда ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин күтіп алды.

Қонақтар қатарында Ауғанстанның Орталық банкінің басшылары, ірі жеке меншік банктердің, «Да Афганистан Брешна Шеркат» (DABS) энергетикалық компаниясының, «Афган телеком» (AfTel) телекомуникациялық компаниясының, ауыл шаруашылығы өнімдері мен мал шаруашылығы палатасының, сауда-инвестициялық палатасының, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, фармацевтика, өнеркәсіп, көлік-логистика, инженерлік, тоқыма және басқа компаниялардың өкілдері бар.

Министрдің айтуынша, Ауғандық делегаттармен B2B келіссөздері, бизнес-форум, ауған тауарларының көрмесі сияқты ауқымды шаралар өтеді.

 «2 тамызда Қазақстан және Ауғанстан компанияларының презентациялары, B2B келіссөздері өтеді. 3 тамызда бизнес-форум жұмысын бастайды, ал 4 тамызда елорда тұрғындары мен қонақтарына ауған тауарларының көрмесі (EXPO, Конгресс-орталық) ашылады. Көрмеде Ауғанстаннан түрлі азық-түлік, мыс ыдыстар, мәрмәр, кілемдер, зергерлік бұйымдар және басқа да көптеген тауарлар ұсынылады», – делінген хабарламада.

фото: ҚР үкіметі 

Сауда министрлігінің мәліметінше, Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы екіжақты сауда-саттық айналымы 1 миллиард долларға жетті. Екі тарап бұл көрсеткішті 3 млрд долларға дейін арттыруды жоспарлап отыр.

Қазақстанның Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау салаларында жалпы 500 млн-нан астам доллар сомаға экспорт жасау әлеуеті бар.