«Сайлауда бәріне бірдей мүмкіндік берілді» — Тоқаев

Астанада өтіп жатқан ҚР Парламентінің бірінші сессиясы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс және мәслихат депутаттары сайлауының әділ өткенін мәлімдеді.

«Үгіт-насихат кезеңін және дауыс беру барысын ақпарат құралдары жан-жақты көрсетті. Партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. Мұны отандық және шетелдік байқаушылар да айтып отыр. Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ», – деді президент.

Мемлекет басшысы өзі ешбір партияның мүшесі емес екенін атап, облыс әкімдері де партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейтінін атап өтті.

“Жоғары лауазымды қызметкерлер партия тізімінде болған жоқ. Яғни, барлық партиялар сайлауға бірдей жағдайда қатысты. Сайлаушылар да, үміткерлер де айрықша белсенді болды. Саяси партиялар әр аймақта ел назарын өзіне аудару үшін тартысқа түсті. Бірнеше рет тікелей эфирде партиялар арасында қызу және тиімді пікірталас болды. Бұл – демократиялық қоғам үшін қалыпты үрдіс. Мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетті»”, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ ол ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанғанын айтты. 

«Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады. Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Яғни, Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды.

Сондай-ақ, ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат атанды. Бірқатар азамат партия атынан шыққан үміткерлерді тартысты бәсекеде жеңіп шықты. Осылайша, елімізде демократия дәстүрі жаңа деңгейге көтеріліп, нығая түсті. Саяси күштердің бәріне бірдей мүмкіндік берілетініне азаматтардың сенімі артты», — деді Президент. 

sn.kz  ақпараттық порталы