“Сержанттар ұрған”Ақтөбедегі әскери бөлімде сарбаздың анасы ұлы соққыға жығылғанын мәлімдеді

Ақтаудан әскерге шақырылған 18 жастағы сарбаз Ақтөбедегі Ұлттық ұланның №6655 әскери бөлімінде өзіне күш қолданылғанын мәлімдеді. Қазір ол ауруханада жатыр, ал оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды деп хабарлайды Altyn-orda.kz
Сарбаздың анасы Гүлдана Кетібаеваның айтуынша, оның ұлы Досымбет Еркебұлан биыл 3 шілдеде мерзімді әскери қызметке шақырылған.
4 қыркүйекте анасына ауруханадан хабарласып, ұлының бірнеше күннен бері медициналық мекемеде ем қабылдап жатқанын жеткізген. Алғашында сарбазды уролог тексерген, алайда талдаулардан инфекция анықталмаған. Кейін травматолог шақырылған.
Анасының айтуынша, дәрігермен сөйлескеннен кейін Досымбет әскери бөлімде өзін бірнеше рет ұрып-соққанын айтқан. Кейін полиция шақырылып, сарбаз арыз жазған.
Бейнебайланыс кезінде сарбаз өзіне аға сержант пен тағы екі сержант күш қолданғанын мәлімдеген.
Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады. Тергеуді Ішкі істер министрлігінің Батыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Ақтөбе бөлімі жүргізіп жатыр.
«Тергеу органдары болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Жан-жақты әрі объективті тексеру нәтижесінде оқиғаға құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады Ұлттық ұлан өкілдері.
Әскери бөлім өкілдері Досымбет Еркебұланның №6655 әскери бөлімінде қызмет ететінін және қазіргі уақытта ауруханада жатқанын растаған.
Оқиғаның нақты мән-жайы тергеу барысында анықталмақ.










