Қазақ тарихында есімі белгілі болғанымен, ғылыми тұрғыда толық зерттелмеген, рөлі жан-жақты бағаланбаған тұлғалар бар. Мұның басты себебі – дереккөздердің аздығы. Кеңестік кезеңде архив құжаттарына қолжетімсіздік пен идеологиялық шектеулер тарихи зерттеулердің дамуына елеулі кедергі келтірді.

Нәтижесінде біз қазақ тарихындағы кейбір тұлғаларды ауызша тарих немесе шежірелерде сақталған материалдар арқылы танимыз: Бұл деректер халық жадын сақтағанымен; академиялық деңгейде жүйелі талдау жасалмағанын көрсетеді.
Сондықтан бүгінгі тарих ғылымының міндеті – осы тұлғалардың өмір жолын; қоғамдық қызметін және тарихи рөлін жаңа деректер мен әдістемелер арқылы қайта қарастыру.
Қазақ халқы өзінің дамуы барысында кез-келген басқа елдер сияқты басынан неше түрлі жағдайларды кешірді. Маңайындағы көршілес елдермен бейбіт өмір сүру үшін дипломатиялық қарым-қатынас орнатты, тәуелсіздігін және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әртүрлі соғыстарды басынан өткізді. Бүгінгі күнде жүргізілген зерттеулердің арқасында бұл жайында көптеген тарихи мәліметтер ашылуда. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қызметтің аса қажетті бағыттарының бірі болып табылатын Барлау қызметінің де тарихын зерттеуге қажеттілік туындады.
Осыған орай, «ҚР Сыртқы Барлау ардагерлер ұйымы» тарихтың ақтаңдақ болып тұрған осы тұсын зерттеу мақсатында өз алдына жеке дара және Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесіп ғылыми ізденістер жүргізді: Бұл жұмыстардың нәтижесінде жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерекше ерлігімен танылған батыр әрі би – Абылай ханның барлаушылар мыңдығын басқарған Сеңкібай батыр Оразғұлұлы (1709-1786) туралы тың мәліметтер анықталды. Ол Шұбартеңіз бен Бұланты өзендерінің бойындағы ойраттармен шайқастарда ерен ерлік көрсеткені белгілі болды. Сонымен қатар, батырдың Қарағанды облысы, Шет ауданы, Талды ауылы маңында жерленгені анықталды.
Осы деректерді тексеру және толықтыру мақсатында ардагерлер ұйымының бір топ мүшелері Сеңкібай батырдың мазарына арнайы барып қайтты. Астанадан барған делегацияны Талды ауылы әкімінің міндетін атқарушы Динара Рзаханова және ауылдың ақсақалдары Рахметолла Сарбасов пен Асылбек Мусин қарсы алып, тарихи орындарға апарды. Батырдың басына зиярат кезде Қарағанды қаласының тұрғыны, оның алтыншы ұрпағы, әрі мазардың шырақшысы Жұмажан Нұртайұлы Әлиманов делегациямен сұхбаттасып, Сеңкібай батырдың өмірі мен ерліктеріне қатысты қосымша деректер мен кітаптарды ұсынды. Бұл сапар нәтижесінде батырдың Абылай хан дәуіріндегі әскери-барлау қызметіндегі рөлі туралы жаңа мәліметтер мыңдығын басқарғаны туралы қосымша деректер алынды.

Бүгінгі күнге дейін Сеңкібай батыр Оразғұлұлының тақиясы, сауыты, кісені және қанжары сақталған. Әсіресе батырдың қасиетті сауытын алтыншы ұрпағы — Алматы облысы; Есік қаласында тұратын Ерлан Хәкімұлы Закишев өз қолында ұстап отыр.
