«Үстінен жаншып өткен»: Алматыдағы автобус апатынан көз жұмған азамат бүгін жер қойнына тапсырылды

Алматыда автобустардың жол апатынан көз жұмған Мұхит Исахановты туыстары бүгін жер қойнына тапсырды. Марқұмның жақындары 37 жастағы жігіт қайғылы оқиға болған сәтте 98-ші бағыттағы автобустың ішінде болғанын жеткізді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Алматыдағы жол апатынан көз жұмған Мұхит Исахановты бүгін туыстары мен достары ақтық сапарға шығарып салды. Айдың-күннің аманында атпалдай азаматтың мәңгілік мекенге аттанғаны тұтас әулеттің қабырғасын қайыстырған.

37 жастағы тепсе темір үзетін жігіт үйдің жалғыз асыраушысы екен. Оның артында анасы, жары мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды. «Баламның өлгеніне сенген жоқпын. Тергеуші хабарлап айтты. Қайта-қайта сұрадым. Ақыры, баламнан айырылып қалдым.

Негізі, мамандығы шофер ғой. Алдында Байсерке маршрутында істеді. Баламның артында екі баласы қалды. Оңай емес. Келінім қалды, жап-жас. Балам да жастай кетті», — дейді марқұмның анасы Қарлығаш Исаханова.

Марқұмның жақындары Мұхит қайғылы оқиға күні 98-ші автобустың ішінде болғанын жеткізді. Нақтырақ айтсақ, қоғамдық көліктің бағытымен танысу мақсатында «жүргізушінің жанында тұрған» дейді туыстары. Жолаушы тасымалдау ісінде ұзақ жыл тәжірибесі бар азамат «Сити бас» компаниясы сұраған қажет құжаттарды да жинап тапсыруға тиіс болған. Бірақ ол жүргізуші ретінде жұмысқа сол күйі орналаса алмай кетті.

«Абылайхан көшесімен көтерілген 98-ші автобустың ішінде болды. Алдыңғы жағында жүргізушінің қасында тұрған. Машина ұрылғанда, есіктен ұшып кеткен. Онымен қоса үстінен мыжып кеткен. Быт-шытын шығарған ғой… Несие төлеймін, қу дүниенің артынан тіршілік жасаймын деп барды ғой», — дейді марқұмның апасы Мөлдір Исаханова. Қос қоғамдық көлік соқтығысқан сәтте 98-ші автобустың есік-терезесінен үш адамның сыртқа қарай бірнеше метрге ұшып түскенін бейнебақылау камерасынан байқауға болады. Сол кезде жерге оңбай құлаған Мұхитты салмағы ондаған тонна 201-ші автобус жаншып өткен. Ал тасымалдаушы компания Мұхиттың өндірістік тәжірибеден өткенін растады.

Алайда «Сити бас» серіктестігі апат күні ол автобус паркіне келмегенін мәлімдеді. Жол апатын жан жақты зерттеп жатқан полиция нақты кімнің күдікке ілінгенін әлі айтқан жоқ. Тергеу әлі жалғасып жатыр.

kaz.nur.kz