Алматыда №2 Алмалы аудандық сотында автотұрақта жанжал шығарып, оқ атқан Иван Хуторнойға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз хатшысы Қуандық Ешімет хабарлады.
Судья Иван Хуторнойды ҚР ҚК 293-бабының 3-тармағы бойынша (адам денсаулығына зақым келтіретін қару түрлерін пайдаланып бұзақылық жасау), ҚР ҚК 411-бабының 3-тармағы бойынша (жала жабу) айыпты деп тауып, 5 жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарды.
Осы уақыт аралығында ол құзырлы органдардың қатаң бақылауында болады. Жұмыс орны, оқуы, тұрғылықты мекенжайын өзгертетін жағдайда арнайы органдарға хабарлауға міндеттелді.
Еске салсақ, 14-наурызда Алматыда Иван Хуторной автотұрақ үшін ақы төлеуден бас тартып, ондағы қызметкермен жанжалдасып қалған. Арты төбелеске айналып, Toyota автокөлігінің жүргізушісі сол жерде тапаншадан оқ атқан еді.
Салдарынан 1995 жылы туған Алпамыс Сапахов аяғынан жараланды.
Кейін күдікті Иван Хуторной тергеушінің істі жабу үшін өзінен 15 мың АҚШ долларын талап еткендігін жария еткен болатын.
БАҚ беттерінде жарық көрген материалдан кейін Ішкі істер органдары ішкі тексеріс ұйымдастырып, лауазымды тұлғаға негізсіз жала жабылды деген қорытынды шығарды.
http://today.kz/