Қазақстанда спорт инфрақұрылымын дамыту, өңірлерде жаңа спорт кешендерін салу және халықтың бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Алдағы уақытта еліміздің әр аймағында жаңа спорт нысандары бой көтеріп, қолданыстағы кешендерді жаңғыртуға да көңіл бөлінбек деп хабарлайды 24KZ сілтеме жасаған Altyn-orda.kz
Жаңа спорт кешендерінің құрылысы, жоспарланған жобалар мен саланың алдағы басым бағыттары туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі Мейрамғазы Сапарғалиев айтып берді.
Биыл 121 спорт нысаны пайдалануға беріледі
Мейрамғазы Сапарғалиевтің айтуынша, соңғы жеті жылда Қазақстанда 536 спорт нысаны салынған. Ал 2025 жылы ел бойынша 147 спорт нысаны пайдалануға берілді. Оның 107-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан.
2026 жылы тағы 121 спорт нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның 98-і ауылдық жерлерде бой көтермек. Бұл ауыл тұрғындарының спортпен айналысуына қолжетімді жағдай жасауға бағытталған.
Сонымен қатар қазіргі уақытта елімізде 13 ірі спорт жобасы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның жетеуінде құрылыс басталған. Төрт жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Қалған нысандар бойынша қаржыландыру және құжаттама мәселелері қарастырылуда.
Ерекше қажеттілігі бар балаларға да жағдай жасалады
Спорт инфрақұрылымын дамытудың тағы бір маңызды бағыты – инклюзивті спорт. Яғни жаңа кешендер ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да спортпен еркін айналысуына бейімделеді.
Бұған дейін Ақтөбе, Ақмола облыстары мен Астана қаласында осындай спорт нысандары салынған. Енді тағы жеті өңірде арнайы жабдықталған кешендер салу жоспарланып отыр.
Жаңа нысандар тек параспортшыларға ғана емес, олимпиадалық спорт түрлерімен айналысатындарға, кәсіби және әуесқой спортшыларға да қолжетімді болады. Бұл ретте ғимараттарды жобалау кезінде халықаралық стандарттар мен қолжетімді орта талаптары ескеріледі.
Ауылдарға қандай спорт нысандары салынады?
Комитет өкілі спорт кешендерін салу кезінде әр өңірдің ерекшелігі мен халық санын ескеру қажеттігін атап өтті.
Мәселен, халқы аз ауылдарда үлкен спорт сарайларын салудың орнына, ашық спорт алаңдары мен жеңіл конструкциялы кешендерге басымдық беріледі. Ал тұрғындары көп елді мекендерде ірі спорт нысандарын салу қарастырылады.
Мұндай шешімдер спорт инфрақұрылымын тиімді орналастырып, жергілікті тұрғындардың сұранысын ескеруге мүмкіндік береді.
Жалпы, Қазақстанда қазір 26 518 спорт нысаны жұмыс істейді. 2029 жылға қарай халықты спорт инфрақұрылымымен қамту деңгейін 65 пайызға жеткізу көзделген.
