Маңғыстауда әскери оқу-жаттығу кезінде 9 сарбаз қаза тапты

Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығуы кезінде қайғылы оқиға болды деп хабарлайды  Altyn-orda.kz 

24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан теңізге 19 әскери қызметшіні алып кеткен.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, алдын ала ақпарат бойынша, олардың 9-ы қаза тапты. Үш әскери қызметші құтқарылған, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалған әскери қызметшілерді іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиға орнына Қорғаныс министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін Қорғаныс министрінің басшылығымен арнайы комиссия оқиға орнына аттанды. Сонымен қатар Үкіметтің шешімімен әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру үшін үкіметтік комиссия құрылды. Комиссияны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.

Қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз. Қорғаныс министрлігі қаза болғандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.