Ерланның айтуынша, бұл жәдігер әкесі Хәкімнен қалған мұра. Сауыт ақ матаға ораулы күйінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа аман жеткен. Көлемі шамамен 56-58 өлшемді кеудешеге сәйкес келеді: алды тұйық, жағасы кең, жеңі шынтақтан жасалған, ұзындығы тізеге жуық. Атқа мінгеде екі қапталды толық жауып тұратындай етіп ойластырылған. Ең ғажабы, екі ғасырдан астам уақыт өтсе де, диаметрі бір сантиметрге жуық мыңдаған темір шығыршықтан құралған сауытты тот шалмаған. Шығыршықтар бір-біріне кигізіліп; пісіріліп тұйықталған; ал кейбірі дәнекерсіз ұсталғаны. Бұл шеберліктің ерекше үлгісі. Хакім Зәкішұлының айтуынша, сауыт қуғын-сүргін жылдарында ұрпақтары арасында сақталып, ақыры анасы Мәшімнің қолына түскен. Бүгінде немересі Ерланның қолында сақтаулы тұр.
Белгілі қарутанушы, академик Қалиолла Саматұлы Сеңкібай батырдың сақталған сауытын зерделеп, оның XIX ғасырға дейінгі кезеңде жасалғанын атап өтті. Ғалымның айтуынша, сауыттың шығыршықтары «шөже көз» деп аталатын үлгіде жасалған: Бұл атау шығыршықтардың ұсақ әрі тығыз байланысын білдіреді және қазақ қарутану дәстүрінде ерекше мәнге ие. Осы ғылыми тұжырым жәдігердің тарихи құндылығын арттырып, оның жасалу техникасы мен дәуірін нақтылауға мүмкіндік береді.

Сеңкібай Оразғұлұлы (1709-1786) – XVIII ғасырда қазақ жерін жоңғар шапқыншылығынан қорғаған атақты батырлардың бірі. Ол өмірінің қырық жылға жуығын ел тәуелсіздігі үшін күреске арнаған. Қиын кезеңдерде көрегендігімен, батырлығымен танылып, бейбіт уақытта әділдігі мен парасаттылығы үшін халқы оны «Би ата» деп атаған. Абылай хан Сеңкібайды «Ақиық сұңқарым» деп атаған екен. Ал Көкдауыл атты тұлпарын тізгіндеген батыр 1726 жылы небәрі 17 жасында Бөгенбай батырдың 10 мың қолына қосылып, Алакөл шайқасына аттанды. Кейін ол Нұрадан Алтайға дейінгі аралықта, Созақ, Сайрам, Ташкент және Түркістан жерлерін азат етуге қатысып, қазақ халқының бірлігі мен жер тұтастығын қорғауға үлес қосты.
Сеңкібай батыр атақты Бұқар жырау «Қазақтың қамал-қорғаны» деп атаған Қанжығалы Бөгенбай батырдың сенімді сардары болды. Алакөл, Бұланты, Аңырақай шайқастарында әскери өнерімен көзге түскен. Жарылғап, Жидебай, Байғозы сияқты батырлармен үзеңгілес жүрді. Бұқар жыраудың ықыласына бөленіп, ел бірлігін сақтауға еңбек етті.
Сеңкібай батыр туралы Бұқар жырау мен басқа ақындардың шығарған өлеңдері әлі күнге дейін сақталған. Сол кезде ел аузында айтылатын жыр жолдары оның барлаушыларды бастап, қараңғыда жол көрсетіп, жауға ойран салған ерлігін бейнелейді:
«Барлаушыларды жинап ап,
Қол бастаған Сеңкібай.
Перілеріне сыйынып,
Қараңғыда жол бастаған Сеңкібай,
Шуылдаған көп қалмаққа,

Ойран салған Сеңкібай…» Бұл сөздер үш ғасырға жуық уақыт бойы халық жадында сақталып келеді.
Сеңкібай батырдың тарихи тұлғасы мен қоғамдық қызметіне қатысты әр кезеңде бірқатар зерттеушілер мен қаламгерлер, сондай-ақ батырдың ұрпақтары қалам тербеген. Олардың қатарында Б. Мұстафин, Б. Тобаяқов, Қ. Мәкенбайұлы, Н. Төреқұлұлы, С. М. Сыздықов, К. Жүністегі және М. Ақыш сияқты авторлар бар. Бұл еңбектерде батырдың өмірі, шежіресі, әскери ерлігі, билік қызметі және тарихи мұрасы әртүрлі қырынан қарастырылған. Мәселен, тарихшы С.М. Сыздықовтың «Қарқаралы – Ұлы дала тарихында» атты жинағында Сарыарқа төрінде орналасқан Қарқаралы өңірінен шыққан тарихи тұлғалар қатарында Сеңкібай би туралы ел аузындағы аңыз-әңгімелер келтіріліп, оның ұрпақтары жайында мәлімет берілген. Халық арасында «Жақсы қара» атанған Қожас батырдың ұрпағы Бектастан Мойнақ, Бергөз, Оразғұл есімді балалар туғаны айтылады. Мойнақ жасынан ел арасындағы дау-шарларды шешуге араласып, би атанған. Ал Бергөз жас күнінен қару ұстап, қалмақтарға қарсы талай рет шайқастарға қатысқан.
