Отандық құрамаға Ресейден алдырған үш легионер Қазақстан азаматтығынан бас тартты
Prosports.kz порталы Ұлттық хоккей құрамасында болған Егор Петухов, Антон Сагадеев және Алексей Маклюковтің Ресей пайдасы жолында Қазақстан азаматтығынан бас тартқанын және ұлттық құрамадан шығатынын жазды. Бұл оқиғаға қатысты спорт журналисі Аслан Қаженов пікір білдірді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Сайттың хабарлауынша, Петухов «Барыс» құрамасымен қош айтысады. Маклюков болса Магнитогорскідегі «Металлургке» ауысады. Сағадеев «Сочиде» мансабын жалғастырады.
Ұлттық құрамаға «жұғымсыз болған» үштік Қазақстан азаматтығын алса да, Ресей азаматтығынан бас тартпаған. Олар ақыр соңында Қазақстан құрамасына қосылмауға шешім қабылдады. Олардың әрекеті ел құрамасының дайындығы мен бабында болуына нұқсан келтіріп, шығынға батырғанын айтқан спорт журналисі Аслан Қаженов былай деді:
— Көк паспорттан бас тартып жатыр… Отандых хоккей әбден былыққа батты. Күні кеше ұлттық құрамадағы үш бірдей спортшы Қазақстан азаматтығынан бас тартты. Ол — Алексей Маклюков. Ол — Егор Петухов. Ол — Антон Сагадеев. Тізім ары қарай да ұлғая түсуі мүмкін.Ең cорақысы — бұлар кезінде Ресейден алдырған легионерлер. Яғни, асты-үстіне түсіп, барлық жағдайын жасап, ұлттық құрамаға қостық. Ал, одан сайын ашындыратыны — Қазақстан азаматттығын алып тұрып, Ресей азаматтығынан бас тартпаған. Яғни, қолында 2 паспорты болды. Бұндайға бізде заң бойынша рұқсат жоқ. Ал, отандық хоккейдің бас-қасындағылар заңды «ұрғаны» бар.Қысқасы, үшеуі Ресейге кетті. Бір айдан кейін әлем чемпионаты өтеді. Яғни, осыларға қыруар қаржы шашып, азаматтық алып беріп, енді, міне, сол үмітті ақтайды деген кезде табанын жалтыратып тұр…Асхат Оралов, шұғыл түрде мына жағдайға араласып, мән-жайын біліңіз! Отандық хоккей неге іріп жатыр? Оларға бөлінген миллиардттар қайда? Конкретный аудит керек. Ана спортшылармен келісім қайда? Құжаттарды тексеру керек. Неге олар Қазақстанды «проходной двор» қылып жіберді? Нора келіп бір лақтырады, Антон келіп бір лақтырады. Қазақ халқы соншалық аңғал ма?!
Сонымен қатар, журналист ел қаржысын желге шашқан шетелдік легионерлерді алдыртудың орынды-орынсыз екеніне күман келтіреді..
— Қазір ұлттық құрамада жүрген басқа да шетелдіктерді де бір жақты қылу керек. Бізге Канада мен Ресей ойыншылары керек пе? Өзіміздің балаларды неге қатарға қоспаймыз? Мейлі жеңілсін. Бірақ, олар көк паспорттан бас тарта алмайды. Сондықтан, соңына дейін ойнайды. Намысқа тырысады. Қазақ балаларын көбірек қоссақ, тіптен, кәдімгідей серпіліс болар еді. Әрекет қылайық… — деді Қаженов.