Маңғыстауда 200-ден астам ер адамға «әйелдерге арналған» операция рәсімделген

ФОТО strategy.nobl.ru

Маңғыстау облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қаражатын заңсыз пайдалану дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу барысында 200-ден астам ер адамға шын мәнінде жасалмаған. Керсінше әйелдерге  арналған қымбат медициналық қызметтер рәсімделгені анықталған деп хабарлайды  Altyn-orda.kz

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдік екі жекеменшік медициналық ұйымның басшылығына қатысты.

Тергеу кезінде анықталғандай  , ер адамдарға қойылған «варикоцеле» диагнозының орнына құжаттарда әйелдерге арналған жоғары технологиялық операцияның коды көрсетілген. 

Соның нәтижесінде көрсетілген қызметтің құны бірнеше есе қымбаттап, мемлекетке келген шығын көлемі ұлғайған.

Алдын ала есеп бойынша, осы схема арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 221 миллион теңгеден астам қаржысына залал келтірілген.

Сонымен қатар тексеру барысында 19 адамның атынан медициналық қызмет рәсімделгенімен, олардың ешқашан аталған клиникаларға жүгінбегені белгілі болған.

Бұл – МӘМС жүйесінде анықталған алғашқы заңбұзушылық емес. Бұған дейін жалған пациенттерді тіркеу, ер адамдардың әйелдерге арналған скринингтен өтті деп көрсетілуі, балаларға бір күнде жүздеген дәрі-дәрмек жазу және қайтыс болған азаматтардың атына медициналық қызмет рәсімдеу сияқты фактілер анықталған болатын.

Осыған байланысты Үкімет МӘМС жүйесінің жұмысын күшейтіп, қор қызметіне бақылауды арттыру туралы шешім қабылдады.

Енді қордың қаржысының жұмсалу тиімділігіне Қаржы министрлігі бақылау жүргізетін болады.

Айта кетейік, 2026 жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіледі.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда жүйеде 16,9 миллион адам сақтандырылған болса, 3,5 миллионнан астам азамат әлі күнге дейін сақтандыру жүйесіне қосылмаған.