Сеңкібайдың әкесі Оразғұл ел ішінде адамгершілігі мен қайырымдылығы мол, парасатты дәулет иесі болған. Халық оны «Ожан» деп атап кеткен. Қазіргі ұрпақтары да «Ожан балалары» деп аталады. Оразғұл ұзақ жасаған адам. Қазірге дейін ел арасында Ожаңның қайырымдылығы жайлы әңгімелер бүгінге дейін сақталған. Бұл деректер Б.Мұстафин, Б.Тобаяқовтың «Қарашор Сеңкібай батыр» атты мақаласында («Халық кеңесі» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің газеті // №126 (742) – 3 қыркүйек 1994 жыл) көрініс тапқан.
Батыр туралы бүгінге жеткен жырлардың бірінде:
Сеңкең Оразғұлдың бел баласы,
Ожаң деп атақ алған ер данасы.
Атасы Қожас батыр ел сыйлаған,
Бұлдағы шежіренің ең жаңасы (Б. Тобаяқов Сеңкібай батыр – би ата // «Орталық Қазақстан» Қарағанды облыстық қоғамдық-саяси газеті. №133-134 (20718) – 3 қыркүйек 2009 жыл) деп жырласа, Қаракесектің Қараш ордасынан, Қожас батырдың шөбересі Оразғұлұлы Сеңкібай батыр туралы төмендегі халық аузындағы ауызша тарих үлгілерінде:
Қарашорда Сеңкібай,
Әлтекеде Жидебай,
Тобықтыда Қараменде,
Кернейде Жарылғап, – деген жыр жолдары қалған (Жүністегі К. Шырағдан. – Алматы: «Ел-шежіре» ҚҚК, 2007. – 121-б. 312 бет).
Нұра даласында жоңғарларға қарсы жойқын шайқаста жиырма жасар Сеңкібай Қонтажының немересі Әмірсананың қалың қолының бір мыңдығын басқарған ноян Қоренмен жекпе-жекке шығады. Қара атандай ірі денелі, жау батырына қарсы шыққан Сеңкібай Көкдауыл тұлпарына қамшы басып, сол қолында найза, оң қолында бата алған батыр атасы Қожастың алып бүктемелі ақ семсерін жарқылдатып, құйғытқан беті жауға шүйіледі. Сеңкібай атын жұлдыздай ағызып, емен сапты найзасын ноян Қоренге ұсына беріп, оң қолындағы ақ семсерімен жаудың желке тұсынан жарқ еткен найзағайдай осып өтеді. Тегеурінді күшпен сілтенген семсер жау батырының басын жерге домалатып түсіреді (Б. Мұстафин, Б. Тобаяқов Қарашор Сеңкібай батыр. «Халық кеңесі» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің газеті // №126 (742) – 3 қыркүйек 1994 жыл).

