Қырғызстан Қазақстанның жеңісін мойындады: медаль есебіндегі дау шешілді

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы медаль есебіне қатысты түсініспеушілікке нүкте қойылды. Қырғызстандағы ұйымдастырушылар жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы бірінші орын алғанын ресми түрде мәлімдеді.

Ойындар аяқталғаннан кейін жүлделерді санауда әртүрлі мәлімет тараған еді. Қазақстанның Спорт министрлігі ұлттық құрама 32 алтын медаль жеңіп алып, жалпы есепте бірінші орынға шыққанын хабарлаған.

Алайда Көшпенділер ойындарының ресми парақшасында жарияланған басқа кестеде Қырғызстанға 30 алтын, ал Қазақстанға 29 алтын медаль көрсетіліп, қазақстандық команда екінші орынға түсіп қалған. Бұл кесте бірнеше рет жарияланып, кейін өшірілген болатын.

Ұйымдастырушылар кейіннен айырмашылықтың техникалық қателіктен туындағанын түсіндірді. Алғашқы есеп кезінде Қазақстанның үш спортшысы жеңіп алған медальдар толық есепке алынбаған.

Қайта есептеуден кейін Қазақстан жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шықты.

«Осылайша, жалпыкомандалық есепте Қазақстан бірінші орын алды. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз!» – делінген ұйымдастырушылардың мәлімдемесінде.

Ұйымдастыру комитеті туындаған түсініспеушілік тек медальдарды есептеуге қатысты болғанын атап өтті. Ал жарыстар достық пен әділ спорттық бәсеке жағдайында өткен.

Осылайша, бірнеше рет өзгерген медаль кестесі мен бірінші орынға қатысты даудан кейін Қазақстанның VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы екені ресми түрде расталды.