АЛТЫНОРДА
ӘлеуметҚазақстан жаңалықтары

Медиация – келісім алаңы

Медиация – келісім алаңы

Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен өтіп жатқан медиация институтын дәріптеу және дауларды шешу бойынша іс-шаралар кешенін өткізуге бағытталған жоба өз жалғасын тапты. Осы жоба аясында мегаполисте түрлі форматта іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Жоба жедел желі ашумен басталды. 8 705 984 15 59 нөміріне қоңырау шалу арқылы тұрғындар тегін консультациялық кеңестер ала алды. Телефон соққан адамдар журналға тіркеліп отырды. Жедел желі туралы хабарлама «Алматы ақшамы», «Вечерний Алматы» басылымдарында, интернет-порталдарда жарық көрді.

Қаладағы әр аудандық әкімдік жанынан дауларды шешу үшін, халыққа тегін білікті медиативтік көмектер ұйымдастырылды. Оған білікті, арнайы сертификациядан өткен медиаторлар тартылып, олар тұрғындар арасындағы түрлі дау-дамайларды шешуге үлес қосты.

Сонымен бірге 8 аудандық әкімдікте жергілікті қызметкерлер үшін семинар ұйымдастырлып, оған Татуластырушы судьялар, сот мамандары, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекторлар, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының, АХАЖ қызметкерлері, мектеп директорлары мен меңгерушілері, медициналық мекемелердің басшылары мен қызметкерлері, прокуратура, ІІД, саяси партиялар қоғамдық қабылдау бөлімдерінің қызметкерлері қатысты. «Парасат» орталығының медиатор-тренері Мұхтар Адаев жүргізген семинарға қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Медиация – келісім алаңы

Жоба қаладағы жоғары оқу орындарын да қамтыды. Медиатор Жанділда Жақыпов университеттер мен колледждерді аралап, студенттер мен оқытушыларға қонақ лекция ұйымдастырды.

Мемлекеттік және орыс тілдерінде арнайы бейнеролик дайындалып, ол «Алматы» телеарнасында, сонымен қатар әлеуметтік желілерде көрсетілді.

Жоба қорытындысы бойынша алдағы уақытта мемлекеттік органдар, соттар, бизнес, азаматтық сектор өкілдерінің басын қосып, «Қоғамдағы қақтығыстар мен жанжалдардың алдын алу және оларды медиация тәртібімен реттеу жолдары» атты конференция өтпек.