Тоқаев ҰҚШҰ отырысына қатысу үшін Минск қаласына барды (видео)

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысу үшін Минск қаласына барды, деп хабарлайды Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында.

Айта кетейік, 23 қарашада Минскіде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтетінін, оған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысатынын хабарлаған едік. Жақында Армения премьер-министрі Никол Пашинян ҰҚШҰ сессиясына қатыспайтынын мәлімдеді. Кейінірек, ол өз елінің ұйымнан шығуы туралы әңгіме болмағанын, Арменияның келесі қадамдары туралы ойлану керектігін айтқан еді.

Еске салсақ, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) қызметі бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға, ұжымдық негізде мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғауға бағытталған. Бұл туралы ұйымның ресми сайтында хабарланды. ҰҚШҰ құрамына қазір Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді. 

 

kaz.nur.kz