АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Агент азғырған «ақылы қысқалар

Интернеттің қарқынды дамуымен қоғамымызда жаңа медиа дамыды, түрлі әлеуметтік желілер пайда болды. Ең алғаш қолданысқа енгендердің бірі агент болды. mail.ru агенті адамдардың ойына жеңіл түрде енді. Әркімнің жеке электронды почталары болып, өзара қарым-қатынасты оңай орнатты. Мұны адамдар дұрыс қабылдай алды ма? Қандай мақсатта қолданып, не нәтиже беріп жүр? Ал осы интернеттің кесірінен қоғамымызда біраз келеңсіздіктер болып жатқанын біреу білсе, біреу біле бермейді.
Айтар әңгімемізден бұрын жоғарыдағы интернет, агент және электронды почта деген ұғымдарға анықтама беріп алайық.
Интернет – деп отырғанымыз, компью­терлік серверлердің бүкіләлемдік желісі. Ин­тер­нетке қосылу мүмкіндігі болған жағдайда, білім беру мекемелері, мемлекеттік ұйымдар, коммерциялық кәсіпорындар және жеке адамдар сияқты миллиондаған қайнар көздерден ақпарат алуға болады. Интернет – кез келген компьютерлермен бүкіл әлем бойынша ақпарат алмасу мен беру мүмкіндігі, желілер жүйесі. Сондай-ақ, байланыс араларын өзара біріктіретін, тораптардың жиынтығы. Міне, интернеттің қысқаша анықтамасы осылай. Ал электронды почта немесе e-mail (electronic mail – электронды почта), адамдар арасындағы байланыс тәсілдерінің бірі болып табылады. Электронды почтаның Интернеттегі негізгі функциясы – планетаның қай нүктесінде болса да, Интернеттің кез келген екі пайдаланушысы арасында электронды хаттармен – мәтіндік хабарламамен оперативті және өте тез алмасуды жүзеге асыру. Электронды почтаның қосымша мүмкіндіктеріне мыналарды жатқызуға болады: дыбыстық ха­бар, құжаттарды, сызуларды, фотосуреттерді, бейнематериалдарды беру; ғылыми журналға, сирек кітаптарға, жарнамаға жету жәнә әр түрлі тауарларды жолдау немесе сату; сонымен қатар, ұжымдық іс-әрекеттерді программалық тұрғыдан қамтамасыз ету; мекемелер мен ұйымдарда құжат қолдану; ұжымдық жұмысты жоспарлау. Ал агент дегеніміз не? Ол неге жастарды жаулап барады? Компьютерді қойып, ұялы телефонға дейін еніп алған бұл байланыс құралының тиімділігі айтпаса да түсінікті. Алайда, 2003 жылы mail.ru компаниясының хабарласуға оңтайлы болу үшін ойлап тапқан байланыс құралы бүгінде жастардың іш пыстырмайтын ермегіне айналған тәрізді. Олай деуіміздің себебі, агентте әңгіме айт деп әңгіме іздеп, «не жаңалық» деп жаңалық сұрап, азаннан қара кешке дейін қара сөздің қаймағын сапырып отыратындардың қарасы көп қазір. Жастардың көбі агентпен «ауыратын» болды. Жастардың көбі дейміз-ау, отбасылы, балалы-шағалы болғандардың арасында да осы агенттің «арқасында» берекесі қашып жүргендер де бар.
Дамыған деген, интернет деген осы екен деп түсінген болар бәлкім, Алматы облысына қарасты Матай станциясының тұрғындарының арасында дау шықты. Аталмыш ауылда тұратын екі балалы келіншек агенттен «ғашығын» тауып, біраз уақыт сөйлесіп жүреді. Келіншектің өзі де сол станцияның қызы. Әлгі «ғашығы» өз жарына қарағанда табысты болса керек, «екі ұлыңмен де қабылдаймын» деп келіншекті азғырады. Ал «ақылы қысқа» бикеш екі баласын жетектеп, құдай қосқан қосағына тіл қатпай түнделетіп пойызға мінеді де кетеді. Матайлықтар таң атқан соң шуласады. Жарынан, екі баласынан бейбіт күнде айрылған азамат арттарынан барудан бас тартқан. Ең сорақысы, сол әлгі қабылдап алған «супер ғашығы» «Алаңдамаңдар, А. аман-есен маған келді» деп смс-хат жол­дайды ғой. Қарындастарының бұл қорлығына шыдамаған келіншектің туған ағалары оны үйге қайта әкеледі. Әрине, бұрынғы күйеуінің емес, өз үй­леріне. Намыс жіберсін бе…
Осыған ұқсас тағы бір оқиға Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында болған. Онда да осы агент үшін бір отбасының шаңырағы шайқалған. Отызында орда бұзар жігіт ағасы айрандай ұйыған отбасын бұзып, агенттегі арудың «Төлегеніне» айналған. Екі ұл, бір қызымен қалған келіншегі күйеуін емес, дамыған заманды, тозған қоғамды, озған интернетті қарғап-сілейді.
Таяқтың екі ұшы, таразының екі басы болатыны секілді, әр нәрсенің де жақсы және жаман жағы болады емес пе? Біз қа­зақтар неге тек жаман жағын қабылдайды екенбіз? Әлемде жетекші орынға ие боп, қарқынды дамып келе жатқан интернетті де жақсылыққа жарата алмай жүрміз-ау…

Ақбота Мұсабекқызы,
ХҚТУ-нің студенті
http://www.turkystan.kz