Қазақстанның алғашқы АЭС жобасы жаңа кезеңге өтті: « Келісімшартқа қол қойылды

Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу жобасы практикалық кезеңге өтті. Владивостокта өтіп жатқан XI Шығыс экономикалық форумы аясында Қазақстан аумағында АЭС-ті жобалау, жабдықтау және салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылды деп хабарлайды  Altyn-orda.kz   агенттік порталы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің ресми Telegram-парақшасына сілтеме жасап   хабарлайды.

Құжатқа «Қазақстан атом электр стан циялары» ЖШС мен «Росатом» мемлекеттік корпорациясының еншілес кәсіпорны – «Атомстройэкспорт» АҚ қол қойды.

Келісімге қол қою рәсіміне Қазақстанның Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен «Росатом» бас директоры Алексей Лихачев қатысты. Ресми ақпаратта бұл құжат алғашқы АЭС құрылысы жобасының жаңа, практикалық кезеңге өткенін білдіретіні атап өтілді.

Құрылыс қашан басталады?

АЭС Алматы облысындағы Үлкен ауылы маңында, Балқаш көлінің жағалауында салынбақ. Жоба бойынша дайындық жұмыстары бұған дейін басталған. Ал негізгі белсенді құрылыс жұмыстары 2027 жылы басталады деп жоспарланып отыр.

Қазақстан мен Ресей 2026 жылғы 28 мамырда АЭС жобасы бойынша үкіметаралық келісімге келген. Енді келісімшарт аясында жобаны іске асыруға қажетті рәсімдер мен Қазақстан Үкіметінің тиісті келісімдері жүргізіледі.

Қазақстандық компаниялар да қатысады

Жобада қазақстандық кәсіпорындар мен мамандарды барынша тартуға ерекше көңіл бөлінбек. Жергілікті тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің үлесін арттыру, жаңа өндірістер ашу және атом энергетикасы саласында отандық кадрлар даярлау көзделіп отыр.

Билік алғашқы АЭС елдің ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін күшейтіп, экономика мен өнеркәсіптің өсуіне байланысты электр энергиясына артып келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп есептейді.

Осылайша, алғашқы қазақстандық АЭС туралы бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан пікірталас енді нақты құрылыс жобасына айналып отыр.