Қазақстандық оқушылар Халықаралық химия олимпиадасында төрт медаль жеңіп алды

Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Қазақстандық оқушылар химиядан өткен әлемдік білім додасында жоғары нәтиже көрсетіп, төрт медаль иеленді
Өзбекстанның Ташкент қаласында ұйымдастырылған 58-ші Халықаралық химия олимпиадасында Қазақстан құрамасының барлық төрт мүшесі жүлдегер атанды. Ұлттық құрама қоржынына бір алтын және үш күміс медаль түсті. Осылайша қазақстандық команда 100 пайыздық нәтиже көрсетті.
Алтын медальді Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Айзере Женісханова жеңіп алды.
Күміс медаль иегерлері:
— Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Әбілмансұр Қали;
— Алматы қаласындағы №134 лицейдің оқушысы Данил Полетаев;
— Астанадағы Spectrum International School мектебінің оқушысы Ансар Жақсылықов.
Халықаралық химия олимпиадасы — мектеп оқушылары арасында өткізілетін ең беделді ғылыми жарыстардың бірі. Байқауда қатысушылардың химия пәні бойынша теориялық білімі мен зертханалық тәжірибесі сыналады.
Қазақстан құрамасы бұл олимпиадаға 1998 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, осы уақыт ішінде қазақстандық оқушылар 10 алтын, 35 күміс, 48 қола медаль және төрт құрмет грамотасын иеленген.
Қазақстандық жас химиктердің кезекті жеңісі еліміздегі дарынды оқушылардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Толығырақ: Altyn-Orda.kz