Батыр әрі би Сеңкібай әділдігі мен данышпандық қасиеттерімен ел арасында шиеленіскен дауларды шешіп, халықтың алғысына бөленген. Сеңкібай батыр шешендігі мен данышпандық қасиеттерімен ел арасындағы шиеленіскен дауларды шешіп, халықтың алғысына бөленген. Оның біріне тоқталып өтсек. «Бір жолы Сеңкібай би жолдастарымен күн-түн қатып жоғалған жылқыларды іздеп жүріп, қалың жұрт жиналып жатқан бір ауылға атбасын тірейді. Жолаушылар жолыққан бір адамнан сұрастырып көрсе, бұл екі ел арасындағы ұзаққа созылған егеске бітім айтылатын жиын екен. Және де арнайы тігілген сегіз қанат үйде Бөгенбай батыр да бар екенін естиді. Аттарынан түсіп, үсті-басын қағынған жолдастарына Сеңкібай қарт батырға сәлем беріп шығайын деп үйге кіреді. Бөгенбай есіктен кіріп келе жатқан Сеңкібайды көре сала:
– О, Сеңкібай би келді, сапарың ақжолтай болғай. Жоғары шық, – деп қолын алып амандасқан соң, оған оң тізесінен орын ұсынады. Үй толы ақсақалдарға біраз бағдарлай көз жіберіп алған Бөгенбай оларға көтеріңкі үнмен:
– Мына келген кісі Қара-Шордың Сеңкібай деген биі. Бүгінгі жер даудың барлық шешіміне, бітіміне түгелдей сол иелік етсін, – дейді (Төреқұлұлы Н. Қазақтың 100 би-шешені / «Атамұра» сериясы / Алматы: Қазақстан, 1995. 385 бет 144-б.).
Кәсіби тұрғыдан алғанда, Сеңкібай батырдың барлаушылық қызметі туралы осы күнге дейін жеткен төмендегі әңгімелер дәлел бола алады. Сеңкібай батыр қатардағы барлаушыдан Абылай ханның барлаушылар мыңдығын басқаруға дейін өседі. Кейіннен ханның 10 қолбасшыларының бірі болады. Мысалы, 1729 жылы Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Аңырақай даласында жоңғарлардың қазақ жасақтарынан ойсырай жеңілген ұрыстарға қатысқан Сеңкібай батыр бастаған барлаушылар мыңдығы күндіз-түні майданның қызу ортасында болды. Небір ғажайып ерліктер жасады. Жау әскерінің ішкі-сыртқы сырларын айқын біліп, хан кеңесіне дәлме-дәл жеткізіп отырды. Соның нәтижесінде хан кеңесінде қабылданған шешімдер дұрыс бағыт алып, тарихқа белгілі Аңырақайдағы Ұлы жеңіске қазақ әскері ие болды.
Сеңкібай басқарған барлаушылар тобы Жоңғар қақпасының бергі түбінде қытайдың екі әскерінің қосылып, соғысқа дайындалып жатқаны туралы хабар әкеледі. Ертеңіне ірі қырғын ұрыс басталады. Үш күн бойы толассыз қантөгіс тоқтамайды. Абылай хан Тағанақ кеңесін шақырады. Онда қазақ елі Қытаймен соғыспайтын болып шешіледі. Екі ел арасындағы бітімге Абылай хан өзінің баласы Әділ бастаған елшілер тобын жібереді. Әділ елшілігін қорғау Сеңкібай батыр жасағына тапсырылады. Сонымен қатар Сеңкібай батыр көрші елдерге де барып келіссөздер жүргізуге де қатысқан. Оның ішінде, 1736 жылы Абылай ханның Орынборға патша әкімшілігімен кездесуге барған делегациясының ішінде Сеңкібай батырдың да болғанын Ресейдің дипломаты, генерал К.Тевкелев те өз еңбектерінде көрсеткен екен.
Айта кету керек, барлаушылар мыңдығына Төле би мен Қазыбек би, Бұқар жырау сияқты, басқа да маңызды кеңесші-тарихи тұлғалар орналасқан «Хан ордасын» күзету жұмысы тапсырылған. Кезекті жоңғарлар шабуылында Абылай хан Баян батырмен бірге соғысқа кетіп бара жатып, қоршауда қалған «Ханның ордасын» қауіпсіз жерге алып шығуды Сеңкібай бастаған барлаушылар мыңдығына тапсырады.
Сеңкібай «Хан ордасын» қараңғы түнде әртүрлі айла тәсілдерді қолданып, қоршаудан аман-сау шығарып, бейбіт жерге орналастырып, арнайы күзет қалдырып, Сеңкібай өзінің жасағымен соғысқа кетеді. Бұдан былай Сеңкібай ақиық қыран, көріпкелі бар киелі батыр атанып, ханның кеңесшісі дәрежесіне көтеріледі. Абылай хан Сеңкібай батырды сенімді серік жасайды. Бұқар жырау осы шайқас жөнінде Қытайдың архивінен табылған, бүгінгі күнге дейін жеткен өзінің жиырма тоғызыншы толғауында басқа батырлармен қатар Сеңкібай туралы да айтады.
