АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

БИЫЛ 42 ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛМАҚШЫ

ЮКОАймақта 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында еліміздің индустриялық қуатын арттыруға бағытталған, инновациялық әлеуетін жоғарылататын жалпы сомасы 43,2 млрд. теңге тұратын 42 жобаны  пайдалануға  беру жоспарлануда.  Бұл  нысандарда  4098 жаңа жұмыс орны ашылмақшы.  Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында құны 3 млрд. теңге тұратын 8 жоба пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл жобалар бойынша іске қосылған нысандарда 391 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл туралы бізге Оңтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы  Қанат Жамалбекұлы Сыздықов мәлімдеді.

Жоба дегеннен шығады. Облыста оларды талдап, таңдап, екшеп алатын арнайы құрылған комиссия бар. Облыстың экономикасын өрге сүйрейтін, халыққа қажетті, сұранысқа ие жобаларға ерекше назао аударылады.  Әсіресе, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорын ашқысы келетін кәсіпкерлердің тасы өрге домалайды. Шетелдерден тасымалданатын тауарлар мен өнімдерді шығарғысы келетіндер қолдауға ие болады.

Қ. Сыздықовтың сөзіне қарағанда, 2013 жылдың қаңтар-наурыз айларында жалпы сомасы 234 млн. теңгені 2 жоба іске қосылыпты. Оларда  62 адам  жұмыспен қамтамасыз етіліпті. Екі жоба да ауылшаруашылығы өнімдерін өндірумен, немесе оны өңдеумен айналысады. Мысалы, «Тұран» ЖШС тамшылап суару жүйесіне қажетті түрлі  бөлшектер шығаратын зауыт. Оны іске қосу үшін  125 млн. теңге инвестиция құйылыпты. Зауытта қазір 27 адам жұмыс істеп жүр екен. Ал екінші жоба Өсімдік майын шығаратын зауыт екен. Оны іске қосу үшін  109 млн. теңге инвестиция құйылған.  35 адам жұмыс істейді.

-Қалған 34 жоба 2013 жылдың 2-жартыжылдығында іске қосылады деп күтілуде. Бұл кәсіпорындарға 3707 адам жұмысқа орналасады,-дейді кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы.

Қанат Сыздықов басшылық жасайтын басқармада жұмыс қызып тұр. Олар жаңадан іске қосылатын нысандармен ғана жұмыс істемейді. Тоқтап тұрған кәсіпорындарды анықтап, олардың  жұмысты қайтадан бастап кетуіне аудандық және қалалық әкімдіктермен бірлесе отырып ықпал етеді, тіпті ұйытқы болады екен. Айталық, 2012 жылы тоқтап тұрған 15 кәсіпорынның 4-еуі тікелей осы басқарманың араласуының арқасында қайтадан іске қосылыпты. Олардың арасында Мақтаарал ауданындағы «Корпорация Евразия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де бар. Ол бұрын «Компания Джин-Текс» ЖШС-і деп аталатын. Сондай-ақ «Мақталы» ЖШС-нің кәсіпорындары да іске қосылыпты. Сөйтіп, олар  331,7 млн. теңгеге 11 мың 437 тонна мақта  талшығын өндіріпті. Бұл аудандағы жалпы өндірілген мақта  талшығының 21,7 пайызын құрайды. Ал бүкіл облыстағы мақта талшығының   13,9 пайызын қазір осы кәсіпорындар беріп отыр.

Сарыағаш ауданында «Адина и К» ЖШС-і бар. Осы  кәсіпорын да қайтадан іске қосылды.  2 млн. теңгеге әрқайсысы 1,5 литрлік  62,5 мың  бөтелке  минералды су шығарды. Бұл Сарыағаш ауданында шығарылған минералды сусынның 0,07 пайызын  құрайды.

Сайрам ауданында «Строительные технологии» деп аталатын ЖШС бар еді. Шикізат жеткізу мәселелерінен қиындық туындап, кәсіпкерлер қиналыңқырап қалыпты. Кәсіпорын шамалы уақыт тоқтап тұрыпты. Облыстық басқарма шикізат мәселесінің оң шешілуіне ықпал етті. Ресейден «гудрон» деп аталатын шикізат жеткізілді. Сөйтіп, зауыт қайтадан іске қосылған соң 180 тонна өнім шығарылды.

Қалған тоқтап тұрған кәсіпорындарды қайтадан іске қосу мәселесі бойынша аудан, қала әкімдіктері мен тоқтап тұрған кәсіпорындардың басшылары арасында екі жақты іс-шара жоспарлары бекітіліп, белгіленген жұмыстар атқарылуда. Бәрін облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, жергілікті әкімдіктермен бірлесіп үйлестіріп отыр.

Биылғы жылдың басындағы жағдай бойынша, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясындағы Индустрияландыру картасы шеңберінде Оңтүстік Қазақстан облысында жалпы сомасы 91,7 млрд. теңгені құрайтын 58 жоба іске  қосылды.  Оларда қазір 3,5 мың адам жұмыс істеп жүр.

Былтыр Индустрияландыру Картасы аясында құны 14,4 млрд. теңгеге жететін 29 инвестициялық жоба іске қосылған болатын. Бұл кәсіпорындарда 2216 жаңа жұмыс орындары ашылған еді.

Осыншама отбасының тұрмыстық, әлеуметтік жағдайлары жақсара түсті деген сөз.

-2010-2012 жылдары Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған кәсіпорындар тәп-тәуір жұмыс істеді. 2012 жылы 16,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде өнеркәсіп өнімі  15,8 млрд. теңгеден асып жығылды.  Бұл облыстағы өңдеу өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындарда шығарылған өнімдер көлемінің 5,4 пайызын құрайды,-деді басқарма бастығы Қанат Сыздықов.

Даму бар. Облыс экономикасының өсу қарқыны жақсы. Бұл біздің пікіріміз емес. Мамандар осындай баға беріп отыр.

Қуандық ОРАЗБЕКҰЛЫ

Оңтүстік Қазақстан облысы