АЛТЫНОРДА
Басты жаңалықтарШетелдегі қазақтар

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанға 1,2 миллионға жуық қандас оралды

Олардың басым бөлігі еңбекке қабілетті жастағы азаматтар. Бұл – елдің демографиялық әлеуетін арттырып қана қоймай, экономикалық және қоғамдық дамуына да серпін беретін маңызды фактор деп хабарлайды Altyn-orda.kz

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тарихи Отанына оралған қандастардың саны 1 миллион 200 мыңға жуықтады. Шет мемлекеттерде өмір сүрген қазақтардың елге оралуы тәуелсіздік жылдарындағы маңызды тарихи әрі демографиялық үдерістердің біріне айналды.

Ең бастысы, елге оралған азаматтардың дені еңбекке жарамды жастағы адамдар.

Олар бүгінде Қазақстанның түрлі өңірлерінде еңбек етіп, кәсіпкерлікпен айналысып, білім мен мәдениет, ауыл шаруашылығы, өндіріс және басқа да салалардың дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Қандастардың елге қоныс аударуы халық санын арттырутмен ғана шектелмейді. Бұл – ұлттық тіл мен дәстүрдің жаңғыруына, тарихи-мәдени сабақтастықың сақталуына және қазақ қоғамының рухани тұрғыдан толығуына ықпал ететін құбылыс.

Әсіресе шетелден келген азаматтар өздерімен бірге еңбек тәжірибесін, кәсіби дағдыларын және жаңа бастамаларын ала келеді.

Мемлекет те тарихи Отанына оралған азаматтардың қоғамға бейімделуіне ерекше көңіл бөліп отыр. Олардың құжат рәсімдеуіне, тұрақты қоныстануына, жұмыспен қамтылуына және әлеуметтік ортаға сіңісуіне жағдай жасау бағытында түрлі қолдау тетіктері қарастырылған.

Әрине, жаңа ортаға бейімделу, баспана табу, жұмысқа орналасу, балалардың білім алуын ұйымдастыру сияқты мәселелер де жоқ емес.

Сондықтан қандастарды қолдау шараларының тиімділігін арттыру, олардың әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік беру маңызды.

Тарихи Отанына оралған әрбір қазақ – елдің адами капиталының бір бөлігі. Олардың қоғамға сіңісуіне жағдай жасау және мүмкіндіктерін ел игілігіне бағыттау Қазақстанның демографиялық, экономикалық және мәдени дамуы үшін маңызды міндет болып қала береді.