Сонымен, Сеңкібай батырлық, өжеттігімен ғана даңқы шыққан батыр ғана емес, дау-дамайларға, айтыс-тартыстарға төрелік айтқан, елдің береке-бірлігін қамтамасыз етуде негізгі тірек бола білген айбарлы адам болған.
1957 жылы Сеңкібай бидің әкесі Оразғұлдың бірге туған үлкен ағасы Мойнақтан тарайтын ұрпағы Құдыс қарияның бастамасымен бабасының басына құлпытас қойылды. 1986 жылы Шет ауданының (бұрынғы атауы – РСХО) Талды ауылында қоғам қайраткері, жазушы, журналист әрі мәдениет саласының жанашыры Д.Смайылұлының бастауымен және Шет ауданы басшыларының бірі болған М.Абақанов, шырақшы Ж.Әлиманов, батыр ұрпақтарының ұйымдастыруымен батырдың дулығасы кескінінде күмбез орнатылды.
Бүгінгде Сеңкібай батырдың ұрпақтары бабаларының есімін ел есінде сақтау мақсатында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастыру, ас беру рәсімдерін өткізу, батырдың зиратына құрмет көрсету дәстүрін жалғастыруда.
Ұрпақтары Қарағанды, Ұлытау облыстарының Қарқаралы, Шет, Ақтоғай, Егіндібұлақ аудандарында тұрады. Сеңкібай Оразғұлұлының ұрпақтары арасында қазақтың көрнекті тұлғалары өсіп шыққаны белгілі. Батыр-бидің тікелей ұрпағы санатына Алаш қозғалысының қайраткері, тұңғыш қазақ профессор-математигі Әлімхан Ермеков пен қазақтың көрнекті ақыны Қасым Аманжолов бар. Бұл дәстүрдің елге қызмет ету, білім мен руханиятқа үлес қосу арқылы жалғасқанын көрсетеді.
Сеңкібай батырдың ерліктері мен қоғамдық қызметін зерттеп, есімін ұлықтауға, тарихи мұрасын насихаттауға елеулі үлес қосқан батырдың бесінші ұрпақтары Хәкім Зәкішевке, Төлеутай Шахарбаевқа, Қалкен Мәкенбайұлына, батырдың алтыншы ұрпақтары ол кісінің өмірін зерттеуші, кесененің шырақшысы Әлиманов Жұмажан Нұртайұлына, батырдың сауытын сақтап, ұстап отырған Зәкішев Хәкімұлы Ерланға, Талды ауылы әкімдігінің басшылары Алтын мен Динараға және ауылдың ақсақалдары Сарбасов Рахметолла мен Мусин Асылбекке, сондай-ақ осы игі іске қолдау көрсетіп жүрген Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, профессор З.Е. Қабылдиновке шынайы алғысымызды білдіреміз.
Сеңкібай Оразғұлұлының ерліктерін ескере отырып, батыр әрі шешен әрі би, халқының қамқоршысы, елінің қорғаны болған Сеңкібай батырды Қазақ барлауының негізін салушы тұлғалардың бірі ретінде танып, Барлау қызметінің тарихы бүгінгі күнде белгілі болған деректерге сәйкес 300 жыл бұрын бастау алған деп тұжырым жасауға болады.
Сондықтан болашақта жастарды отансүйгіштік рухында тәрбиелеу мақсатында Сеңкібай батырды алдыңғы қатарға қойып, даңқын көтеріп, оның өмірі мен мемлекеттік қызметін ғылыми тұрғыдан кешенді зерттеу жұмыстарын жалғастырып жүргізе беру керек деп ойлаймыз. Келешекте жас ғалымдарға батырдың өмір тарихы мен қызметіне арналған ғылыми тақырыптарды бекіту орынды болар еді. Қазақ мемлекеттілігі жолында күрес жүргізген қазақтың ержүрек батыры, Бөгенбай батырдың сенімді сардары әрі кеңесшісі болған Сеңкібай батырдың есімі лайықты тұғырдан орын алуы тиіс деп санаймыз.
Өміртай БІТІМОВ,
ҚР ҰҚК барлау қызметінің
бұрынғы директоры, генерал-майор

