Қазақстан әлемдегі алтын өндіретін жетекші 15 елдің қатарына кірді

Қазақстан алтын өндірушілерінің VII форумында алтын өндіру саласын дамыту перспективалары мен инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Іс-шараға бизнес өкілдері, салалық қауымдастықтар, инвесторлар және тау-кен-металлургия саласының мамандары қатысты.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев Қазақстанның пайдалы қазбалар қоры жеткілікті екенін айтты.

“Мемлекеттік есепте 374 алтын кен орны тіркелген, олардың жалпы қоры 2 369 тонна. 2025 жылы мемлекеттік есепке қоры шамамен 98 тонна алтын болатын бес жаңа кен орны енгізілген”, – деді Азамат Панбаев.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің деректеріне сәйкес, Қазақстан алтын өндіру көлемі бойынша әлемде 14-орында тұр. Өткен жылы елде 71,2 тонна тазартылған алтын өндірілген.

 
Сонымен қатар бұл салада инвестициялық белсенділік те өсіп келеді. 2025 жылы бағалы металдар өндірісіне салынған инвестиция көлемі 99 миллиард теңгеге жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 38%-ға көп.