Тоқаев Тәуелсіздік сарайында Оман Сұлтанын қарсы алды

Тоқаев Тәуелсіздік сарайында Оман Сұлтанын қарсы алды
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидтың ресми кездесу рәсімі өтті. Оман Сұлтаны Қазақстанға Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен мемлекеттік сапармен келді.
Салтанатты рәсім барысында екі елдің басшылары ресми делегация мүшелерін бір-біріне таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт беріп, Президент оркестрі Қазақстан мен Оманның мемлекеттік әнұрандарын орындады.
Ресми қарсы алу рәсімінен кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Хайсам бен Тариқ Әл Саид келіссөздерге кірісті. Кездесулер барысында саяси диалогты нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланатыны хабарланды. Мемлекет басшыларының Қазақстан–Оман бизнес форумына қатысуы да жоспарланған.
Оман Сұлтаны Астанаға 5 қазанда келген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманды елорда әуежайында өзі қарсы алды. Қазақстан Әскери әуе күштерінің ұшақтары Оман Сұлтаны мінген бортты мемлекеттік шекарадан Астанаға дейін сүйемелдеген.
Фото: Ақорда










