Қазақстанда 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіге тіркелуге шектеу қойылмақ

Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне заң жүзінде тыйым салынуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің осы бастамасын қолдайтынын мәлімдеді.
Президент бұл мәселені бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясында көтерді. Оның айтуынша, мемлекет өскелең ұрпақтың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруіне барынша жағдай жасауы керек.
Үкімет әзірлеген заң жобасы 16 жасқа толмаған пайдаланушылардың әлеуметтік желілерде тіркелуіне тыйым салуды көздейді. Құжат биыл маусым айында Парламентке енгізілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай шектеулер әлемнің бірқатар елінде енгізіліп жатқанын айтып, Қазақстанда да бұл мәселені басым бағыттардың бірі ретінде қарастыру қажеттігін атап өтті.
Президенттің сөзінше, тек заң қабылдаумен шектелуге болмайды. Оның нақты орындалу тетігі де алдын ала ойластырылуы тиіс.
«Тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі қауқарсыз заң ешкімге қажет емес», – деді Мемлекет басшысы.
Балаларды интернеттегі қауіптен қорғау
Бастаманың негізгі мақсаты – балаларды зиянды контенттен, қауіпті онлайн қарым-қатынастан және жеке мәліметтердің таралуынан қорғау. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардың балалардың психологиялық жағдайына әсеріне де ерекше назар аударылып отыр.
Президент онлайн-платформалар мен масс-медиа саласындағы заңнаманы да жетілдіру қажеттігін айтты. Ақпараттық кеңістікте азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған қосымша шаралар қабылдануы мүмкін.
Енді ұсынылған шектеудің нақты қалай жүзеге асатыны, балалардың жасы қалай тексерілетіні және әлеуметтік желі платформаларына қандай талаптар қойылатыны заң жобасын қарау барысында нақтыланбақ.










