«Төрт баламды түсінде көрген»: Филиппиндікке тұрмысқа шыққан қазақстандық блогер АҚШ-тағы өмірі туралы айтып берді

Әлеуметтік желіде “Жаным баклажаным” лақап атымен танымал блогер Айдын Тоқсанбаева Америкадағы өмірін айтып берді. Өзінің баласынан бөлек үш сәбиді бауырына басқан блогер жақында тұрмысқа шыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Шетелдегі қазақ балалары” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Блогер бірінші жолдасымен ажырасқаннан кейін, АҚШ-қа қоныс аударуға шешім қабылдайды. Содан кейін төрт ұлын жанына алып, Чикаго қаласына тұрақтайды. 

“Жолдасыммен ажырасқанда Асылжан ұлымыз болды. Одан кейін оның бауырларын бауырыма бастым. Мен бұл құпияны балалар үлкен болғанда айтамын деп ойладым, бірақ осы бағдарламадан кейін айтуға тура келіп тұр. Осы күнге дейін менің аузымнан “балаларды асырап алдым” деген сөз шыққан емес. Оқырмандарым өзі біліп қойды. Ол туралы айту да өте ауыр. Түрлері де ұқсамайды. Үшеуінің жылы қатар. 2018 жылы дүниеге келген. Оны жасыру мүмкін болмады. Тіпті ата-анама да қызың үйде отырып, туып отыр деген сөздер де айтылды. Оларға да ауыр тиді. “Асырап алдым” деп айту оңай, қабылдау қиын. Балаларыма өскен кезде айтқаннан гөрі, қазір айтқан дұрыс деп ойлап жүрмін. Бірақ қалай айтамын, білмеймін. Үшеуін биологиялық анасына көрсеттім. Олар қолдарына алып иіскеді, сүйді. Сосын маған аманаттады. Баланы көрсетпей, тығып ұстау мүмкін емес. Ең басында осы ой пайда болған кезде әкем қорықты. Ер адам қорқақ болады ғой. «Ертең дауысым қатты шығып кетсе, ол Алланың аманаты ғой» деп қорықты, бірақ анам екеуміз «ол сенің балаларың ғой, ұрсасың, ештеңе етпейді» дедік. Ал қазір әкем менімен балаларға таласып жүр», – деді ол. 

Алғашқы жолдасынан ажырасқаннан кейін, мүлдем тұрмысқа шықпаймын деп ойлаған, алайда екінші жолдасы шетелдік бола тұра, отбасын құруға шешім қабылдайды. 

«Жолдасыммен екі жаққа кеткен соң «Америкаға барып, ақша табайын, балаларымды ата-анама қалдырайын» деп ойладым. Сөйтіп, тәуекел етіп АҚШ-қа келдім. Бір күні қазіргі жолдасымен таныстым. Бір жылдай сырттай қарап жүрген азамат кездесуге шақырды. Кездесуде ол түсін баяндады. «Түсімде сені көрдім, жанымызда төрт ұл бала болды» деді. Мұны естіген соң сенер-сенбесімді білмей, «балаларым туралы қайдан білесің?» дедім. «Мен сенің бала-шағаң барын білмедім, расымен сенің төрт ұлың бар ма?» деді. Оның адалдығына көзім жетті. Бұл ғайыптан келген аян түс шығар…

«Осымен сөйлеспей-ақ қояйық, уақытым жоқ» деп Қазақстанға кетіп қалдым. Ол мені Дубайға шақырды. Дубайға барғанда «менің барлық ниетім шынайы, барлығын қабылдадым» деп сырға тақты. Төрт баламен Америкаға билетімізді алып беріп, осы үйді Дубайда отырып таңдады. Біз келем дегенше көлік сатып алды. Сөйтіп, бәрі ертегідегідей болды», – деді ол.

Еске салайық, былтыр блогердің ұлының көзіне отандық дәрігерлер қате ота жасап, шу болғанын жазған едік.